Өңір дамуын жоғары бағалады
Бүгінде Қызылорда облысы жан-жақты даму үстінде. Өңіріміздің әл-ауқаты артып, республика көлемінде үлгілі облысқа айналып келеді. Бұл ретте өзге өңірлерден келген қонақтарға облыста атқарылған жұмыстар үлгі болып, тәжірибе алмасу орталығына айналып келеді.Жақында Жамбыл облысының делегациясы Сыр өңіріне ат басын бұрып, елдегі оң өзгерістерді жоғары бағалады. Өңіраралық әріптестікті нығайту мен тәжірибе алмасу және өзара тиімді байланыс орнатуды мақсат еткен іссапар «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясынан басталды. Ең алдымен қонақтарды облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов қабылдады. Кездесуде тараптар әлеуметтік және экономикалық бағыттар бойынша пікір алмасып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Жамбылдықтар бір мезетте 500, ал тәулігіне 3 мың оқушы бассейн, топтық жаттығу бөлмелері, көркем гимнастика және фитнес залдары, үстел ойындарына арналған кабинет, жекпе-жек және үстел теннисі залдарында жаттыға алатын «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясын өте тиімді екенін атап өтті. Одан кейін 1000 орындық көпфункционалды «Өнер орталығында» болды. Содан кейін делегация халықаралық стандарттарға сай келетін 11 мың орындық Орталық стадионды аралады. Бұл спорт нысаны УЕФА талаптарына сәйкес салынған және заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Делегация мүшелері шағын өнеркәсіптік аймақтың жұмысын да көрді. Мұнда 8 өндірістік цех іске қосылып, азық-түлік өнімдерін өндіретін кәсіпорындар шоғырланған, 50-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылып, тұрмыс-тіршілікке қажетті тауарлар өндіруде. Кәсіпкерлерге өз жұмысын бастауға «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы жылдық 3 пайызбен 157 млн теңге жеңілдетілген несие берілді. Бұл – кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған шаралардың нақты көрінісі. Қонақтар Сырдария өзенінің сол жағалауындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің жұмысымен де танысты. Мәдени нысан облыс бюджетінен үнемделген қаражат есебінен бой көтерген болатын. 85 жылдық тарихы бар облыстық музейдің бұған дейін типтік үлгідегі ғимараты болмаған. Жаңа музейде 12 экспозициялық зал халыққа қызмет көрсетуде. Қазіргі уақытта музей қорында 70 мыңға жуық тарихи экспонат сақталған.
Одан кейін жамбылдық делегация Сырдария ауданына ат басын бұрды. Ең алдымен Бесарық, сосын үлгілі ауыл Нағи Ілиясов ауылына жол жүрді. Қонақтар ауылдағы инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысымен және ауылдың әлеуметтік нысандарының жұмысымен танысты. Делегация мүшелеріне атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде аудан әкімінің орынбасары Роллан Еспенбетов пен Сырдария аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Алмат Сәдуақасов жан-жақты ақпарат берді. Бұдан кейін делегация мүшелері Нағи Ілиясов ауылына барып, ауылдың әлеуметтік және мәдени нысандарын аралады. Қонақтар Нағи Ілиясов атындағы мұражайдың қызметімен танысып, өңірдің тарихы мен мәдени мұрасына қатысты мәліметтерге қанықты. Мұражайдың жұмысын және экспозициялық қорына байланысты мәліметтер алды. Қонақтарға аудан әкімінің орынбасары ауылдың әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары жөнінде ақпарат берді. Сапар барысында тараптар екі аудан арасындағы ынтымақтастықты нығайту, тәжірибе алмасу және ауылдарды дамыту бағытында пікір алмасты.
«Тт» ақпарат










