Қоршаған ортаны қорғау – әрбіріміздің міндетіміз!

Біздің негізгі қоршаған орта табиғи ресурстардан тұрады. Ол табиғи ресурстарға, тыныс алып жүрген ауамыз, шөліміз қанғанша ішетін суымыз, әрбір басып жүрген қадамымызды көтеретін Жер анамыз және табиғат аясында өмір сүретін жорғалаған жәндіктен бастап, алып жаратылыс иелері жан-жануарларда жатады. Бұл аталғандардың әрқайсысының қоршаған ортада алатын орны зор.
Экология – ол қоршаған орта, ал қоршаған орта дегеніміз – табиғат. Адам өзіне керегін табиғаттан алады. Бірақ қазіргі таңда дүниежүзінде экологиялық апат көбейіп кеткен. Соның бірі – ауаның ластануы. Ауаны ең көп ластайтын – өнеркәсіп орындары мен зауыт, фабрикалар, әртүрлі көлік түрлері. Сонымен қатар жылу-электр станциялары, химия өнеркәсібі және цемент зауыттары жатады. Бұлардың әрқайсысынан шыққан улы түтіннің құрамында адам өміріне немесе жалпы тірі ағзаларға зиянды химиялық элементтер болады. Соның салдарынан ауа ластанып, адамдар түрлі созылмалы ауруларға шалдығады. Мысалы, бір зауытты алайық. Өнеркәсіп және өндіріс орындарында пайдаланылған судың өзен-көлге келіп қосылуына байланысты су көзі де ластанады. Су ластанса, Жер ананың ластануына әкеп соғады. Жердің ластануы топырақтың құнарын жойып, оның құрамындағы пайдалы бактерияға зиян келтіреді. Топырақтың құрамы ластануының салдарынан адамның денсаулығы нашарлайды. Ол адамға ластанған топырақта өсетін шөптер мен онымен қоректенетін жануарлар арқылы тарайды. Осылай қоршаған ортада тұрақсыздық пайда болады.
Деректерге сүйенсек, еліміздегі ең лас қала мен экологиялық апатты аймақ көшін Алматы мен Өскемен шаһарлары бастап тұр. Соңғы жылдарда қоршаған ортаны зиянды заттармен, өндірістік қалдықпен ластайтын өнеркәсіптердің «қара тізімі» жасалды. Бірнешеуін атап өтсек, Батыс Қазақстандағы мұнай-газ, конденсат кен орындары, Өскемен қаласындағы қорғасын-мырыш комбинаты мен титан-магний комбинаты, Зыряновск полиметалл комбинаты, Қарағанды металлургия зауыты және т.б. эколо-гиямызға зиян келтіріп отырғаны барлығымызға белгілі.
Ал енді ауданымыздағы ахуалға келіп тоқталсақ. Қазіргі таңда, Президентіміздің бастамасымен қоршаған ортаны қорғауға арналған экологиялық акция, іс-шара, сенбілік күндері өтіп келеді. Соның бірі «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы. Іс-шара еліміздегі экологиялық ахуалды жақсартуға, халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және азаматтар мен болашақ ұрпақты қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне тартуға бағытталған. Акция еліміздегі барлық өңірлерді қамтып, экологиялық мәселелерді бірлесіп шешуге және қоршаған ортаны таза ұстап, аялауға үйретті. Өткен жылғы осы акция бойынша сенбіліктер өтіп, 1,1 млн тоннадан астам қоқыс жиналып, 1,6 млн-дай ағаш отырғызылды. Бұл акцияға ұйым мүшелері мен мекеме қызметкерлері және еріктілер жұмылған жұдырықтай атсалысты. Ауданымыз акцияға белсене қатысып, экологиялық жаңару деңгейіне көтерілді десек те болады. Қазіргі таңда да аудан орталығын тазарту деңгейі күннен күнге артып келеді. Соның бір дәлелі, жаңадан пайдалануға берілген тұрғын үйлердің орталық көшелеріне біршама ағаш отырғызылып, жаяу жүргінші жолы жаңғырып, ауданымыздың тазалығы жоғары деңгейге жетті. Ауданның «Жасыл ел» еңбек жасағы облыс бойынша 2 жыл қатарынан «Үздік аудан» атанды. «Жасыл ел» еңбек жасағы бойынша 110 жас уақытша жұмыспен қамтылып, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына үлес қосты.
Мемлекет деңгейінде осындай экологиялық акция көбейіп, экологиялық норманы сақтау үшін заңды қатаңдату қажет деп ойлаймын. Сонымен қатар, өндірістік орындарды қоршаған ортаға орасан зор зиян келтіргені үшін тиісті шара қабылдау қажет. Пластик және тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу арқылы тұрмыстық қалдықтар деңгейін азайтып, тұрмысқа қажетті жаңа өнім шығаруға болады. Орман қорын қалпына келтіріп, отырғызатын ағаш санын және сапасын арттырып, оларға күтім жасап, ауа ластануын азайтуға болады.
Қоршаған орта – біздің үйіміз. Оны барынша қорғау, табиғи апаттардың алдын алу, ластанудан қорғау біздің міндетіміз. Табиғатты сақтау арқылы біз болашақ ұрпаққа таза әрі қауіпсіз әлем қалдыра аламыз. Экологиялық білім беруді және жасыл технологияларды көбейту қазіргі таңда әлем үшін маңызды. Біздің әрбір шешіміміз – үлкен өзгеріс алып келетінін естен шығармағанымыз жөн. Қоршаған ортаны қорғап, аялау, оның мәселесін шешу біздің қолымызда!
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ
Фото: Н.Нұржаубай