Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Заң және тәртіп» – қоғам қауіпсіздігінің кепілі

«Заң және тәртіп» – қоғам қауіпсіздігінің кепілі

Қоғамда тәртіп пен тұрақтылықтың сақталуы – ел дамуының негізгі алғышарты. Осы орайда еліміздің барлық өңірлерінде, соның ішінде Қызылорда облысында да «Заң және тәртіп» акциясы қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Бұл акцияның басты мақсаты – құқықтық сауаттылықты арттыру, қоғамдық тәртіпті нығайту, құқықбұзушылықтың алдын алу және халықтың құқық қорғау органдарына деген сенімін күшейту.

Аталған акция аясында облыс, қала және аудан деңгейлерінде түрлі форматтағы іс-шаралар өткізілуде. Прокуратура, полиция, білім беру, жергілікті атқарушы органдар және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, халықпен тікелей кездесу, құқықтық кеңес беру, рейдтік іс-шаралар мен түсіндірме жұмыстары жүйелі жүргізілуде.

Мысалы, Сырдария ауданында «Киберволонтер», «Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу», «Жол қауіпсіздігі», «Отбасы және зорлық-зомбылық», «Борышкер» тақырыптарында кездесулер мен семинарлар ұйымдастырылды. Аудан прокуратурасының қызметкерлері мен жастар ресурстық орталығының өкілдері мектептер мен колледждерде оқушылармен кездесіп, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл – тек формалды шара емес, болашақ ұрпақты құқықты құрметтеуге үйретудің маңызды қадамы.

Акция аясында ерекше назар аударылып жатқан маңызды тақырыптардың бірі – алимент өндіру мәселесі. Өкінішке қарай, елімізде өз баласына заңмен бекітілген алимент төлеуден жалтарушылар аз емес. Бұл тек моральдық емес, заң жүзіндегі жауапкершілікке де алып келеді.

ҚР  Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабына сәйкес, сот шешімін орындаудан жалтарған азаматтарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бұл дегеніміз, борышкерге айыппұл салынып, немесе әкімшілік қамаққа алу жазасы көзделген.

Бірақ борышкер алимент төлемеуді жалғастырған жағдайда, одан әрі қатаң шаралар қолданылады.
  • Шетелге шығуға тыйым салынады;
  • Банктік шоттары мен карталары бұғатталады;
  • Көлік құралын басқару құқығынан айырылады (құқық бұзушының жүргізуші куәлігі уақытша тоқтатылады);
Егер борышкер алимент  төлеу бойынша 3 айлық қарыз берешегі жинақталса немесе борышкер төлеуден қасақана жалтарса, бұл әрекет қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.

Атап айтқанда, ҚР Қылмыстық Кодекстің 139-бабына сәйкес: «Кәмелетке толмаған баланы күтіп-бағу жөніндегі міндеттерді орындамаса» алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Бұл заң талаптары қоғамдағы жауапкершілік пен ата-аналық міндетке салмақты көзқараспен қарауды талап етеді. Өйткені алимент – тек ақша емес, ол – баланың өміріне, денсаулығына, болашағына үлес қосу деген сөз.

«Заң және тәртіп» акциясы – бұл бір күндік шара емес, қоғамға оң өзгеріс әкелуді мақсат еткен ауқымды бастама. Ол арқылы азаматтардың құқықтық сауаты артып, заң алдындағы жауапкершілігі күшейіп келеді. Әрбір ата-ана, әрбір азамат өз міндетін толық орындағанда ғана қоғамда әділеттілік пен тәртіп орнайды.

Ал баласына алимент төлеуден жалтарған әке – заң алдында да, ар алдында да жауапты.

фото: Нұрболат Нұржаубай                                                  Сырдария ауданының прокуратурасы
17 шілде 2025 ж. 163 0