Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Білім мен өлеңді қатар өрген азамат

Білім мен өлеңді қатар өрген азамат

Біз білетін Шегебай Бәшенов – ағартушылық саланың белді өкілі. Көлемі жағынан аудандағы Тереңөзектен кейінгі екінші орын алатын Шаған елді мекеніндегі білім ошағында оқушыларға талай жыл тарих пәнінен сабақ берді. Мақаламызға арқау болып отырған білім саласының ардагері Шегебай Бәшеновтің жақында «Өмір – өзен» тақырыбындағы кітабы жарыққа шығып, оның тұсаукесер рәсімі Мұстақым Ықсанов атындағы Қызылорда техникалық-IT жоғары колледжінде өткізілді.

Өлеңмен өмірін өрнектеген ақын-педагог кітабының тұсаукесер рәсіміне облыстық білім саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы Ғалым Бекенов, білім саласының ардагері Гүлзия Оспанова, облыстық іскер әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Райкүл Байназарова, Қызылорда қалалық білім саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы Мылтықбай Бәйімбетов, еңбек арда­герлері Оразбай Қосанов, Ерданбек Мұханов, Рәзия Қалжанова, аудандық білім саласы қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Алмас Есназар, мәдениет және білім саласында қажырлы еңбек еткен ардагерлер Жантемір Айсин, Сансызбай Сәдуақасұлы, Баян Сүюбаева, спорт саласының ардагері Бақыт Мекебаев, №37 мектеп-лицей­дің директоры Ғалия Жаңабаева қатыс­ты.

Тағылымы мол іс-шараның бас­ты кейіпкері – өткен ғасырдан бері ағартушылық салада табанды еңбегімен танылған ауыл мұғалімі. Бала санасына ізгілік пен ізеттілікті, құндылығы жоғары тәрбиені сіңіре білген ардақты азамат бүгінде 74 жастың белесін бағындырып отыр. Адамға рухани серпіліс сыйлаған кеште ел ағалары кітаптың тұсауын кесті. Өз кезегінде автор жиналған қауымға ақжарма тілегін жеткізді.
– Ұстаздың орны – қашанда төр. Тынымсыз еңбегімен көпшілікке танылып, халық баласын сауаттандыра білген ұлағатты ұстазды ауылдастары бүгін төрге шығарып отыр. Оның өлеңдері шығармашылықтағы өзіндік толқынысын, ойын, табиғатын аңғартады. Толастамайтын ақпарат айды­нында өмір сүріп жатып, кітап жазу – қиынның қиыны. Біз әріптестері Шегебайдың өмір жолын жақсы білеміз. Бүгінгі кеште замандастарынан кітап авторы жөнінде мән-мағынасы зор әңгі­мелер еститініміз анық. Себебі ол – бар мақтауға лайық, – деді облыстық білім саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы Ғалым Бекенов.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйре­ту­ден балаға» демекші, Шегебай Бәшенов тарих пәніне жас күнінен қызықты. Әлем және еліміздің тарихын тереңнен танып, шәкірттерінің таным көкжиегін кеңейте білді. Бұл ретте аудандық білім саласы қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Алмас Есназар сөз сөйлеп, ел ағасына құт­тықтау лебізін жеткізді.



– Негізінен, Аманкелді кеңшарында дүниеге келіп, Шаған ауылында қыз­меттік жолын қалыптастырған білім са­ласының майталманы хақында көп дүние айтуға болады. Елу жылға жуық уақытта білім саласының дамуы­на өзіндік үлесін қосты. Жауапты кезең­дерде өз бағытынан айныған емес. Өзіндік бітім-болмысы арқылы ұстаздың қандай болу керектігін көр­сетті. Қай кезде де білім саласының ардагеріне деген құрметіміз ерекше. Мектеп қабырғасында жүріп, орыс тілі мен әдебиеті және тарих пәнін же­тік меңгергенін аңғарта алды. Тәлімі бөлек ұстаздың өмір жолы – өнеге, – деді Алмас Есназар.

Айта кетейік, Шегебай Бәшенов зейнет демалысына шыққанша мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарды. Бір жылдары аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің штаттан тыс тілшісі атанып, тұрақты түрде басылым бе­тіне өлең, мақала жазып тұрды. Прези­денттің, министрдің жоғары марапатына қол жеткізген сала майталманы – «Ауылым әнім Ақ Шаған», «Артымда қызғалдақ шақ, алда сағым» өлеңдер жинағының авторы.

– Бүгін менің төбем көкке бір елі жетпей тұрғанын барлық адам жақсы біледі. Алғаш қолыма 192 беттен тұратын кітабымды алғанымда менен асқан бақытты адам болмады. Өлең жазу – үлкен жауапкершілікті жүктейді. Бұрын қызметпен бірге шығар­машылықты қатар алып жүру қиындық тудыратын. Ал қазір бос уақытымның көбісін өлең жазуға арнаймын. Мені құрметтеп жатқан барлық жанға шынайы алғысымды айтамын, – деді Шегебай Бәшенов.

Танымы бөлек кеш барысында құр­метті қонақтар жылы лебіздерін білдіріп, ұстанымы бөлек ұстаз жөнінде барынша ой өрбітті. Өз кезегінде ұзақ жыл бойы Шегабай Бәшеновпен қызметтес, үзеңгілес болған Жантемір Айсин, Сансызбай Сәдуақасұлы, Бақыт Мекебаев сөз алып, оның білім саласында жасаған тәжірибелерін, бір кітапқа жүк болатын еңбегін, жұмыс барысындағы тазалығын, ұрпақтар сабақ­тастығын жалғастырып, ата-ана жолын қуғандығы тілге тиек етті. Білім саласындағы кез келген реформаға уақытында бейімделіп, шәкірт тәр­биесіне тікелей атсалысқаны қалыс қалмады. Оның өнерге жақындығын, әскер қатарында жүріп, басылым бет­теріне орыс тілінде өлең жаз­ғандығын айтты. Кітабының құрылымы бойынша пікір білдірді.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
27 қаңтар 2026 ж. 257 0