Мамандығы – мақтанышы

Тасбөгет топырағында туып, 1978 жылы ата-анасының қызмет бабымен Сырдария ауданына қоныс аударған қыз бала уақыт өте бұл өңірдің аяулы қызына айналарын ешкім білген жоқ. Алғашқы мектеп партасынан-ақ ұқыптылықты, табандылықты бойына сіңіріп өскен Зару, арман жолына ерте бет бұрды. 1988 жылы Қызылорда медициналық училищесін тәмамдап, мейірбике мамандығын қолына алды да, Сырдария аудандық ауруханасында ақжолтай еңбек жолын бастады.
Содан бергі отыз жылдан астам уақыт – ақ халат пен ақ адал ниетке толы жылдар. Жан сақтау бөлімінен бастап туберкулез және жұқпалы аурулар бөлімшелеріне дейінгі талай сындарлы сәттерде сыр бермеген Зару Әбләкімқызы мейірбикелік қызметтің әрбір қырын бойына сіңіріп, аға мейірбике ретінде биік абыройға ие болды. Оның қолы шипалы ғана емес, жаны да жылы. Сырқат жанға жайлы сөз, емге сенім ұялатар көзқарас, уайымын жеңілдетер көңіл – осының бәрі оның табиғи мінезімен үйлесім тапқан.
Бүгінде Зару Әбіләкімқызы – Сырдария аудандық ауруханасындағы дәрігерлік-консультациялық комиссия (ВКК) бөлімінің мейірбикесі. Бұл – әрбір науқастың тағдыры таразыланатын, жолдамалар мен анықтамалар рәсімделетін аса маңызды бөлім. Мұнда мейірбике тек көмекші ғана емес, пациент жағдайын көзқарасынан-ақ аңғара алатын сенімді тірек. Бұл сенімге Зару апай лайық.
Оның мінезі талапшыл. Жастарға бағыт-бағдар беруде нақты, кейде қаталдау көрінуі мүмкін. Бірақ сол қаталдықтың түбінде үлкен жүрек, шынайы қамқорлық пен адалдық жатыр. «Науқас – сенің кәсібің емес, аманатың», деп үйрететін Зару апай – сөзіне де, ісіне де жауап беретін жан.
Зару Әбіләкімқызының бейнесі – жұмыс пен өмір арасын бөліп жармаған, екеуін де тең ұстаған әйел бейнесі. Ол – отбасында аяулы ана, сүйікті жар. Балаларына – үлгі, немерелеріне – мейірім, жолдасына – тіреу. Оның парасаты бүгінде өз ортасында үлкен құрметке ие.
Әбіләкімқызы – сондай қарапайым, бірақ үлкен биіктегі жан. Оның бейнесі – төзім мен тәртіптің, мейірім мен мұқияттылықтың, кәсібилік пен кісіліктің айнасы.Сырқатты емдеп жүрген мейірбикенің өзі – адам жанының шипасы. Жанарынан сенім, жүрегінен жылулық есіп тұратын Зарудай аяжандар тұрғанда, ақ халатты абзал жандардың абыройы ешқашан төмендемек емес.«Мейірім – адамның өзгені ұмытпай, өзгені ойлауынан басталады». Зару Әбіләкімқызы – сол мейірім мен адалдықтың қос қанатын қатар ұстап, өмірін өзгелердің бақыты мен амандығына арнаған мейіргер. Оның жолы – құрметке, сөзі – өнеге, ісі – шипа.
Жансая НҰРҚОЖА,
Қызылорда облысы,