Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№4 газет

17 қаңтар 2026 ж.

№3 газет

13 қаңтар 2026 ж.

№2 газет

10 қаңтар 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Ән – кейіпкер, өмір – сюжет

Ән – кейіпкер, өмір – сюжет

«Бақыт құшағында» – Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналып түсірілген фильм. Үлкен экранға шыққан туынды мюзикл жанрына негізделген. Әнмен өрілген, құны жоғары киноның бас продюсері әрі режиссері – New York Film Academy түлегі Санат Шапашов.

Шапашовтың шеберлігін көрер­менін бір жарым сағаттан аса уақыт теледидар алдына телміртіп қой­ғанынан байқауға болады. Кәсіби деңгейі жоғары актерлер құрамы жа­сақ­талған киноның мазмұнына тереңнен үңілген жөн. Арыс қаласынан келген жас жігіт Бақыт Астанадағы танымал компанияға жұмысқа тұру үшін түйіндеме тастайды. Басшылықпен сөй­лесуге бара жатқанда жолда көлігі бұзылған бойжеткенге көмектеседі. Аз ғана уақытқа кешігіп барған оны компания жұмысқа қабылдамай қояды. Ең қызығы – оның орнына өзінің көмегі тиген қыз қабылданады. Әнім есімді басты кейіпкер бірте-бірте ауылдан келген жігіттің сүйіктісіне айналады. Ақырында компания басшысының көмек­шісіне айналған Бақыт пен Әнімнің махаббат хикаясының орындалуына компания басшысы кедергі болады.

Күнделікті ойын-сауықтан қолы босамайтын басшы көмекшісіне жаңа қызмет ұсынып, қайырымдылық қоры­на жетекшілік етуді бұйырады. Қарт анасы мен сырқат інісіне қаражат іздеген ауылдың жігіті қор­дың жұмысын ұршықша иіріп әкетеді. Қулық-сұмдықтан ада Бақыт арқылы компания басшысы қор есебінен мил­лиондаған қаржыны жым­қыру­ды мақсат тұтады. Әр күні бір нақсүйерімен көңіл көтеретін Әлібек Әнімді өзіне қаратуға тырысады. Артық байлық пен мансаптың соңынан кеткен Бақыт Әнімнің сеніміне ие бола алмай, қыздың басқа жігітке тұрмысқа шығуына себепкер атанады. Бірақ соңында көңілі жараспаған күйеу жігітінен қашып шыққан Әнім Бақытпен қосылады.

Кинода нағыз адал достықтың көрінісін байқаймыз. Қиналғанда қол­ұшын созатын адал достар жақсы­лықтың қайтарымын сұрамайды. Қос ғашықты қосуға барын салады. Белгілі әртістер Азамат Сатыбалды, Әлия Әнуар­бек, Даурен Серғазин секілді өнер иелері киноның табиғатын барынша сезіне білді. Шындығында, киноға түсу үшін ауқымды кастинг өткізілген. Екі мыңға жуық бишінің ішінен 50 өнерпаз таңдалып алынған. Режиссердің мюзикл жанрындағы дебюті – джукбокс ретінде қарастырылған. Бұл – танымал әндерді пайдалана отырып түсірілген музыкалық фильм дегенді білдіреді. Астана қаласының айшықты жерлерін көрсететін киноны түсіру барысында Шәмші Қалдаяқовтың 13 әні симфониялық оркестрдің сүйе­мелдеуімен жазылып, саундтрек ретін­де ұсынылған.

Шығармашылық топтың құрамында талантты сазгердің ұлы мен келіні Мұхтар Қалдаяқов пен Ботакөз Қалдаяқова болған. Жалпы, Шәмшінің орны ерекше 300-ге жуық әні бар. Ол – 1965 жылы Қазақстан Комсомол сыйлығын алса, алғаш тәуелсіздік жарияланған уақытта ҚР халық әртісі атанды. Айта кетейік, 1992 жылдан бері сазгерлер мен әншілер арасында Қалдаяқов атындағы халықаралық байқау-фестиваль дәстүрлі түрде өткі­зіліп тұрады. Ерекше жанрда түсі­рілген кино көрермен көзайымына айналғанына кәміл сенеміз.

Балтабай Ордабеков 

17 қаңтар 2026 ж. 503 0