Арал балық комбинатының тарихы Орынбор — Ташкент теміржолынан бастау алады

1905 жылы Орынбор — Ташкент теміржолының салынуы балық аулау ісіне бетбұрыс болды. Бұл балық кәсіпшілігінің орталығы саналған Арал каласының ірге тебуіне тікелей әсер етті.
— 1921 жылы халқы ашыққан Еділ бойына Арал халқының көмегі, балықшылардың зор азаматтық ерлігі, Ленин жазған хат және соған қатысты атқарылған шаруа тарихтың елеулі оқиғасы екені рас. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары балық кәсіпшілігіне ерекше көңіл бөлінді. 1923 жылы Арал қаласында балық аулау инспекциясы құрылды. 1925 жылы Қазақ автономиялық республикасының халық комиссариаты бүкіл Арал теңізі және Әмудария бойында балық аулау және оны қорғау туралы ереже қабылдады. 1925 жылдың 21 қазанында Қазақ КСР халық шаруашылығы орталық кеңесінің қаулысымен Арал мемлекеттік балық тресі құрылды, — деді Арал қаласындағы Балықшылар музейінің ғылыми қызметкері Тұмар Өмірзаққызы.
Түркістан республикасы халық комиссарлар кеңесінің бұйрығымен балық кәсіпшіліктері, кемелер мен құрал-жабдықтар Арал депутаттары кеңесіне берілді.
Ал қазан айында Түркістан өлкесінің балық өнеркәсібі басқармасы құрылды.
— 1930 жылдары Арал теңізінде 38 балық колхозы болды. 1940 жылдары балық шаруашылықтары оңтүстік және солтүстік болып екіге бөлінді. Қарақалпақ Республикасына 13, ал Солтүстік Аралға Қаратерең, Бөген, Қарашалаң, Шевченко, Қасқақұлан, Қызылбалықшы, Ақшатау, Сталин жолы, Аманөткел, Райым, Шөмішкөл, Бірлестік, Тастүбек, Жамбыл, Ленин, Балықшылар, Жаңажол сияқты 22 колхоз қарады. Бұлардың барлығында 1940-1950 жылдары 8 мың балықшы, 6,5 мың жұмысшы мен қызметкер еңбек етіп, балық аулау техникасы, әдісі әрбір кезеңде жаңарып отырды. Зауыттық училище мен оқу комбинаты балық жүйесіне қажет мамандар дайындады. Жыл сайын матрос, кеме капитаны, механик, шебер, ұста, балық тоңазытушы және сұрыптаушы секілді жүздеген маман оқып шығатын, — дейді Тұмар Өмірзаққызы.
Арал балық тресі балықшыларға қажет өнімді Мәскеуден алып тұрды. Трест басшылығының бұйрығымен бұлар әр зауытқа, елді мекендерге жіберіліп тұратын.
— Кәсіпорын алдына қойылған мақсат-міндеттерді шешу үшін Арал балықшылар тұтыну одағы құрылды. Ол балықшыларды тұтынатын заттармен, тамақ өнімдерін қамтамасыз етіп отырды. Балық тресінің, кейін балық комбинатының құрылуы өндіріске тың серпін әкелді. Арал балық комбинаты жергілікті балықшылардың қарашаңырағына айналды. Алайда нарық экономикасы тұсындағы жекешелендірудің желеуімен Аралдың атын әлемге танытқан атақты кәсіпорын 1990 жылдары жұмысын тоқтатты, — деді музей өкілі.
Бұған дейін біз қиын-қыстау заманда Еділ бойы мен оған жақын аумақтағы аштық қысқан жұртқа көмек ретінде Аралдан жөнелтілген балық толы 14 вагонның бірі Арал ауданындағы Балықшылар музейінің ауласында тұрғанын жазғанбыз.
Фото: Аралдағы балықшылар музейі