Оразаның пайдасы бар орасан...

Ораза – адам ағзасындағы қан айналымын реттеп, жүректің жұмысын жақсартады. Оған себеп, ашығу кезінде адам ағзасындағы майлар өздігінен ыдырап, қан айналымы жақсы жүре бастайды. Қан айналым реттелсе, жүрек қызметі де жақсарып, адам өзін сергек сезінеді. Артық салмақ біртіндеп азая бастайды. Бір қызығы оразадан кейін адам сирек тамақтанады. Оған дәлел, күнделікті төрт мезгіл тамақтану арқылы асқазанымыз үлкейетіні белгілі. Ал оразада біз ашығу арқылы бірте-бірте тамаққа деген қызығушылығымыз азайып, өзімізге керек мөлшерде ғана жейміз. Бұл ас қорыту жолының кішірейгендігінің көрінісі. Сонымен қатар, таңғы асты өткізетін адам енді міндетті түрде таңғы асын қалдырмайды
.
Оразада тағы біз үшін үйреншікті әрекетке айналатын жағдай – таңертең ерте тұру. Ең алдымен ұйқымыз реттеліп, шаршаңқылық, күйзеліс атты біршама аурудан аулақ боламыз. Әдетте жұмысқа әрең тұратындар шаршаңқы, ашуланшақ болып сол күнге жоспарлаған жұмысына да үлгермеуі мүмкін. Ал оразадан кейін ерте тұру әдетке айналып, ешқандай күйзеліссіз барлық шаруаға үлгереміз. Бұл жақсы әдет қалыптастыру мен денсаулықтың нығаюы деп білеміз.
Тағы да айта кететін жайт, ораза кезінде мидың өте жақсы жұмыс істеуі. «Ол қалай?» дейтін болсақ, мынадай қызық ақпаратқа назар аударайық. Америкалық ғалымдардың зерттеуі бойынша адам ашыққан кезде миы күнделікті тоқ кезіндегі жұмысына қарағанда ашыққан кездегі жұмысы екі есе артады екен. Оған себеп, біз ашыққан сәтте, қарнымызды тойдырып, аман қалу үшін соңғы қай жерден тамақтанғанымызды дәлме-дәл есімізге түсіреміз. Сол арқылы миымыздың жұмыс істеуі ұлғаяды екен. Яғни ғалымдар күніне каллорияны аз қолдану нәтижесінде ашығу бізді «ақылдырақ» ететінін анықтаған.
Жалпы «ауыз бекіту» ішек ауруларына, іш қатуға және тері ауруына да ем. Сонымен қатар, бүйрек, бауыр, қант диабеті және жүрек қантамырлары ауруына қарсы төзімділікті арттырады, алдын алады. Сондықтан да болса керек ораза кезінде бірашама аурудан жеңілдеп, өзімізді сергек сезінеміз.
Рамазан айында ауыз бекіту арқылы денсаулыққа қандай пайдасы бар екендігін жоғарыда атап өттік. Оразаны тек қана денсаулық үшін емес, ниет етіп Алла Тағалаға жақын болу үшін ұстау маңызды. Қасиетті ай қолда бардың қадірін сезіндіріп үйретеді. Кей кезде алдымызға келген астың, бір жұтым судың, басымыздағы баспананың, денсаулықтың, жанымызда жүрген жандардың қадіріне жете бермейміз. Бұл нығметтерді қалыпты нәрсе деп санаймыз. Аталған ризық-несібені беруші Алла екендігі есімізден шығып кететіні де өтірік емес. Міне осының барлығын ретке келтіруші, әр нәрсенің қадірін ұғындырушы, денсаулыққа пайдасын беретін айлардың сұлтаны – Рамазан айы.
Г.ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ
Фото: Н.Нұржаубай