Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 69 газет

13 қыркүйек 2025 ж.

№ 68 газет

09 қыркүйек 2025 ж.

№ 67 газет

06 қыркүйек 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Жасы ғасырға таяған ана

Жасы ғасырға таяған ана

Нағи Ілиясов атындағы ауыл дың ең жасы үлкен қарт анасы Назира Кенебаева, өзінің айтуынша жасы 90-нан асқан. Негізінен 96 жасқа келген қарияны біз іздеп барғанымызда күздің шуақты күнінде таза ауада отырған шағына кез келдік.

Жасы ұлғайған қарт анамен сәлемдесіп, жағдай сұрасқанымызда, өмірден тек қана жақсылық көргенін, отбасы бақытына кенелгенін айтты. Әдеттегідей көп жасаудың сырын сұрағанымызда, өмірге деген өкпе-ренішпен емес, қайта ризашылықпен өмір сүргеннің ғұмыры ұзақ болатынына тағы бір мәрте көзіміз жеткендей болды. Қос жанарының бірі дертті болғанымен, айтар әңгімесі орнықты, естуі қалыпты әжені біз де әңгімеге тарттық.

– Қызылорда қаласына жақын жердегі 1 Май деген жерде туып-өстім. Әкем Төлеу «Аяқкөл» деген көлден балық аулап, бізді асырап бақты. Балықшы еді, жарықтық. Анам Күләй қол жұмыстың бәрін істеді. Бес бауыр болдық, соның үшіншісімін. Бауырларымның барлығы дүние салды. Бала кезімде мектепке барып, төрт сыныпты бітірдім, содан кейін оқымадым. Әріп танып, санауды білген соң қыз балаға одан артықтың қажеті жоқ болды. От жағу, диірмен тарту, үйдің тіршілігін жасау бәрін анамыз үйретті. Жастайымнан Шіркейлінің азаматы Әбдірахман Кенебаевпен бас қостым. Өте сауатты кісі еді. Мектепте директор болды. Кейін совхозда агроном болды. Өмірге сегіз бала әкелдік. Барлығын жетілдірдік. Азаматымнан еш қандай жамандық көрмедім. Үйімізден қонақ арылмайтын. Мал да бақтық, егін де ектік. Қазақы қалпымыздан, қонақжайлы ғымыздан болар елдің батасын алдық. Келген жерім жақсы болды. Сыйластықта өмір сүрдік. Өмірлік қосағым 73 жасында өмірден өтті. Қазір шүкір, балам Тұрғанбек пен келінім Гүлнар алақандарына салып отыр. Немере, шөбере, шөпшек сүйіп, Алланың берген жасын жасап отырмын, – дейді жасы ғасырға таяған қарт ана.

Өсірген балаларына жақсы тәрбие беріп, бес ұл мен үш қызды ұясынан ұшырып, өрісін кеңейткен кейуана өмір бойы үй шаруасымен айналысып, азаматы атқа мінгенде демеу болып, қолдау білдірген. Жұмыс жасамадым деп ешқашан шағымданбаған. Қайта ер-азаматына сеніп тапсырылған қызметті алаңдамай жұмыс жасауына жағдайын жасап, мемлекет қайда жіберсе, сонда қоныстанған.

Әрбір мықты ердің артында ақылды әйел тұрады демекші, мықты әйел болудың үлгісін көрсеткен Назира ана балаларының да оқып-тоқуына жағдай жасады. Қазір балаларының бірі мұғалім болса, енді бірі медицина маманы, араларында қарапайым жұмысшылары да бар. Ұрпағының өрісін кеңейткен ақ жаулықты ана осы күні 11 шөпшек сүйіп отыр. Бауыржан, марқұм Бақытжан, Асқар, Роза, Сәуле, Тұрғанбек, Ләйла, Кенжебектен тараған ұрпағының қызығына кенеліп отырған жайы бар.

– Өткен күнді ойласам ешқандай жаманшылық көр дім деп өкпе айтпаймын, керісінше қиындықтың бәрін еңсеруге Алла бізге қуат берді. Қара жұмыста ысылып, мынаны жасай алмаймын дегеніміз жоқ. Ата-ене бағып, ризашылығын алдық. Мына көркейген ауылдың ауасын жұтып, көрген бейнетіміздің рахатын көргеніме ризамын. Өсіп-өне беріңдер, өркендерің өссін. Еліміздің болашағы жарқын болсын, – деп ақ батасын берді қарт ана.

Жасы ұлғайса да айтар ойы бар, салиқалы қарт ананың әдемі қартайғанына риза болдық. Бұның басты себебін де түсінгендейміз. Ешкімге жамандық ойламай, кісінің ала жібін аттамай, адал өмір сүрген адамның жасы да ұзақ болатынын білдік. Біз көріп, кездескен ананың қолын ұстап, батасын алғанымызда осыған көзіміз жетті.


Бибісара ЖАНӘЛІ
13 қыркүйек 2025 ж. 119 0