Шәкіртіне шамшырақ болған ана

Тарих қойнауынан сыр шертетін танымы бөлек кешке «AMANAT» партиясының аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, «Құрмет» орденінің иегері, денсаулық сақтау саласының үздігі Сағындық Шамшиев, білім саласының ардагері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Ұлмекен Жанәлиева, «Құрмет» орденінің иегері, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Балшекер Өтегенова, Нағи Ілиясов ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төребек Жұмабеков, Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғарғы колледжінің оқытушысы Роза Шермаханова, Қызылорда қалалық білім бөлімі жанындағы ұстаз-ардагер кеңесі төрағасының орынбасары Рауия Опабекова, ардақты ананың шәкірттері, ұрпақтары, ұстаздар қатысты. Ең алдымен, Т.Айтбаев атындағы №132 орта мектептің директоры Жанболат Назаров өткен жылы күрделі жөндеуден өткен білім ошағын таныстырды. Содан кейін «Ұстаз-ана бейнесі – жүрекке жазылған хат» тақырыбында арнайы қойылым қойылды. Ұстаздар мен оқушылар Тортай Қорғанбаеваның шыр етіп дүниеге келгеннен, балалық шағы, жастық кезеңі, ұстаздық жолы хақында мән-мағынасы зор көрініс орын алды.
– Еңбек жолы Шаққан деген жердегі Хан мектебінде басталған Тортай Қорғанбаева ұстаздардың ұстазы десек, қателеспейміз. Соғыс жылдарында барлық ер азамат майдан даласында жүргенде мектепте үлкенге де, кішіге де сабақ беріп, сауатын ашуға ықпал етеді. Өзі – басшы, өзі – мұғалім бола білген аяулы ана халық ағарту ісіне белсене араласа білді. Білім саласында 40 жылға жуық еңбек еткен майталман маман иесі педагогикалық оқуға қатысып, көптеген марапат төрінен көрінген. Біз бүгін Тортай апаның ұрпақтарымен бірге бірлесіп, еске алу іс-шарасын өткізуді қолға алдық. Аға буын ұстаздарымыздың ғибратқа толы ғұмырын дәріптеуге мүдделіміз, – деді мектеп директоры Жанболат Назаров.
Жүректің батырлығымен, сезімнің ақылдылығына негізделген ұстаздық қызмет – мәртебелі мамандық. Ағартушылық саланың нағыз білгіріне айналған Тортай Қорғанбаеваның атындағы сыныптың ашылу салтанаты жүзеге асты. Тектілігі бір бөлек, болмысы ерекше ананың өзі шәкіртіне дәріс берген сынып материалдық базамен жасақталған. Сыныптың ашылу салтанатында Тортай ананың шәкірті Гүлшат Ахметова өткен күндер желісінен естелік айтып, мектеп басшылығына оқушыға қажетті оқулық пен сағат сыйлаған болатын. Тортай ананың сіңлісі Роза Шермаханова майлы бояумен салынған суретті тарту етті.
– Тортай Қорғанбаева секілді ауылдық жерде қанша мұғалім өз ісін адалынан атқаруға тырысты. Саналы ұрпақтың тәрбиесіне бастауыш сыныптан көңіл бөлінетіндігін ескерсек, алғашқы ұстаз ретінде кеш кейіпкері еңселі еңбек етті. Үйден гөрі мектепте көп уақытын өткізетін асыл ана ұстаздық қызметте адалдықты ту қылған. Осындай көпке үлгі боларлық іс жасап жатқан алтын жүректі жанның ұрпағына алғысымды білдіргім келеді, – деді Ұ.Жанәлиева.
Жыл сайын дәстүрлі түрде білім ошағында «Қыз еркем – қылығымен көркем» тақырыбында мектеп оқушылары арасында қыз сыны байқауы өткізіледі. Бұл үрдіс осы жолы да жалғасын тапты. Ардақты ұстаз Т.Қорғанбаеваға арналған іс-шарамен сабақтас болған байқауда мектеп оқушылары Еркеназ Әбутәліпова, Бибінұр Төлеби, Инабат Төлеби, Гүлсая Сәбитқызы, Нұрайлым Болатқызы бақ сынады. Байқау 4 кезеңнен тұрды. Ең алдымен, әрбір бұрымды ару өздерін таныстырып, отбасына, жетістігіне тоқталды. Олар екінші кезеңде өз өнерін көрсетсе, келесі айналымда қолдан жасалған бұйымын, ұлттық тағамын көрсетті. Қос кезеңде жарыс ережесі бойынша өнер мен шебердің ісмерлігі өзара ұштаса білді. Соңғы кезеңде жеңімпаз тәжіне үмітті мектеп оқушылары салт-дәстүрге байланысты бірқатар сұраққа жауап берді.
– Ғибратымен ағартушылық саланың белді өкіліне айналған Тортай Қорғанбаева жөнінде айтылар естелік көп. Ұстаз болу арқылы шәкіртке күн шуағын дарыта білген аяулы жанның халық баласы үшін жасаған еңбегі орасан. Біле білген адамға ұстаздық қызметте нағыз көрегенділігімен танылған жандар табандылық таныта алады. Оның ішінде, бастауыш сыныпта оқушыға әріп үйрету, білімді болуға жетелеу – маңызды іс. Білім саласы тарихында есімі алтын әріппен жазылуға лайықты Тортай анамыз азбайтұғын адамның асылдығын көрсете алды. Бүгінгі қыз сыны ерекше ұйымдастырылған. Қатысушы қыздар үлкен дайындықпен келген. Өнерімен, ақылдылығымен, білімділігімен, ерекше сымбатымен танылған оларға әділ қазылар алқасы лайықты бағасын берді деп айта аламыз, – деді Б.Өтегенова.
Байқау қорытындысы бойынша Гүлсая Сәбитқызы жеңімпаз атанса, қалған қатысушылар арнайы номинация иегері атанды. Барлық қатысушыға Т.Қорғанбаеваның ұрпақтары атынан қаржылай сыйлық берілді. Өз кезегінде кеш қонақтары Сағындық Шамшиев, Ақтөре Ибрагимұлы, Төребек Жұмабеков, Рауия Опабекова, Тортай ананың ұрпақтары атынан күйеу баласы Кенжебек Әнәпияұлы мен қызы Манат Оразбекқызы, ұлы Сламбек Тәжбенов, келіні Бақыт Тоқбаева сөз сөйлеп, өнегелі өмір иесі хақында жылы лебізін білдірді.
– Мұғалім – өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, оқушыға сүйіспеншілікпен қарайтын қайталанбас тұлға. Мен білетін Тортай апамыз нағыз асылдың сынығы еді. Алып мәуелі бәйтерекке айналған әулеттің отанасы атана білген аяулы жанның туғанына ғасыр толып отыр. Ғасырлар тоғысында тұтастай дәуір көшкенімен, адамның жасаған ісі мәңгі тарих қойнауына енеді. Біз бүгін керемет кешке ұйытқы болған кез келген жанға ұлағатты ұстаздың ғибратты жолын нәсіп етсін, – деді Сағындық Шамшиев.
Айта кетейік, мән-мағынаға толы кештен кейін Тортай Қорғанбаеваның рухына арналған ас берілді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ