Табиғатты қорғауда жастардың рөлі
Жасыл экономика және экологияға күтіммен қарау – әлемдік трендке айналған үрдіс. Мәселен, Еуропа елдері қоқысты түріне қарай іріктеп, электр қуатын үнемдейтін шамдарды пайдаланса, америкалық үкімет ауаны ластаушы кәсіпорындар мен өндірушілерге қатысты жазаны күшейткен. Бұл тұрғыда біздің мемлекет те қарап отырған жоқ. Жұртшылықтың бұл мәселеге назары ауып, табиғатты қорғайтын заңнамалар қабылданып жатыр.Қоғамдық бастамалардың жәрдемі тиіп, жастар жағы да бұл істің басы-қасында. Экологияны қорғауға бағытталған акциялар мен сенбіліктерді ұйымдастырумен қатар, жас буын табиғатқа пайдасын әкелетін жаңа технологиялардың әлеуетін паш етіп келеді.
Жастар – болашақтың көшбасшылары. Олар экологиялық білімнің арқасында жаһандық проблемаларды шешуге дайын, экологиялық таза технологияларды енгізетін және табиғатты қорғайтын қоғам құра алады. Сонымен қатар, жастар жаңа экологиялық бастамалар мен инновациялық шешімдер арқылы өз елдерінің экологиялық ахуалын жақсартуға ықпал етеді.
Бүгінгі таңда жастардың көп уақыты әлеуметтік желілерде өтеді. Экологиялық проблемалар туралы ақпаратты сол платформалар арқылы тарату тиімді әдіс болуы мүмкін. Экологияға арналған челлендждер, бейнероликтер, хабарландырулар жастардың назарын аударып, оларды экологиялық мәселелерге бей-жай қарамауға ынталандырады. Ата-аналар да экологиялық тәрбиеде маңызды рөл атқарады. Үйде қалдықтарды дұрыс сұрыптау, энергияны үнемдеу немесе жергілікті өнімдерді тұтыну секілді қарапайым әдеттер арқылы балаларға экологиялық жауапкершілікті үйретуге болады.
Экологиялық білімнің маңызы жөнінде тоқталып өтсек. Экологиялық білім беру – жастарды табиғатты қорғауға, экологиялық жауапкершілікті арттыруға және қоршаған ортаға құрметпен қарауға үйрету. Бұл тек мектеп немесе университет деңгейіндегі пән ғана емес, бүкіл қоғамның күнделікті өмірінде қолданылатын өмір салты болуы керек. Жастар табиғаттың бір бөлігі екенін түсінуі тиіс және олардың әрекеттері экожүйенің болашағына тікелей әсер етеді.
Экологияны сақтау – бүкіл адамзаттың міндеті. Алайда жастардың бұл жолдағы рөлі ерекше, себебі оларда энергия, сенім, жаңашылдық пен батылдық бар. Жастар табиғатпен үндестік тапқанда ғана Жер беті де тыныстайды.
Бір адамның әрекеті аз болып көрінуі мүмкін, бірақ миллиондаған жастар бірігіп әрекет етсе, әлем өзгеретіні сөзсіз. Табиғат – біздің ортақ үйіміз. Ал оны сақтау — ең алдымен жастардың болашақ алдындағы борышы.
Сөз соңында жастардың экологиялық білімін арттыру – қоғамның экологиялық болашағын қалыптастырудағы негізгі қадам. Экологиялық білім – бұл тек табиғатты қорғау ғана емес, сонымен бірге тұрақты даму мен салауатты өмір салтын қалыптастырудың құралы. Бүгінгі жастардың қоршаған ортаға деген көзқарасы ертеңгі әлемнің қандай болатынын анықтайды. Сондықтан олардың экологиялық жауапкершілігі мен біліміне инвестиция жасау – болашаққа салынған ең маңызды инвестициялардың бірі.
Нұрсәуле ҚАСЫМХАНОВА
Фото: ашық дереккөз









