Ет тураудың да әдебі бар

Қонақтың алдына қойылған асты жеуіне қолайлы болуы үшін ұлттық тағамның қадірін қашырмаған абзал. Қазіргі уақытта қалалық жерді былай қойғанда, ауылдың өзінде де ет турауға икемі келмейтін көпшілікті кездестіріп жатамыз. Әрине, қазыналы қарт пен ақ жаулықты ана отырған дастарқан басында еттің жілігі мен басты сыйлы қонаққа, жасы үлкен кісіге ұсынған дұрыс. Жіліктің етін арнайы пышағымен сылып алған сыйлы қонақ айналасында отырған жандармен бөліседі. Ал бастың етін әдемілеп тураған қария көпшілікке асатып, алғысын алады.
Әрине жиын-тойға барған біз секілді жастар білместіктің салдарынан үлкеннің назарына ілігіп жатады. Негізінен, әрбір үйде ет турауға арналған «шебер пышақ», «қарта пышақ» болғаны жақсы. Пышақтың жүзі өткір және кең, ыңғайлы болуымен ерекшеленеді. Қолдағы пышақты тым күшпен қысуға рұқсат етілмеген. Десек те, етті қатты ұстау – маңызды.
Ет тураудың үш тәсілі кеңінен таралған. Ең алдымен, ұсақтап тураған сырт көзге әдемі көрінеді. Яғни, ет талшығын тарам-тарам бойына қарай сыйдырмай, талшықты қиып ұсақтап турауға көңіл бөлінеді. Ал жапырақтап тураудың өзіндік мәнері бар. Етті қалың кеспестен, барынша жұқалап турауды айтады. Еттің қалыңдығы ағаштың жапырағындай болуы керек. Малдың семіз етін кесектеп турағанның айрықша терең мағынасы бар. Кесектеп кесілген ет тіске кірмейді, жүрекке тимейді, тез қорытылады.
Жас та, жасамыс та ертеректен келе жатқан жөн-жоралғыны тереңнен сезінсе, игі. Көрегенділік пен аңғарымпаздықты қажет ететін ет тураудың әдебін сақтай білгенде айналаға сыйлы боласыз. Дастарқан басында отырған әрбір қонақ ер жігіттің іс-қимылына баға беріп отырады. Сондықтан ет тураудың әдебін меңгеріп, сын естімеудің амалын тапқан ұтымды.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ