Қайтарымсыз грантпен кәсібін кеңейткен кәсіпкерлер

– Мен өткен жылы «Бастау Бизнес» жобасының аясында кәсіпкерлік негіздерін оқыту бойынша онлайн курсын аяқтап, мемлекеттік грант жеңіп алдым. Жалпы, біздің нарыққа шыққанымызға 8 жыл болды. Былтыр «Мансап» орталығымен меморандумға қол қойып, жұмыссыз азаматтарды оқытып, әрі қарай жұмыспен қамтып жатырмыз. Бүгінде 17 тігінші жұмыс істейді. Айта кету керек, біз тек қыз жасауымен ғана емес, ұлттық дәстүрге негізделген барлық бұйымдар, яғни қазақы көрпе-жастықтар, сәнді жиынтықтарды тігеміз. Санға емес, сапаға баса мән береміз. Сол үшін де шығар сұраныс жоғары. Еліміздің өзге өңірлерінен бөлек, шет елдегі қандастарымыз да тапсырыс береді. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш,- деді жеке кәсіпкер Жанар Прекеева.
– Ең алғаш кондитерлікпен үй жағдайында айналыса бастадым. Бұл іс маған ерекше шабыт сыйлады. Өзіңе ұнайтын іспен айналысудың үлкен бақыт екенін түсініп 2023 жылы осы кәсібімді дамыту мақсатында мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Бүгінде кондитерлік кәсібім тұрақты түрде дамып келеді. Тұрақты тұтынушыларым бар, мерекелік торттар мен тәттілерге де күн сайын сұраныс артып жатыр,- жеке кәсіпкер Гүлфира Шамаханова.
Баспасөз турында журналистерді ерекше қызықтырған бизнестің бірі – «Аква әлем» жобасы. Әуелгіде хобби ретінде басталған оның бұл қызығушылығы бүгінде айтарлықтай табыс әкеліп отыр.
– Мен көпбалалы ана ретінде өткен жылы 1 476 800 теңге көлемінде мемлекеттік грант жеңіп алып, жеке кәсібімді бастаған болатынмын. Қазіргі таңда нарықта аквариум және аквариум балықтарының бағасы өте жоғары. Соны жою үшін аквариум жасау арқылы және балықтарды көбейту арқылы өз кәсібімді жүргізіп отырмын. Бұл аквариумдерді қолдан кесіп, силикон арқылы жабыстырамыз. Балықтарды Тайланд пен Индонезиядан алдырамыз. Бүгінде бізде 30-ға жуық балықтың түрі бар. Олар үлкен күтімді қажет етеді. Бұл кәсіп Қызылордада өте сұранысқа ие, одан бөлек өзге өңірлерден де жиі тапсырыс түседі,- деді Әсем Әлімова.
@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Фото: Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі