Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өлеңмен өрілген өмір

Өлеңмен өрілген өмір

Сырдария ауданының бас ақыны Мұхтар Сақтапов 89 жасқа толды. Өнегеге толы саналы ғұмырын шығармашылыққа арнаған ақын мән-мағынасы зор өлеңдерімен күллі оқырманның жүрегінен жол тапты. Аудандық редакцияда жауапты қызметтерді атқарып, оқырманға сан түрлі жанрда мақала ұсынды. Өзіндік жазу мәнерімен көптің алғысын арқалаған қарымды қаламгер басылым ұжымының жастарына үнемі ақыл-кеңесін айтып отырады. Бұған дейін ізінен ерген ақындарға бағыт-бағдар беруден жалықпаған ардагер-журналистің бірнеше өлеңін басылым бетінде жариялап отырмыз.
Редакциядан

          ТЕРЕҢГРАД

Поезд тұрды вагон іші сан халық,
Мен отырмын шетте осыны аңғарып,
Бір жолаушы терезеге қадалды
Көркем, ғажап, көріністерге таң қалып.
– Бұл қай жер деп сұрай берді таң­данып,
– Тереңград, – дедім мен де паңданып.
–Тереңград? Естімегем бұрын мен
Таңқалғандық байқалды оның түрінен.
– Қандай ғажап ғимараттар, сәнді үйлер,
Сүйсінерлік сезілді оның үнінен.
Туған жердің тарихынан баяндап,
Жеткізгендей болдым ақын тілімен.
– Тереңград, Тереңөзек деген жер,
Тұла бойы тұнған байлық терең жер.
Бұл ауданнан шыққан ақын, ғалым бар,
Шыққан небір ғұлама мен кемеңгер.
– Жолаушы дос, енді өтсең бұл жерден,
Басыңды иіп, қайта-қайта сәлем бер.
Бұл ауылдың топырағы да киелі,
Басып қалсаң төбең көкке тиеді.
Әрбір жантақ, жыңғылы мен шеңгелін,
Жомарт жұрты баптап дәйім сүйеді.
Жағасында сұлу Сырдың жайқалып,
Сыр талдары Сырға басын иеді.
Тыңдай берді ол ұйып мені тамсанып,
Кеудесіне нұр қонақтап қаншалық.
Бұл ауылдың адамы емес, даласы
Жатады ылғи күй тербетіп, ән салып.
Қонақ болып келсең мұнда жолаушым,
Кәрі-жасы шығады алдан қарсы алып,
– Жаңалық көп бұл ауылда қызығар,
Жайсаңдардың жатқан терең ізі бар.
Қонақ көрсе алдарынан кесе өтпей,
Келіндері сәлем беріп сызылар.
Түсінгендей барлық сырдың мәнісін,
Сүйсінгендей болды оның жаны шын.
Қолымды алып Тереңград дегенді,
– Енді міне, ұқтым, – деді танысым.
Қуанғаннан көз алдымнан біртіндеп,
Өтіп жатты қол жеткен бар табысым.
Бір керемет сезім билеп бойымды,
Қиял тербеп кете берді ойымды.
Туған жер-ай әттең осы жолаушы,
Көрсе шіркін тоқсан жылдық тойыңды.
Поезд жылжып жүрді орнынан қозға­лып,
Әңгімеге соңғы нүкте қойылды.
Тереңөзек туған жерім, мекенім,
Сенде білдім өмірдің не екенін.
Балалығым ұстап кеткен кездерде,
Топырағыңда аунап-қунап кетемін.
Бір күн көрмей қалсам болды сағынып,
Құшағыңа құстай ұшып жетемін.
Алдымыздан атар талай таң күліп,
Атың сенің тұрар көкте жаңғырып.
Тереңград – Тереңөзек туған жер.
Жүрегімде жыр боп жатшы мәңгілік.

          СЫР СҰЛУЫ

Тарихтың толқынымен жүзіп арман,
Табылған құтқа айналып, қызығы алдан.
Халықтың панасы боп, анасы боп,
Бойында ұлы ерліктің ізі қалған.
Атқанда арайланып күліп таңдар.
Атағын жырға қосып, ұлықтаңдар.
Адамға мейірін төккен Сыр ананың
Аялы алақанын ұмытпаңдар.
Сан ғасырдың құшағында тербелген,
Салмақты ой, сабырлы салт сен берген.
Сырласым да, мұңдасым да бір өзің,
Сыр анашым сені ешкімге теңгермен.
Батырлардың, тұлғалардың тұрағы,
Сен бүгінде ақындардың жыр-әні.
Сенің отты алақаның әрдайым,
Ел жұртыңа шуақ төгіп тұрады.
Келгендерді құшақ ашып, қарсы алып,
Келбетіңе жұрт сүйсінген тамсанып.
Жағалауың жасыл желек жамылып,
Жатады ылғи құстар шулап, ән салып.
Даналардың алдың талай батасын,
Дархандықтың көрсеттің тек атасын.
Әлі күнге мейір төгіп халқыңа,
Несібесін бөліп беріп жатасың.

   ТУҒАН ЕЛІМ – ТАҒДЫРЫМ

Туған елім – ардақтым, алтын күнім,
Байтақ ел боп шалқыған даңқың бұрын.
Қайта оралды қазақтың бар дәстүрі,
Қайта оянды ұйқыдан халқым бүгін.
Басы бірге тоғысып құралмаған,
Қиындықты көп көрді-ау қыран далам.
Бейнет кешіп, береке күйін шертіп,
Жеттік бүгін бәріміз бұған да аман.
Егеменді ел болды сүйікті елім,
Көтерілді мәртебем, биіктедім.
Тірлігімнің тынысы терең ағып,
Төбем көкке тұрғандай тиіп менің.
Ақылды қыз көбейді, ақылды ұлым,
Әлем танып атымды жатыр бүгін.
Елдігімді паш етті, ерлігімді,
Космоста Талғаттай батыр інім.
Қаншама ерлік жасалып қас қағымда,
Қас азайып, көбейді достарым да.
Қаһарман ел қазақтың туы бүгін.
Желбірейді Лондонның аспанында.
Жомарттығын танытып далам бүгін.
Жатыр халқым жаңғыртып заман үнін.
Президентім елімнің қамын ойлап,
Тілеп отыр жұртының амандығын.
Туған елім – ардақтым ұлы есімді,
Сен арқылы жүректен жыр есілді.
Сенің туың биікте тұру үшін,
Қосам тынбай маңдай тер, үлесімді.

       АСҚАР АҚЫН

Күлкісінен шуақты таң атқандай,
Жүрегінде шабыт шамын жаққандай.
Таяғын жәй тықылдатып есіктен,
Асқар аға кіріп келе жатқандай.

Жыр оқимын құлақты сал, ал тыңда,
Жыр оқысаң найзағайдай жарқылда.
Көзгелдігін қозғап қойып сәл ғана,
Толғанды ақын сол баяғы қалпында.

От кеудесін сиқырлы бір гүл өпкен,
Мұңдасып тұр арман, мақсат, тілекпен,
Жыр құдірет жаулап алар жаныңды,
Шығып жатса шымырлап шын жүрек­тен.

Жүрген жері думан, әзіл, кіл қызық,
Қалжың сөзбен алатын бір күлгізіп.
Ұрпағына ескерткіш қып қалдырды,
Сыр бойында жырдан күмбез тұрғызып.

Шәкірт болғам мен де жігіт жасым да,
Шабыт шалқып, ойлар туып басымда.
Жыр толғатып тұрмын іштей күбірлеп,
Асекеңнің ескерткіші қасында.
11 ақпан 2025 ж. 118 0