Індет дендемесін десек...
Сыбайлас жемқорлық туралы мектеп жасынан бастап түсінік қалыптастырсақ, болашағымыздың жарқын болары сөзсіз. Біз мектепте оқығанда мүлдем сыбайлас жемқорлық түсінігі болмады. Ал қазіргі кездегі атқарылып жатқан жұмыстардың аясында мектеп жасындағы оқушыларда сыбайлас жемқорлық түсінігін қалыптастырған.Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы оқушылар арасында эссе жазу, сурет салу т.б іс-шараларда оқушылар өз ойларын ашық айтып, жемқорлықпен күресті мектептен бастау керектігін тілге тиек етіп жүр. Осы орайда 2000 жылы мектеп бітірген кездегі бір жағдай есіме түсіп отыр. Сол уақыттарда ауқатты өмір сүретін адамдардың балалары қызыл дипломға үміткер ретінде танылып, лайықты болмаса да 9 сыныптағы журналдар қайта көшіріліп, бағаларын өзгертіп, қызыл аттестат алды. Ал, оның қасында жағдайы төмендеу, қарапайым отбасының қызы бірақ өте жақсы оқитын бір оқушы іліге алмай қалып, қызыл аттестат алмады. Нағыз қызыл аттестатқа лайықтылар Ұлттық біріңғай тестілеу кезінде айқын болды. Жоғарыда баяндаған қызыл аттестатқа іліге алмай қалған оқушы қыз өз білімін дәлелдеп, грант иегері атанды, ал, қызыл аттестат алғандар тестілеуден құлап қалды. Міне, нағыз сыбайластық осы жерде айқын көрініп тұр. Сыбайлас жемқорлық тек пара алу мен пара берумен шектелмейді.
Жүйелі түрде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары жүргізіліп жатса да, жемқорлық сипатындағы қылмыс азаймай тұр.
Осының негізінде Ел Президенті Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі шаралар қабылдады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабы 5) тармақшасына сәйкес, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін жаңғырту және арттыру мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосу арқылы Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) қайта ұйымдастырды.
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жем қорлыққа қарсы қызметтің) сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру мен іске асыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы үйлестіру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды барынша азайту, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне берілді.
Бұдан бөлек «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, заң талаптарын күшейтіп те қойды.
Сыбайлас жемқорлықта тек пара алушы ғана емес, пара беруші де тікелей кінәлі. Кей жағдайларда пара алуға итермелеу фактілер де орын алып жатады. Қандай жағдай болмасын жауапты мемлекеттiк лауазымды атқаратын адам өз міндетін адал әрі қалтқысыз атқаруы қажет.
Мемлекеттік мекемеде өз міндеттерімді атқару барысында барынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстарды жүйелі түрде атқарып, түрлі форматта кеңінен насихаттау жұмыстарын жүргізіп келемін. Оның бір айғағы 2024 жылы Сырдария аудандық мәдениет үйінің қызметкерлерімен медицина саласындағы сыбайлас жемқорлық сипатындағы алғаш рет сахналық қойылымның қойылуы. Сахналық қойылымда сабаққа қатыспай диплом алған дәрігер мен сабаққа қатысып, әбден білімін жетілдірген жас мамандардың жағдайлары баяндалды.
Сабаққа қатыспай диплом алған дәрігердің ауруханасына тазалықшы болып орналасқан дәрігер ота жасау барысында өз білімін көрсетеді. Бір адамның өмірін сақтауға білімі жетпеген дәрігер сол кезде оқымай диплом алғанына қатты өкініп, тазалықшы науқастың тірі қалуына себепкер болады. Бұл қойылым мектеп жасында жас өрендерге, Қазақстанның болашағы жастарға үлкен сабақ болды.
Міне, осындай іс-шаралардың арқасында біз жемқорлықтың жолын кесуге, болдырмауға өз үлесімізді қосатын болсақ, үлкен нәтижеге жетеріміз сөзсіз.
Тұрғындарға үнпарақтар тарату, әлеуметтік желілерде видеороликтер мен мақалалар жариялау, бильбордтар ілу сияқты жұмыстар өз нәтижесін береді.
Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны анық.
Жадыра БАҒДАТҚЫЗЫ
Фото: Ашық дереккөзден










