Ұлттық өнімді кәсіпке айналдырған

Қазіргі таңда ұлттық болмысымызды айқындайтын құрт өнімін Бесарық ауылының тұрғыны Әсел Үмбетова кәсіп етіп, табыс көзіне айналдырып отыр.
Құрт – тек тағам емес, қазақ мәдениетінің символы. Ол қонаққа жайылатын дастарқанның сәні, түрлі мерекелер мен астың ажырамас бөлігі. Осы орайда кейіпкеріміз Әсел Абдухалиқызы ұлттық тағам түрін табиғи түрде халыққа тұтыну жолын іске асыруда.
– Жалпы бұл өнімді кәсіпке айналдырмас бұрын нарықтағы құрттың сапасын зерттеп, біраз ізденісте болдым. Көпке топырақ шашпай-ақ қояйын, дүкеннен алған өнімді жесек, нағыз құрттың дәмін сезіне алмаймыз. Сол кезде «Неге құрамы таза, табиғи өнімді халыққа ұсынбасқа?» деген ой келді. Бәрібір балаларымызға күнделікті сатып алып береміз ғой, одан да қолдан істейін деп шештім. Солай қазіргі кәсібім «Aq tamshy» құрты нарыққа еніп, бастау алды. Бастап кетуге көп қаражат та кеткен жоқ. Ең басты керегі вакуумды аппарат және вакуумды қалта қажет. Сонымен қатар жеке брендімді қалыптастыру үшін арнайы штрих код қажет екен. Оны да құрттың 4 түрі мен сары майға жасаттым. Қазір кез келген базада менің өнімім шығып тұрады, – дейді кәсіп иесі.
Ісі берекелі жан күніне 70 литр сүтті пісіріп, ұйытады. Оны айран пісетін аппаратымен пісіп, сүзбе қылып қайнатады. Күніне аз дегенде 6 қалта сүзбе дайындайды. Одан әрі құртты домалақ пішінде дайындап, кептіреді. Дайын болған өнімді күнделікті кешкісін балаларымен отырып, арнайы аппаратпен 200 дана пастерленген құрт дайындайды. Бұл бейнетті тірлікті күнде қайталау да ерлік. Таза маңдай тер. Ал таң азанымен 4 сиырды сауып, оларды баптау бөлек әңгіме. Жетпеген сүтті Әсел көршілерден сатып алады екен. Енді бастау алған кәсіптің тұралап қалмауы үшін күндегісін күнде үлгертіп отыруға тырысатын кәсіп иесіне қыздары қол көмегін береді.
Әсел Абдухалиқызы негізінен Жалағаш ауданының тумасы. Бесарық ауылының тұрғыны Ғабит Тобалықовпен 2009 жылы отау құрып, шаңырақ көтереді. Күміс алқа иегері атанып отырған көпбалалы ана 3 қыз, 3 ұлды тәрбиелеп, өсіруде. Негізі ауылдық мектепте компьютер бағдарламашы болып қызмет атқарады. Қазіргі таңда бала күтіміне байланысты декреттік демалыста. Ал жолдасы дәнекерлеуші болып отбасын асырауда. Ата-енесінің разылығын алған Әсел Үмбетова үлгілі келін ғана емес, жемісті кәсіп иесі.
– Алғашқы кезеңде бастап кету қиындау болды. Әрі қорқыныш та басым болып, «қалай болады екен» деген оймен жүрдім. Бірақ «көз қорқақ, қол батыр» дейді ғой. Бастадым, қалғаны жаймен өз орнына келе бастады. Жалпы мен бұрыннан сүт сатумен айналысамын. Енді осы кәсіпті қолға алғаннан кейін аяғына дейін жеткізу керек. Ағарғанның пайдасы өте көп қой. Сондай-ақ киесі де бар. Ата-әжелеріміз немерелеріне «құрт же, сүйегің қатайсын» дегені де бекерден бекер емес. Құрамында сүйекке, тіс және де ағзаға қажетті біршама дәрумендер бар. Сондықтан осы бойындағы дәруменді сақтай отырып, ешқандай қоспасыз халыққа жеткізу – міндетім, – дейді Әсел Үмбетова.
Әсел бұл бизнес түрін бастағанына 1 айдан енді ғана асса да тұрақты тұтынушы қалыптастырып үлгерген. Көбіне аймаққа қарасты Наурыз, Киров ауылдарына және қаланың бірнеше шағын маркеттеріне өткізіп, қазіргі таңда «Aq tamshy» құрты мен сары майы сұранысқа ие. Сондай-ақ Қызылорда қаласындағы ірі сауда орталығы «Magnum» гипермаркетіне Әсел өз өнімін ұсынып көрген. Бұл ұсынысты «Magnum» сауда орталығының басшылығы қабыл алып, көтерме бағада тұрақты келісімшартқа отыруды ұсынған. Күніне шығаратын 200 дананы 1000 данаға көбейту жоспарлануда. Бұл ұсынысты Әсел Абдухалиқызы да қабылдап, келісімшартқа отыруды мақсат етіп отыр. Бұл шағын кәсіптің үлкен бизнес серіктестікке айналуға алғашқы қадамы болмақ.
Құрт – табиғи, дәстүрлі және пайдалы тағам. Ол ата-бабадан мирас болып, бүгінгі ұрпаққа жеткен асыл мұра. Міне сол асыл мұрамызды дәріптеп, қазақтың дәмін жандандыруда Әсел Үмбетованың қосар үлесі орасан зор.
Гүлсезім
ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ