Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ортақ түркі әліпбиінде кітап шығаруды бастадық – Түркі академиясының президенті

Ортақ түркі әліпбиінде кітап шығаруды бастадық – Түркі академиясының президенті

Осы аптада Әзербайжанның Габала қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының XII саммиті өткен еді. Мемлекет басшылары қатысқан бұл маңызды жиында су және азық-түлік қауіпсіздігі, жасанды интеллект, ортақ әліпби және ғылыми ынтымақтастық сияқты өзекті тақырыптар талқыланды. Осыған орай Түркі академиясының президенті, академик Шаһин Мұстафаев KAZINFORM агенттігіне берген сұхбатында саммиттің негізгі бағыттары мен академия қызметінің өзара байланысы туралы пікірімен бөлісті.

– Бұл саммитте Түркі мемлекеттерінің көшбасшылары жасанды интеллект, цифрландыру және инновациялар саласындағы ынтымақтастықты тереңдету мәселелеріне айрықша назар аударды. Ал Қазақстан Президенті Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрлық инновациялар орталығын құру бастамасын ұсынды. Осы тұрғыдан алғанда, сіздің ойыңызша, түркі елдерінің жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы өзара іс-қимылының әлеуеті қандай? Сондай-ақ бұл процесте Түркі академиясы қандай рөл атқара алады?

– Жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамыту – бүгінде бүкіл түркі әлемі үшін стратегиялық маңызды бағыттардың бірі. Габалада өткен саммитте мемлекеттеріміздің көшбасшылары кадр даярлау мен ғылыми зерттеулерден бастап, ортақ этикалық және мәдени стандарттарды қалыптастыруға дейінгі кең ауқымды қамтитын ынтымақтастықты күшейтудің маңыздылығын атап өтті.

Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының 10-шы саммитінде қабылданған шешімге сәйкес, Түркі академиясының қызметіне жаратылыстану және қолданбалы ғылымдар аясы енгізілді. Демек, енді академия гуманитарлық бағытпен қатар түркі елдерінің ғылыми-технологиялық ынтымақтастығын нығайту миссиясын да атқарады. 2023 жылы Түркі академиясы TÜBİTAK-пен бірлесіп «Аймақтық және жаһандық сын-қатерлерді шешуге арналған ғылыми ынтымақтастық және бірлесіп даму» семинарын өткізіп, өзара ғылыми іс-қимылдың негізгі бағыттары айқындалды. Солардың ішінде заманауи цифрлық технологияларды, әсіресе жасанды интеллектті дамыту – түркі мемлекеттері ынтымақтастығының басым бағыттарының бірі ретінде белгіленді.

Түркі академиясы бұл тақырыпқа технологиялық көзқараспен қатар гуманитарлық тұрғыдан да қарайды. Жасанды интеллект қоғамның дамуына, өзара түсіністік пен рухани-мәдени құндылықтарымызды сақтау бағытында адамның игілігіне қызмет етуі керек. Осы себепті біз жасанды интеллектіні енгізудегі этикалық өлшемдер мен оның мәдени құндылықтарымызға ықпалы мәселелеріне ерекше мән береміз.

Бұл бағытта біз жетекші ғылыми ұйымдармен бірлесіп, Жасанды интеллект этикасына арналған алғашқы халықаралық конференцияны ұйымдастыру бастамасын көтердік. Бұл конференция жасанды интеллектке қатысты сын-қатерлер мен мүмкіндіктерді жан-жақты талқылайтын пәнаралық алаң болады. Конференцияның көздеген мақсаты – адамның қадір-қасиетін, әділдік пен мәдени әралуандықты құрметтеу қағидаттарына негізделген жауапты және этикалық технологиялық даму тәсілдерін қалыптастыру.

Түркі академиясы өз тарапынан технология мен адамзаттық құндылықтар қатар дамитын болашақты қалыптастыру жолында сарапшыларды, ғалымдарды және жастарды біріктіретін зияткерлік алаң болуға дайын. Біз түркі елдерінің ғылыми әлеуетін біріктіріп, зерттеу, білім беру және инновациялар саласындағы ынтымақтастықты күшейту арқылы өзіміздің бірегей түркілік цифрлық даму үлгісін қалыптастыра аламыз.

– Габалада өткен саммитте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев су тапшылығы – әлемдегі ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті. Әсіресе Орталық Азия үшін бұл мәселе ерекше маңызды. Мемлекет басшысы су ресурстарын ұтымды пайдалану мен экожүйелерді, соның ішінде Каспий теңізін сақтау ісінде ортақ күш-жігер қажет екенін баса айтты. Осы мәселеге қатысты Түркі академиясының ұстанымы қандай?

– Су қауіпсіздігі, экожүйелерді сақтау және табиғи ресурстарды тиімді басқару – бір-бірімен тығыз байланысты кешенді міндеттер. Бұл бағытта тиімді нәтижеге қол жеткізу үшін мемлекеттердің үйлесімді іс-қимылы мен ғылыми негізделген тәсіл қажет. Жоғарыда атап өткенімдей, Түркі академиясы өз қызмет аясын кеңейтіп, экономикалық интеграция және тұрақты даму мәселелерін де қамти бастады. Осы тұрғыда академия бірқатар сараптамалық баяндамалар дайындады. Олардың қатарында – «Түркі экономикалары- 2024», «Түркі мемлекеттеріндегі азық-түлік қауіпсіздігі және тұрақты даму», «Аймақтық шолу: Түркі мемлекеттеріндегі су ресурстарының болашағына көзқарас және тұрақтылық үшін ынтымақтастық» және жыл сайын тұрақты жарияланатын «Түркі барометрі» секілді зерттеулер бар. Бұл еңбектерде нақты деректер мен ғылыми-сараптамалық талдау негізінде саясатты қалыптастыруға бағытталған ұсыныстар қамтылған.

Түркі мемлекеттеріндегі су ресурстарының болашағына көзқарас туралы баяндамада академия түркі мемлекеттеріндегі су ресурстарының қазіргі жағдайына жан-жақты талдау жасап, трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту, ирригациялық жүйелерді цифрлық бақылау және суды тиімді пайдалану бойынша нақты ұсыныстар берді. Біз түркі елдерінің күш біріктіріп, ғылыми тәжірибе алмасуы аймақтың тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, табиғи мұрамызды, соның ішінде Каспий теңізін сақтауға мүмкіндік беретініне сенімдіміз.

Сонымен бірге, академия қызметі саммит күн тәртібінде қамтылған өзге де бағыттарды қамтиды. Мәселен, түркі елдеріндегі азық-түлік қауіпсіздігі туралы зерттеуде аграрлық тұрақтылық, ауыл шаруашылығын цифрландыру және жасыл технологияларды енгізу мәселелері қарастырылған. Түркі елдерінің экологиялық таза, органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудегі әлеуетіне ерекше назар аударылған. Академия аграрлық саладағы ғылыми зерттеулерді күшейтуге, өндірістік кооперация мен логистикалық байланыстарды нығайтуға ерекше мән береді. Бұл бағыттар «Түркі әлемінің келешегі – 2040» атты стратегиялық бағдарламада көзделген басым мақсаттармен де өзара үндес. Бағдарламаның басты мақсаты – тұрақты даму, азық-түлік тәуелсіздігі және аймақтың жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

Ал «Түркі экономикалары» баяндамасының биылғы шығарылымында көлік-логистикалық және энергетикалық дәліздерді дамыту мәселесіне басымдық берілген. Бұл түркі елдерінің экономикалық интеграциясының негізгі шарты. Ерекше назар Транскаспий халықаралық көлік бағытына аударылған. Сарапшылардың бағалауынша, 2030 жылға дейін осы бағыттағы инфрақұрылымды жаңғырту аймақаралық жүк айналымының көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жаңартылатын энергия көздеріне көшу мен энергия теңгерімін әртараптандыру қажеттігі де атап өтілген. Аталған зерттеулердің бәрі – түркі елдерінің жетекші ғалымдары мен сарапшыларының бірлескен еңбегінің нәтижесі. Негізгі мақсат – өзекті мәселелерге ғылыми баға беріп қана қоймай, өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ өңірдің тұрақты дамуына бағытталған нақты тетіктерді ұсыну.

– Ортақ түркі әліпбиі мәселесі саммитте тағы да көтерілді. Академия басшысы ретінде осы бастама жөнінде пікіріңіз қандай?

– Ортақ түркі әліпбиі мәселесі тілдік тұрғыдан ғана емес, терең мәдени-өркениеттік маңызға да ие. Бірегей жазу түркі халықтарының ортақ тарихи және рухани тамырларына негізделген ауызбірліктің, өзара байланыс пен ынтымақтың нышаны. Жалпы, ортақ түркі әліпбиін әзірлеу жұмыстары Түркі мемлекеттері ұйымының тапсырмасына сәйкес Түркі академиясының үйлестіруімен жүзеге асырылды. Түркі әлемінің ортақ әліпбиі жөніндегі комиссияның үшінші отырысы 2024 жылғы қыркүйекте Бакуде өтті. Бұл жиын Түркияның Ататүрік атындағы Мәдениет, тіл және тарих жоғарғы кеңесіне қарасты Түрік тіл қоғамымен бірлесіп, Түркі мемлекеттері ұйымы хатшылығының қолдауымен ұйымдастырылды. Осы отырыс қорытындысында қабылданған Ортақ түркі әліпбиі туралы декларация жарияланып, ортақ әліпбиді енгізудің практикалық негізін қалаған маңызды құжатқа айналды.

Жаңа әліпбидің мүмкіндіктерін көрсету мақсатында академия түркі әдебиетінің ұлы тұлғалары – Абайдың «Қара сөздері» мен Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кемесін» ортақ түркі әліпбиінде тәжірибелік басылым ретінде жарыққа шығарды. Бұл еңбектер түркі дүниесінің мәдени тұтастығы мен рухани жақындығының нақты көрінісі болды. Біз ортақ әліпби түркі халықтарының тілдік және рухани туыстығын нығайтатын, ғылыми және білім беру институттары арасындағы өзара ықпалдастықты жеңілдететін, сондай-ақ мәдени дамудың жаңа кезеңіне жол ашатын маңызды құралға айналатынына сенімдіміз. Түркі академиясы бұл тарихи процестің әрі қарай да белсенді қатысушысы болуға ниетті.

Ортақ әліпбиден бөлек, Түркі академиясы бірқатар маңызды ғылыми бастамаларды жүзеге асырып келеді. Қазіргі таңда түркі халықтарының тарихын, тілін және мәдениетін терең зерделеуге бағытталған 40 ғылыми жоба қолға алынған. Тек 2025 жылдың өзінде академия 50-ге жуық кітап — монографиялар, сөздіктер, энциклопедиялар және оқу құралдарын басып шығарып, түркі дүниесінің ортақ ғылыми және мәдени қорын едәуір байытты. Мемлекет басшыларының алдыңғы саммитте берген тапсырмасына сәйкес, қазіргі уақытта «Түркі елдерінің академиялық тарихы» еңбегін дайындау жұмыстары жүріп жатыр.

– Келер жылы Бакуде өткен Бірінші Түркологиялық құрылтайдың өткеніне 100 жыл толады. Бұл тақырып саммитте де көтерілді. Осы мерейтойға дайындық пен Баку құрылтайының мұрасын қазіргі түркі әлемі тұрғысынан зерделеуде Түркі академиясы қандай рөл атқара алады деп ойлайсыз?

– 1926 жылы Бакуде өткен Бірінші түркологиялық құрылтай – түркі әлемі үшін ғана емес, бүкіләлемдік түркология ғылымы үшін де айрықша тарихи оқиға болды. Бұл түркі халықтарының ұлы зиялылары, тілтанушылары, этнографтары, тарихшылары мен мәдениет қайраткерлері алғаш рет бір ғылыми алаңда бас қосқан сәт еді. Құрылтайға Алаш Орда өкілдері, жәдидшіл қозғалыс қайраткерлері, Түркияның белгілі ғалымдары, сондай-ақ кеңестік ірі шығыстанушы академиктер Василий Бартольд, Александр Самойлович, Николай Ашмарин және өзге де елдердің көрнекті зерттеушілері қатысты. Бұл жиын өткенді саралап, болашаққа бағыт сілтеуді мақсат еткен түркі дүниесінің ең озық ойлы тұлғаларының тоғысу алаңы болды.

Сол кезде алғаш рет ортақ түркі әліпбиі, терминология, ана тілінде білім беру, оқулықтарды аудару, сауатсыздықты жою және мәдени негіздерді нығайту сияқты маңызды мәселелер көтерілді. Бүгін де бұл тақырыптар өзектілігін жоғалтқан жоқ және бұл бағытта Түркі академиясы жүйелі түрде айналысып келеді. Атап айтқанда, Түркі академиясы барлық түркі ынтымақтастық ұйымдарына Бірінші Баку түркологиялық құрылтайының 100 жылдығын бірлесе және салтанатты түрде атап өту туралы ұсыныс білдірді. Бұл бастама аталған құрылтайдың тарихи және символикалық мәнін қазіргі түркі әлемінің санасында айшықтай түсуді көздейді.

Біз бұл мерейтойды тек өткенге тағзым ету мүмкіндігі ретінде ғана емес, түркі халықтарының ғылыми бірлігі идеясын жаңа деңгейге көтерудің тарихи сәті деп қабылдаймыз. Академия мерейтойлық іс-шараларды ұйымдастыруға белсенді қатысып, архивтік материалдарды баспаға дайындау, ғылыми зерттеулерді жариялау және жаңа бастамаларды іске асыруды көздеп отыр. Олардың қатарында түркі тілдерінің терминологиялық сөздіктері жобасы мен ортақ әліпби бағытындағы жұмыстар бар.

– Биылғы ТМҰ саммитінің қорытындыларын және оның Түркі академиясы қызметі үшін маңызын қалай бағалайсыз?

– Жалпы мемлекет басшыларының кездесуі мазмұнды әрі нәтижелі өтті. Оның негізгі қорытындылары түркі елдері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге бағытталған кең ауқымды мәселелерді қамтитын жаңа декларацияда толық көрініс тапты. Түркі академиясына қатысты айтсақ, декларацияда біздің ұйымның қызметі, соның ішінде «Түркі мемлекеттерінің тарихы» атты іргелі жобаны жүзеге асыру жөніндегі жұмыстарымыз ерекше атап өтілді.

Бұған қоса, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі зерттеушілер клубын құруды және бұл құрылым Түркі академиясының базасында қалыптасуы мүмкін екенін айтты. Бұл бастаманы түркі елдерінің жетекші ғалымдары мен сарапшыларын біріктіріп, тәжірибе алмасуға және өзекті ғылыми жобаларды бірлесе жүзеге асыруға мүмкіндік беретін маңызды қадам ретінде бағалаймыз.

Академияның мұндай халықаралық ынтымақтастық форматтарын ұйымдастыруда мол тәжірибесі бар. Соның ішінде Түркі дүниесінің ұлттық ғылым академиялары одағы (СНАНТМ), Түркі археологиясы зерттеу институттары мен орталықтарының қауымдастығы (ARICA), сондай-ақ Түркі экономикалық саясат зерттеу орталықтарының желісі (ERCNET) сияқты платформалар соның айғағы. Біз Мемлекет басшысының бұл бастамасын жүзеге асыруға дайынбыз. Саммиттің тағы бір маңызды нәтижесі – Түрікменстанның Түркі академиясына бақылаушы мемлекет ретінде қосылуы болды. Бұл шешім түркі әлеміндегі ғылыми ынтымақтастық аясын кеңейтіп, ортақ ғылыми кеңістіктің нығаюына жаңа серпін берді.


Фото: Түркі академиясы



12 қазан 2025 ж. 1 046 0