Балалар арасында қай ауру көп тараған
Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай балалар стоматологиясына қатысты мәселені көтіріп, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Балалар арасында ең көп таралған аурулардың бірі - тіс ауруы, ауыз қуысы мен жақ-бет аурулары. Статистикалық деректерге сәйкес, республикамызда балалар арасында тіс жегісінің таралуы 76% құрады, ал бірқатар ауылдық аумақтарда бұл көрсеткіш 98% жетеді. Десе де, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдары бойынша 2020 жылға тіс жегісімен зақымдалған балалардың саны 20% аспауы қажет», - деді Д. Мыңбай Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында.
Осы орайда, ол жоспарлы стоматологиялық көмек ақысыз медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүргізіліп жатқанын еске салды. Бұл тұрғыда 18 жасқа дейінгі балалар қамтылған.
Жыл сайын мемлекеттік және жекеменшік ауруханаларға қаражат бөлінеді, алайда жылдан жылға статистика жақсармай келеді. «Стоматологиялық қызметке Стоматологтардың бірыңғай қазақстандық ассоциациясы жүргізген талдау оның кемшін тұстарын айғақтады, оның ең өрескелін айтар болсақ, бүгінде балалардың тіс және ауыз қуысының жәй-күйіне динамикалық бақылау жоқ.
Тағы бір маңызды мәселе - мемлекеттік стоматологиялық балалар емханаларының жекешелендірілуі. Елімізде 2 812 стоматологиялық ұйым бар, олардың 1 121 мемлекеттік меншік нысанында, соның ішінде 12 мемлекеттік мамандандырылған облыстық балалар емханасы ғана бар», - деді депутат. Оның сөзінше, балалар стоматологиясынан айырылсақ - кезінде педиатрияны қысқартып тастағандығыдай жағдайға душар боламыз.
«Балалар стоматологиясының бірқатар ерекшеліктері бар, оған мамандану қажет немесе ересектерді емдейтін кез келген дәрігер балаларды емдей алмайды. Бұрынғы кезде балаларды балабақшаларда, жасөспірімдерді мектептерде, студент жастарды колледждер мен институттарда тұрақты түрде бақылайтын. Қазір стоматологиялық кабинеттер тек оқушылар саны 800-ден асатын мектептерде ғана бар. Бұл еліміздегі барлық мектеп оқушыларының үштен бір бөлігін ғана қамтиды.
Оның үстіне, қазір мектептерде жұмыс істеп тұрған стоматологиялық кабинеттердің өздерін құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету проблемалары бар, мамандар мен дәрігерлер жетіспейді. Мысалы, кейбір деректерге сенсек, Астанадағы тек 6 мектепте ғана стоматологиялық кабинеттер толық көлемде жұмыс істеп жатыр.
Ал сонда басқаларын, олардың ішінде алыс аудандардағы, ауылдардағы мектептер мен мектепалды мекемелерді қайтпекпіз?»,- деді ол. Осы орайда Дархан Мыңбай жоғарыда баяндалғанға байланысты тиісті ұсыныстарды қарастыруды сұрады.
Осы орайда мектептерді, мектепалды мекемелерді стоматологиялық толыққанды қызметпен тегіс қамтамасыз ету үшін заманауи жылжымалы стоматологиялық кабинеттерді ендіру жөнінде бағдарлама әзірлеу ұсынысы жасалды. Сонымен қатар стоматологтың балалар мен жасөспірімдерді бақылауының диспансерлік әдісін қалпына келтіру қажеттігі айтылды.
www.inform.kz