Қызылордалық кәсіпкердің 50 шаршы метрден басталған бизнесі

«Алғаш 18 жасымда қыз жасауына қажет сандық жасап шықтым. Одан әрі үйіме ас үй жиһазын әзірледім. Жұмысымның нәтижесін жеке компания өкілдері көріп, жақсы бағалады. Осылайша жеке сектордан алғашқы тапсырыстарды қабылдай бастадым. 2003 жылы үйімнен 50 шаршы метр жерде шағын шеберхана аштым. Кәсібіміз осылай басталды», - дейді Амангелді Панабеков.
2020 жылдан компания облысқа қарасты Арал, Қазалы, Қармақшы, Шиелі және Жаңақорған аудандарында салынған мектептерді жиһазбен қамтамасыз еткен.
«Жайлы мектеп» жобасы аясында Қызылорда қаласының Сол жағалауында салынған 900 орындық мектептің жиһазын да «Панабек» ЖШС-ның мамандары әзірлеп шықты. Одан өзге қаладағы 3 мектеп, оның ішінде Арай мөлтек ауданындағы ең үлкен 1500 орындық мектепті де техникамен, жиһазбен жабдықтау аталған компанияға жүктелген.
«Сұраныстың артуы, әрі Мемлекет Басшысының тапсырмасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» жобасына қатысуымыз цехымыздың ауқымын кеңейту қажет екенін көрсетті. Жаңа өндірістің жай ғана жиһаз шығаратын орын емес, оның сан түрін көрсететін көрмесімен болғанын қаладым. Былтыр қала әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ-ның қолдауымен жиһаз өндірістік кешенін салуды бастап кеттім», - дейді кәсіпкер.
Көлемі 5000 шаршы метрден астам аумақты алып жатқан жаңа өндірістік кешеннің 1000 шаршы метрінде көрме-шоурум орналасса, қалған аумағында жиһаздың сан түрі жасалмақ.
«Қазір бұл кешеннің көрме аумағы ғана толықтыруды қажет етеді. Бүгінде жиһаздың 40-қа жуық түрін шығарамыз. Айына тұрақты 2000-нан 3000-ға дейін өнім өндірудеміз. Қолымызда бар жабдықтармен үлгермей жатырмыз. Осылайша қосымша құралдар алу қажет болды. Жан-жақтан сұрастырып, қаржы институттарының талаптарын салыстыра бастадық. Жергілікті «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығының өндірісті қолдайтынын естіп, өтінім бердік», - дейді Амангелді Панабеков.
Кәсіпкердің өтініші қолдау тауып, Өңірлік орталық 5 жылға 6 пайызбен 59 млн теңге несие береді.
«Бұл қаржыға өнімділікті арттыратын құралдар алдық. Соның ішінде Қытайдан алдырған робот-станокты ерекше атап өткім келеді. Жұмысымызға жаңа серпін берері сөзсіз. Қалған жабдықтарды шетелдік компаниялардың еліміздегі ресми өкілдері арқылы алдырдық», - дейді кәсіпкер.
Бүгінде «Панабек» ЖШС-де 60-қа жуық қызылордалық жұмыс істейді. Компания өнімдеріне тапсырыс тек облыс көлемінде ғана емес, сондай-ақ Алматы, Астана, Шымкент, Ақтау, Тараз, Орал қалаларынан да жиі түседі. Алдағы уақытта кәсіпкер шетел нарығына шығуды да жоспарлауда.
Өңірлік коммуникациялар қызметі
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі