Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өзің үшін өмір сүр!

Өзің үшін өмір сүр!

Міне, мен 50 жастамын. Жарты ғасырлық өмірді сүріп, өткен өміріме көз тастап, ойлануға тура келді. Шын мәнінде, өзімді қарттық кезеңге жеткендей сезіндім, алайда зейнетке шығуға әлі біраз жыл бар емес пе? Бұл қалай? Өмірімнің ең керемет шағы өтіп кеткені, осы уақытқа дейін сеніп келгенім шын мәнінде сағымға айналғаны ма? Сұрақ көп, оның жауабын да табатын өзің.

Балалар дейсіз бе? Олардың өз өмірі бар.

Денсаулық? Оны сөз етсең, тура тесік шелектен су аққандай тез таусылып баратқандай.

Мемлекет? Жаңалықтағы сандар мен уәделер ғана.

Бұл жас өмірдің көбі кеткенін білдірсе, қарттыққа аяқ басқаның ба сонда? Иә, қарттық ешкімді аямайды. Қарттық ең ауыр жеріңе – үмітке соққы береді. Сондықтан мен қатты әрі ащы да болса, бірақ өзіңді құт­қаратын қорытындыға келдім. Бұл жас өмірде жалғыз қалғандай сезіндіреді екен. Отбасың, балаларың бар емес пе дейтіндерге, айтарым, жалғыздықтан отбасы мүшелері, балалар құтқармайды.

Біз: «Балаларымызды өсірсек, қарттық шақта бақытты боламыз. Олар біздің жанымызда болады, қолдау көрсетеді» дегенге сеніп келдік. Санамызды соған үйреттік. Былайынша бұл тұжырым құлаққа жағымды естілетіні даусыз. Бірақ шын мәнінде олай емес.

Балалардың өз өмірі бар. Жұмыс, несие, өз балалары, тірлігі. Ал сен олардан көп нәрсе күтесің. Қарапайым мысал, сіз үшін олар соққан қоңырау мерекеге айналады. Телефон апталап үндемейді, кейін қысқа ғана хабарлама келеді: «Сәлем, мама. Бәрі жақсы» деген. Телефон экранындағы осы қысқа сөзге қарап қуанасың, бәрі аман, барлығы жақсы болғанына. Бұдан бәрібір ішіңдегі жалғыздықтың орны толмайды екен. Осыдан кейін мына нәрсені түсіндім. Балалар жалғыздықтан сақтандырмайды. Олар – қуаныш, бірақ тіреуішің емес.


Денсаулық – мәңгілік емес. Бұрын шақырған жерге алып ұшып жетіп барсаң, қазір ондай құлшыныс жоқ. Денсаулығың жарамайды. Содан соң санаңа денсаулық ең басты байлығың екені келеді.

Зейнетақы мен ақша. Бойыңда қуатың кемігенімен, зейнетке шығуға әлі уақыт бар. Бірақ зейнеткерлерді көріп жүрміз. Жағдайлары мәз емес. Алып отырған зейнетақыларына қарап, өмір емес, мазақ деп ойлайсың. Сондықтан мемлекетке сенсең алдағы өміріңнің тоз-тоз шығары анық. Осы уақытқа дейін мен мемлекетке сеніп келдім. Бекер екен. Оның берген ақшасы үйдің коммуналкасы мен дәріге ғана жетеді. Ал басқа шығындар ол өзіңнің немен айналысқанына байланысты өтеледі, әрі қарай тырмысып, әупірімдеп өмір сүруің керек.
Жақсы өмір сүрудің қандай ережесі бар?

Бұрынғы сенімдерім еш кеткенде жаңасын іздеуге тура келді. Өзіме қатты болса да әділ ережені ұстануыма тура келді. Ереже ертегі емес, шынайылық туралы.

Өмірдің қатаң бес ережесі:
1-ереже.

Балалардан гөрі ақша сенімдірек. Ренжімеңіздер, бірақ бұл шындық. Балалар – ол сенің қуанышың, махаббатың, бірақ зейнетақы қоры емес.
Бұдан шығатын қорытынды: өзіңе сен, өзіңе жина. Жұмыс істе, ақша жина, өзіңді ойла. Өзіңде «қауіпсіздік қамбасы» болуы керек. Мейлі ол шағын болса да, бұл сенің еркіндігің.

2-ереже.

Денсаулық – сенің басты жұмысың. Қалғанның барлығы бос әңгіме. Орныңнан әрең тұратын болсаң, таңертеңгі жаттығу жасаудан баста, бассейнге жиі бар. Таңертең он рет отырып-тұру, жай жүру, тұз бен қанттың мөлшерін азайту секілді қарапайым ережені ұстан, бұл түптің түбінде өте жақсы көмектесетін әрекет. Ауру сізден байсыз ба, әлде кедейсіз бе деп сұрамайды. Бірақ ауру өзінің денсаулығын күткен адамнан алыс жүреді. Сіздің барыңыз ол – денсаулық.

3-ереже.

Қуануды өзің үйрен. Күту – ең қауіпті жау. Қоңырау, сыйлық, сізге біреудің назар аударғанын күту, оларды күткен сайын керісінше болады, көңіліңіз қалады. Бақытты өзіңе өзің сыйлауың керек. Аз-аздан болса да. Мәселен, дәмді кешкі ас, кітап оқу, әсем музыка тыңдау. Қуана білу – үмітсіздіктің дәрумені.

4-ереже.

Қарттық – әлсіз болуға себеп емес.
Талай қарт кісілер, тіпті менімен құрдас адамдардың мазасыз күй кешіп, болмашы нәрсені уайым­дап, ананы-мынаны сылтауратып, «ана жерім ауырады, мына жерім ауырады, көмектесіңдер, ауруы­ма, жетістікке жетпеуіме айналамдағылардың бар­лығы кінәлі» деп айтады. Білесіздер ме, соңында не болатынын? Мұндайда сізден ең жақын адамдардың өзі қашып, безіп кетеді. Әлсіздік аяушылық тудырмайды. Ол жиіркенуге, тітіркенуге әкеледі. Адамдар қиындыққа қарсы тұра алатындарды құрметтейді.

5-ереже.

Өткенді ұмытып, бүгінгімен өмір сүр.
Ең қауіпті тұзақ – бітпейтін «бұрын олай бол­маған» деген сөз. Бұрын шөптің өзі жап-жасыл, балалар мойынсұнғыш, жеміс дәмдірек еді. Бірақ қазір «бұрын» емес, тек «бүгін» бар. Сон­дықтан осы жасқа келгенімде өткенді жүрегімде ұстамауды үйренудемін. Өмір бұрынғыдай болады деп күтпеймін. Өмір қазір басқаша. Менің міндетім осы өмірді сүру. Еркіндік пен күш өзіңнің қолыңда. Үлкендік, менің жағдайымда есею – бұл емтихан. Сен үшін оны ешкім тапсырып бермейді. Сен өмірді осындай қалпында қабылдайсың, яғни жаңа ережені құрасың немесе үйіңде жұмсақ диванда жатып, шағымданасың, болмайтынды күтесің, кім келіп сенің өміріңді жақсартады деп. Алайда ол тек қиял екенін ақырына жеткенде ғана түсінесің.

Бибісара ЖАНӘЛІ
22 қараша 2025 ж. 21 0