«Морж адам» атанған Дос
Сәкен Сейфуллин ауылының тұрғыны Дос Салхадинов осыдан 5 жыл бұрын ауыр жол апаты салдарынан денсаулығын зақымдайды. Ота жасалғаннан кейін оның жүйке жүйесінде ауырсыну белгісі пайда болады. Бірнеше жыл қиындық тудырған сырқатынан айығу амалын кейіпкеріміз ұзақ уақыт бойы іздейді. Ол әлеуметтік желі арқылы қыс мезгілінде суық суға түсудің пайдасын біледі. Медицинада мұндай тәжірибе жасауды «морж адам» деп атайды екен.
Дос Салхадинов 45 күн бойы қытымыр қыстың аязына қарамастан, таңертең және кешке суық суға шомылады. Сонымен қатар сенбі және жексенбі күндері «Сырдария» өзеніне барып, мұз ойып бірнеше минут су астында тұрады. Сырдариялық «морж адам» атанған Дос Сүлейменұлы денсаулығында оң өзгеріс орын алғанын байқайды. Бұрынғыдай әлсіздік жоғалып, жүйке жүйесінде қысылған бұлшық еттер қалпына келе бастайды. Ангина дертінен айығып, тұмау тиюден біржолата құтылады.
– Ең алғаш тәжірибені бастаған кезімде бойымда қорқыныш болмады. Аязды күні суық суға шомылудың өзіндік тәсілі бар. Суға шомылған сәтте тамақ ішпеу керек. Яғни, аш қарынға немесе тамақ ішкеннен кейін 2 сағат уақыттан соң суық суды үстіме құямын. Мұзды ойып, суға түскенімде денемнің өзгеріске ұшырағанын байқадым. Тәжірибе жасағаныма 60 күн толғанда мұзды ваннаға шомылуға дайындық жүргізудемін. Бұрын денедегі суықты қайтару үшін көптеген дәрі қабылдайтын болсам, қазір ешқайссын қажет етпеймін, – дейді Дос Сүлейменұлы.
Аз ғана уақыт ішінде «морж адам» атанған Достың ерік-жігері мықты. Себебі, мұндай қадамға бару үшін кез келген кісі психологиялық тұрғыдан дайындық жүргізу керек. Кей жағдайда суық судың әсерінен адам денесі күйзеліске ұшырауы мүмкін. Кысқа мерзімді ем-шараның бірнеше ғасырлық тарихы бар. Ең алдымен, тәжірибеден өтпес бұрын денені суық сумен ысқылап, тамақты шаю керек. Ойланбай жасаған тосын әрекет зардабынан адам дертінен айықпауы ықтимал. Десек те, Дос Сүлейменұлы мықтылық танытып, мұзды ванна қабылдауға дайындық жасауда.
Б.ОРДАБЕКОВ