Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәде жілік (Сүйек)

Кәде жілік (Сүйек)

Әсел:
– Әже, үйге қонақ келсе ет асып, жілік беріп жатасыздар, оның да өз реті бар ма?
Ілияс:
– Қай жілік кімге берілуі керек?

– Айналайын, бұрынғы өткен ата-бабамыз ұл баланың тәрбиесіне аса мән берген. Ұл бала – шаңырағыңды шайқалтпайтын, ошақ отыңды өшірмейтін, ізінді жалғастыратын болашағың. Балаңды жақсы көру деген оны бетімен жіберіп, шолжаңдата беру емес. Ретті жерінде ақыл айту, білмегенін ұғындыру, аз-кем оғаш қылықтарын көрсең қабағыңмен жасқау қажет. Мұның бәрі түптеп келгенде болашағыңның қамы, – деп бас-тады әжесі әңгімесін.

Баяғы қасиетті қарттар ер балаға бес жастан бастап құман ұстатып, қонақтың қолына су құйғызған. Бала он жасынан бастап пышақ ұстап ет турайды, он бес жастан бастап табақ тартады, жиырма жастан бастап сыбанып табақ жасайды.

Төрінде отырған соң қонаққа тартылатын табақтың да табағы бар. Табаққа салынатын сүйектің де сүйегі бар.

Ең сыйлы сүйек – жамбас, одан соң, жауырын, одан соң кәрі жі­лік, ортан жілік, тоқпан жілік, асықты жілік болып жіктеледі.

Басты жоғары табаққа саласың. Жанына етін көп сыйылмай жамбасты ертесің. Қой жанадан сойылса, бұл екі кәделі сүйек жеке дара берілмейді. Бұл – қонаққа деген құрметің. Он сүбе қабырғаны жоғары төрт табаққа, алтауын екі жауырынға, төртеуін екі асық жілікке үстейсің. Қалған сегіз жілікке екі-екіден бұғана қабырғаны еншілейсің. Төсті – күйеуге, құйымшақты – қызға, мойын – қойшыға, ішек-қарын, талақ, сирақты қатын-қалаш, бала-шағаға ұстатасың.
Кәделі жілік орнын тапқанда ғана қонақтарыңның көңілі жайланады. Әйтпесе «сыбағамды ата да итке сал» дейтін қазақтың көңілі қапелімде көнши қоймайды. Жілікті шатастырсаң ата-анана сын. Босағаңнан кекірігі азып шыққан қонақтың өзі бірер қыр асқан соң әлгі қылығыңды сан-саққа жүгіртіп әңгіме бастайды.

Қазірде кәде сүйекті тергеп жатқандар аз ғой. Десе де ата-баба дәстүрін ұмытпаған абзал...

Ділда МАТАЙҚЫЗЫ,
«Ұрпаққа ұлағат»
кітабынан
26 мамыр 2021 ж. 790 0