2025 жыл – мәдениет пен руханият саласы үшін жетістіктер жылы болды
Өткен жылы аймақ басшысының қолдауымен құны 1,5 млрд теңгеге «Руханият орталығы» пайдалануға беріліп, бүгінде аға буын мен жастардың рухани орталығына айналды. Бұл туралы аудан әкімі Берік Сәрменбаев Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте баяндады.– Орталықта музей, кітапхана, архив, неке қию залдары, ардагерлер мен аналар кеңесі, жастар, этномәдени бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар толық жабдықталған жұмыс кабинеттерімен қамтылды. Өткен жылы қоғамдық маңызы бар мәдени іс-шараларға және қажетті материалдық-техникалық базаны нығайтуға аудандық бюджеттен 55 млн теңге қаржы бөлінді. Ағартушы, ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы, айтыскер ақын Ұлбике Жанкелдіқызының 200 жылдығы, Қызылорда қаласының Қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл толуы мерейтойына орай ауданымызда ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды.
Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған облыстық өнер байқауында сырдариялық өнерпаздар бірінші орынды жеңіп алып, аудан мерейі үстем болды. Ұрпақтар сабақтастығы, еңбектің қадірі және отбасылық құндылықтарды дәріптеуге байланысты жыл сайын өткізілетін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында Шіркейлі ауылынан қатысқан Әбсадықовтар отбасы облыста және республикада жеңімпаз атанып, ел мақтанышына айналды. «Халықаралық би байқауы» жобасы аясында Алматы қаласында өткізілген халықаралық бишілер конкурсында аудандық мәдениет үйінің «Балауса» халықтық би ансамблі бас жүлдені иеленді, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
2025 жылы ауданның мәдениет мекемелері 1423 мәдени іс-шара ұйымдастырып, аудан өнерпаздары 98 байқауда 218 жүлделі орын иеленді.










