Комиссияның кезекті отырысы: Әрбір норма анық, түсінікті болуы керек
Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның сегізінші отырысы өтіп, онда ҚР Бас прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев жаңа Конституция жобасындағы 18-бапты орыс тілінде нақтылай түсуді ұсынды. Конституцияның әрбір нормасы анық, түсінікті болуы керектігін, комиссияның орасан зор жұмыс атқарып жатқанын ерекше атап өтті.Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Конституцияның мәтіні аударма еместігіне тоқталды.
–Жаңа Конституция жобасының мемлекеттік тілдегі нұсқасы – бұл аударма емес. Қолдарыңыздағы қазіргі жоба – о бастан мемлекеттік тілдің мүддесі тұрғысынан жазылған жоба. Екіұшты мәселелер туындаған кезде әуелі қазақ тіліндегі нұсқа назарға алынып отыр, – деді.
Сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші жаңа Конституцияның жобасында ескірген, мағынасы өзгерген сөздер қайта қаралғанын айтты.
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков жаңа Конституцияда жоғары білімге қол жеткізудің қағидаттары нақты жазылу керек деген ұсынысын жеткізді. Сонымен бірге білім орындарын діни идеологиядан ажырату не үшін керек болғанын, білім беру жүйесі үшін мұның іргелі мәні бар екенін айтты.
– Университеттер мен мектептер ғылымның, білімнің және әрине, академиялық еркіндіктің кеңістігі болып қалу керек. Мұндай тәсіл студенттерді қорғайды, бейтарап білім ортасына сақтайды және идеологиялық қысымның қатерін төмендетеді, – деді ғалым.
Кезекті отырыста Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров Конституцияда «Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге» деп нақты бекіту бастамасын көтерді. М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университеті» АҚ басқарма төрағасы, Конституциялық комиссия мүшесі Талғат Нәрікбаев комиссияның Ата заңның қазақ тіліндегі мәтінін жетілдіру бағытында атқарған жұмыстарына тоқталды.
Конституциялық комиссия төрағасы Эльвира Әзімова Ата заңның жаңа редакциясы туралы азаматтардан түскен ұсыныстардың тағдыры не болғанын жиынтық кесте арқылы халыққа жеткізуді тапсырды.
Еске салсақ, аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Конституциялық комиссияның мүшесі ретінде комиссия отырыстарына, жекелеген жұмыс секцияларындағы талқылауларға қатысуда.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі








