Құдайы қонақ (әңгіме)

Алыстағы апасының баласы үйленетін болып, тойға шақырту алған. Үлкендер ана ауылға кеткеннен кейін, жастар жағын онша тани қоймайды. Осыдан алты-жеті жыл бұрын бауырларын ертіп, бір сәлем беріп қайтқан. Одан бері түрлі жағдай болып жатыр ғой.
... Бала күні. Күздің жаңбырлы суық кезі. Әкесі мәшине айдайтын. Жұмысы ауыр. Анасы ерінің қас-қабағына қарап, ас-суын дайындап, жолын тосып жүруші еді. Бір күні кеш қарая әкей жұмыстан келді. Онымен бірге машинадан бес-алты жасар баласы бар әйел және бір ер адам түсті.
Анасы қонақтардың алдынан шығып, жылы ұшырай амандасты. Бейтаныс кісілер екен.
– Бұл кісілер пойыздан қалып қойыпты, жолаушы екен. Қазан көтер, үйге «құдайы қонақ» келді, ертеңгі пойызға шығарып саламыз, – деді отағасы.
– Ал, қош келдіңіздер, қысылмай-қымтырылмай, өз үйлеріңіздей көріп, жайғасыңыздар.
– Қош келдіңіздер, «қонақ келсе – құт» деген. Қуаныштымыз! Төрлетіңіздер, – деп анасы да ерінің сөзін қоштап, дереу ас-судың қамына кірісті... Бұл бір қазақтың қазақшылығы жоғалмаған, кеңпейіл, қонақжай, бауырмал кез еді. Әкей, ақеден, бойында титтей де арамдығы жоқ, жұртқа жаны ашып жүретін кең адам еді. Анасы да мейірімді, көрші-қолаң, туған-туысқа жайлы кісі болды. Қазаны оттан түспейтін, қолы берекелі жан еді.
Санасында бала күннен жатталып қалған осы көрініс бүгін көз алдына қайта-қайта келе берді...
Пойыз жүргесін, купелестерімен таныса бастаған. Жасы біразға жақындаған, бетінің ажары әлі таймаған, басына да орамал тақпайтын заманауи апа өте кірпияз екен. Кіргеннен кіжініп, «грязно, воду вылили, что за подушка, одна синтетика» деп мазаны ала бастады. Бірінші вагон болғасын, мұны естіген жолсерік екі әйел жетіп келді. Дереу тазалап алды.
Шынын айтқанда, тәп-тәуір, жап-жақсы вагон. Апамның неге сонша тулағанын түсінбей қалдым.
– Апай, бәрі де жақсы ғой, көпшілік жер болғасын ондай-ондай болып тұрады, – дедім. Ол тағы да орысшалап бірдеңе айта бастады.
– Я местная, Целиноградская. Восьмой десяток пошел, еду погостить на два дня, – деп әңгімесін айта бастады. – Сын в Москве живет, дочка замужем, мы с супругом отдельно живем, – деп сөйлей бастады.
Өмір бойы өзін күткен, шамасы, кезінде әжептәуір қызмет атқарған немесе шалы дөкей басшы болған әйел сияқты. Кербездің де кербезі екен. (Жалпы адам баласы, әсіресе елуден асқан әйелдерге кербездіктің, кесірліктің, кесапаттықтың түкке керегі жоқ).
– Апай, қазақша білмейсіз бе? – дедім.
– Неге білмеймін, білгенде қандай.
Осы кезде жоғарғы сөредегі келіншек келді. Онымен де таныстық. Оңтүстіктен, Сарыағашта демалып келе жатқан беті екен. Аздап әңгімелескен соң, үшеуміз де ұйқыға кеттік.
Шошып оянды. Пойыз қатты теңселіп келеді екен. Синтетика одеялды жамылғысы келмеген апам бүрісіп, қатты тоңып жатыр екен. Үстіне жылы күртешемді жаптым.
Пойыз мен бара жатқан шағын қалашыққа таң ата, адамдар тәтті ұйқыда жатқан кезде барады. Кеше інісіне жазып жіберген, ол да «уайымдамаңыз, күтіп аламыз» деп жауап беріпті. Соған сеніп бара жатқаны. Болмаса, мекенжайды да сұрамапты, таң атқанша вокзалда отырармын, – деп ойлады ол.
Купелес келіншек бұның ойын оқып қойғандай:
– Апай, сізді күтіп алады ғой? – деп сұрады.
– Ия.
– Мені де жолдасым, балаларым күтіп алады,– деп қуанышын жасырмады. – Сағындым өздерін.
Вокзал ескі, тас қараңғы екен. Көмескі ғана жарық бар. Пойыздан аса көп адам түскен жоқ.
Жан-жағыма қараймын, мені іздеген адам жоқ сияқты. Вокзалдың ішіне келіп, тағы да күтпекші болдым.
– Апай, бауырларыңыз келмеді ме?
– Келіп қалар, осында күтемін ғой.
– Біз сізді алып кеткенше күте тұрайық.
– Жоқ, айналайын, рақмет.
– Дегенмен де, сізбен бірге күтейік.
Амалсыздан бауырының телефонына қоңырау шалды, тұтқаны ешкім көтермеді.
– Сіздер, бара беріңіздер, таң да атып қалды. Өздері вокзалдан алып кетер. Рақмет, сіңлім.
– Ой, апай, жүріңіз біздікіне барасыз, аяқ-қолыңызды созып демаласыз. Жүріңіз, кәне.
– Апырай, бұл қалай болар екен?!, – деп амалсыздан соларға ілесті.
Мәшиненің жанында темекі тартып тұрған күйеуі әйеліне таңдана қарады.
– Бұл кісі – қонақ апайымыз, біздің үйге барады.
– Аманбысыз, апа, қош келдіңіз. Ал кеттік, –деп ол мәшинесіне от алдырды.
Көппәтерлі бес қабатты үй екен. Кіргеннен Айнұр бәйек болып, шәй қойды. Бұл кім деп, әрлі-берлі есіктен сығалап ұлдар да жүр.
– Құдайы қонақ болдым, айналайындар. Айыпқа бұйырмаңыздар.
– Сіз біз үшін құтты қонақсыз, – деді екеуі де.
– Апай, ішкі бөлмеге төсек салдым, терезені ашсаңыз болады, сеткасы бар. Жақсы демалыңыз, – деп есікті жауып шығып кетті.
Танымайтын жерде, біреудің үйінде отырысы мынау. Біреуге айтсаң, адам сенгісіз жағдай. Қазір үйіне кіргізбек түгілі, есігінен сығалатпайды ғой адамдар. «Қой, таң да атып қалды, сәл мызғып алайын», – деп терезені ашты.
Сол жатқаннан қатып қалыпты, тоңып жатыр екен. Сөйтсе, терезе ашық, далада нөсер жауын. Шелектеп құйып тұр. Телефондағы сағаты таңғы алты жарым. Ұйқы жоқ. Баланың телефоны көтермейді, бір кездері жазып алған жеңгесінің де телефоны үнсіз. Содан кеше сөйлескен Алматы жақтағы Базаркүл сіңлісіне звандамақшы болды. «Ертең мәшинемен жолға шығамыз» деген. Өзі қиналып отырса да, жұрттың ұйқысын ойлап әлек. Шошып кетер. Қой, сағат жетіден ассын.
Жәйімен бөлме ішін бір шолып өтті. Көз алдындағы, қарама-қарсы шкафтың жоғарғы сөресі толған медальдар, кәдімгі спортшылардың жарыстан алып келетін медальдары, одан бөлек сөре толы кітаптар. Ия айтқандай, «балаларым біреуі футболға, біреуі шахматқа барады» деген еді ғой. Өзі мектепте мұғалім, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Жолдасы – осындағы ірі өндіріс орнында жұмысшы. Өзі қара болса да, көңілі ақ, елгезек, жақсы азамат екен. Бұдан оншақты жыл бұрын Оңтүстіктен көшіп келіпті. «Ай, біздің елдің адамдары бөлек қой, жатырқамайды, іші-бауырыңа кіріп, барын, тіпті Тәшкеннен балаларына алған күлше нанды да, апай ауыз тиіңіз» деп алдына қойып, бәйек боп жатыр». Үй иелеріне осылайша бар жақсы тілегін айтып, іштей өзімен өзі сөйлесіп отыр. «Той деген оңай емес. Жүгіріп жүріп ұмытып кеткен болды. Еш реніш жоқ. Аман-есен той жақсы өтсін, келіннің қадамы құтты болсын. Апайымның көптен күткен қуанышы ғой» – деп бауырларының да бүгінгі тірлігін ақтап, тілектес болып отыр.
Телефонды алып, «Үйдің адресін берші, такси алып барайын», деп Базаркүлге хабарлама жіберді.
Содан Базаркүл бәрін тікесінен тік тұрғызған ғой.
Сәлден соң кенже бауыры телефон соқты.
– Тәте, қай жердесіз, алып кетейін.
– МәшҺүр Жүсіп көшесі, «Мандарин» деген дүкеннің жанында.
– Құп, қазір келемін, дайын отырыңыз.
– Апай, оянып кеттіңіз бе, шай қойдым, –деді есікті тықылдатқан Айнұр.
– Рақмет, айналайын. Несіне әуре болдыңыз. Қазір інім алып кетем, – деді.
– Жақсы болған екен, олар келгенше, бір-екі шыныаяқ шай ішіңіз.
Қарға тамырлы қазақпыз ғой, шай үстінде ру сұрастық. Анасы – орта жүздің қызы екен, туыс болып шықтым. Екеуміз де мәз-мейрам боп, қуанып қалдық.
– Айналайын, дәм айдап, бүгін сіздерге қонақ болдым. Жаратқанға мың рақмет, жақсы адамдарға жолықтырғанына. Сіздей, жас та болса, тәрбиелі, кеңпейілді, қонақжай, ақжарқын сіңлімді көріп, қуанып отырмын. Жолдасыңа да мың алғыс. Жақсы азамат екен, бақытты болыңыздар!
– Апай, мынау сізге, Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың басына барғанда алған қаламсап еді, бізді еске ала жүріңіз.
– Көп жаса, айналайын.
Осы кезде телефон да шырылдады, мәшиненің дабыл берген дыбысы да естілді.
– Бауырым келген екен. Жаңбыр жауып тұр, шықпай-ақ қойыңыз, тоңып қаласыз.
– Ол не дегеніңіз, өзім шығарып саламын.
Бұл бір естен кетпейтін, қызық сапар болды...
Дәметкүл ҚҰМАҚБАЙ
Фото: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ