Еңбек адамы – қоғам тірегі
Ауыл шаруашылығы саласы – ел экономикасының күретамыры. Осы салаға өмірінің қырық жылдан аса уақытын арнаған еңбек адамдарының бірі – Сәуле Шакенова. Қарапайым еңбек адамы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңына келіп, саладағы көпжылдық тәжірибесімен бөлісті.- Мен «Абай-Дәулет» ЖШС-інде зертхана меңгерушісі болып жұмыс істеймін. Менің еңбек жолымды бастағаныма 40 жылдан аса уақыт болды, осы уақыттан бері осы күріш саласында үздіксіз жұмыс істеп келе жатырмын. Наурыз айында зейнет демалысына шығуды жоспарлап отырмын. Біздің шаруашылық күріш өсірумен, өндірумен, мал шаруашылығы мен ас тұзын өндірумен айналысады. Басты мақсатымыз – сапалы өнім шығару. Компаниямыздың өнімдеріне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Соның нәтижесінде Мемлекет басшысының «Алтын сапа», «Парыз» сыйлықтарының иегері атандық. Бұл жетістіктердің барлығы ұжымда еңбек етіп жүрген әрбір қызметкердің адал еңбегінің жемісі деп білемін,- деді Сәуле Шакенова.










