Мұхтар шыңы
Бірінші сыныпта мені оқытқан апай орын ауыстырып, енді басқа ауылдан ақшыл сары өңді, жұқа сары шашты, бетінің аздап секпілі бар, жұмсақ мінезді Мұқан аға Мағауин мұғалім болып келген. Бір айдай бізді қырман басына қатынап жүріп оқытқан. Жаймашуақ бір ашық күні сынып бөлмесіне келсем, менің партамның екінші бөлігінде кең маңдайлы, үлкен көзді, ақсары бала отыр екен. Мұғаліміміз: «Блөкжан, сенің қасыңа Мұхтарды отырғыздым, енді қатар оқисыңдар» деді. Әлі есімде, бұл 1948 жылдың қазан айының 8-күні болатын. Осы күн өмірімде шешуші бұрылыс жасады, біз бірге оқыдық, жарыса өмір шыңдарына өрледік.
Төртінші сыныпта мамыр мейрамының бірінде Мұхтар екеуміз мектептің жадағай төбесінде, сырмақ үстінде өмір жөнінде толғаныс айтып жатқанбыз. Бір кезде Мұхтар маған: «Сен өскенде кім боласың?», деді. «Бастық боламын» деуден жасқандым, басқадай мардымды ештеңе айта алмадым. Ол бетіме тіктеп қарап: «Мен жазушы боламын», деп аз бөгеліп, «Мұхтар Әуезов сияқты», деді. Менің жүрегім шымыр ете қалды, Мұхтар сол кезде алыс межені болжаған екен.
Алпысынша жылдары екеуміз аспирантурада оқыдық, Академияның кітапханасында кезігеміз, ол сирек қолжазбалар залында, мен табиғи ілімдер залында отырамын. Түс кезінде Пушкин ескерткішінің қасында серуендейміз. Бірде «Әй, Шәйкенов, тыңдашы мынаны», деді.
«Алп-алп басқан, алп басқан
Арабы торым өзіңсің.
Жазылы, алтын, қол кескен
Алдаспаным өзіңсің»
деп бір тоқтады, сонан-соң он минуттай осы жырды ауызша оқып, алқынып барып тоқтады. Біткен кезде ішімнен, «ой сайтан-ай», дедім. Әу бастан білем, оқығанды жадында сақтау қабілеті тым жоғары, соншама жырды жатқа айтып тұр. Бірнеше рет оқып, машықтанып әуреленбейді, жүйелеп бір-екі оқығанда есінде берік сақталып қалады.
– Керемет екен. Кім? – дедім, мен де әзер демімді алып.
– Шалкиіз жырау.
Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет, Жиембет, Марғасқа, Ақтамберді, Үмбетей жыраулар, Тәтіқара, Көтеш, Шал ақындар, бұрыннан белгілі Асан қайғы, Бұхар жыраулар інжу-маржан жырларымен өздеріне тиесілі орындарына орналасты. 1968 жылы «Қобыз сарыны», 1970 жылы «Алдаспан» жарыққа шықты. Авторы – Мұхтар Мағауин. Қазақ мәдениетінің іргесі он бесінші ғасырға жылжыды. Ештеңең жоқ, «тағы ел едің» деген тұжырым біржола жабылуы керек болды. Жай оқырман екі қолын жайып қарсы алды, қуанышы шексіз. Елді мақтаныш биледі.
Ғылыми ізденіс Мағауиннің алғашқы жолы ғана, қомақты болса да, бастысы емес. Жетпісінші жылдың басынан кейін ол нақты жазушылыққа көшті. Тың тәсіл, жаңа тұрғыдағы, тілі де, оқиғасы да бай шығармалар дүниеге келді. «Көк мұнар», «Аласапыран», «Сары қазақ», «Шақан-Шері», «Қыпшақ аруы», «Құмырсқа-қырғын», «Жармақ», отыздан артық әңгімелер: «Кешқұрым», «Тіленші», «Қияндағы қыстау», «Тазының өлімі», «Түнгі қонақтар», «Шаңқа», «Қуыршақ», тағы да толып жатқан. Оларға менің мінездемем керек болмас. Әйтсе де осы шығармалар шетелде жазылса, жоғарғы сөрелерден орын алары анық. «Аласапыран», «Шақан-Шері», «Қыпшақ аруы», «Жармақ» – сөз жоқ классикалық туындылар.
Өзімнің ғылыми ізденісімде зер сала оқитын елдің әдеби, мәдени тарихын зерттеулерде кездескен талай ойлы, намысты, табысты ғылыми жұмыстар жасаған ғалымдарды білемін. Әйтсе де қазақ қоғамының тарихи қалыптасуына терең және әділ сараптама жасаған бір зерттеуші, ғалым бар. Ол – Мұхтар. Оның үйінде 8 мың томнан аса тарихи, мәдени зерттеулер қалаулы тұр. Олар аса үлкен талғаммен керекті бағыттар бойынша жинақталған. Мұқаң бір оқыған дүниесін еш ұмытпайтын, әсіресе тарихи оқиғалар оның зердесінде ерекше орын алатын. Жай болжам, естігенді көпейтіп өсіру емес, бәрі нақты ғылыми айғақталған деректер негізінде. Ол білімі телегей теңіз, сирек дарынды ғұлама ғалым еді.
Мұқаңның жігеріне шырмау, шығармашылығына кедергі, даулы түйіндердің негізі болған шаруалардың бірі – ескі мұраны дәріптеу, оларды жарыққа шығару. Осы ретте ол бес жыл жүріп қазақ поэзиясының маржандарын («Поэты Казахстана», «Бес ғасыр жырлайды») бастырды. Тарихи шындықты негіздеуде алғашқы батыл қадамды ол дербес қазақ хандығының шежіресі іспетті «Қазақ тарихының әліппесін» жазып шығарумен бастады.
«Түркі, қазақ тарихының негізгі белесті кезеңі Шыңғыс хан империясының құрылуы» дейтін. Творчествосы толысқан, ұлан-ғайыр білім жинақтаған ол жараған аттай дайын еді. Бес жыл отырып, төрт томдық Шыңғыс хан романын жазып бітірді. Әдеттегі әдеби образ емес, қытай тарихшылары, жылнамашылары, Еуропаның кезбе ғұламалары жазып қалдырған нақты деректер негізіндегі тарихи роман.
Мұхтардың ойлары тосын, жат қоғам қалыптастырған тұжырымға кереғар, Шыңғыс ханды ұлы азат етуші деп жариялады. Осыдан біраз бұрын дүниежүзінде 850 жылдығы дүркіреп атап өтілген ұлы қолбасшы, шынында да әлемнің байтақ бөлігінде екі ғасырға жуық бейбіт өмір орнатты, ал өзі мыңжылдық адам деп мойындалған. Мәдениетті қауымның біраз бөлігі онан хабарсыз екен. Мұхаң ең үлкен күнә кешкендей айыпталды. Дау-дамай үш жылға созылды, бірін-бірі ғайбаттаған мақалалар баспасөздің бетін шимайлады, елді мезі қылды.
Мұхтар қайыспады. Алдаспанын қолына ұстап ұрысқа жеке шықты және оны абыройлы орындады. Оның қамалы берік еді. Ол – байтақ тарихи білім, жаңа ұлттық сана. Түйін оңай шешілді. Экранға 26 бөлімді қытай халқының Шыңғыс хан жорығы мен империясының құрылуы жөніндегі киносы шықты. Дау тып-тыйпыл болды. Жалғыз Мағауин. Және бір жарым миллиард қытай халқы. Ұят-ақ болды.
Қазақ қоғамының қалыптасуында жетіспейтін тарихи толғаудың бір парағы әлі толтырылмаған. Ол – Алтын Орда тарихы. Солтүстік көршіміздің зорлықты нығыздаумен жасалған шындыққа жанаспайтын, елдігімізді қорлайтын, парықсыз тұжырымдар мен пайымдаулар етек алды. Тіпті байырғы жерлерімізді біз сыйлап едік, пайдаланып кеттіңдер деген жалалар көбейді. Осы кезде Мұқаң «Алтын Орда» тарихи романын жазып, ол елдің ел болып қалыптасуының төркіні қайдан шыққанын дәйекті жауаппен айғақтады.
Мұқа, сен қазақ әдебиеті мен мәдениетінде бүтіндей бір дәуірсің. Әдеби шығармаларыңның таразышысы халық, сол халқың қадірлейді сені. Ел санасында ең жоғарғы тұғырда тұрсың. Алтын дәптер түгелдей сарқылмады, бірақ онда белгіленген ең құнды армандарыңды жарыққа шығарып, еліңе сыйладың, алған міндетіңді түгелдей өтедің. Енді Нарқызылды ерттеп мініп, көкке қарай бет алдың.
Қош, қазақтың алдаспаны!
Блок ШАЙКЕНОВ,
биология ғылымдарының докторы, профессор,