Су айдындарында қауіпсіздік шаралары күшейтілді

– Облыс аумағынан өтетін Сырдария өзенінің ұзындығы 1 274 шақырымды құраса, ал өзен бойындағы қорғаныс бөгеттерінің жалпы ұзындығы 625,12 шақырымға жетеді. Өзен маңында су тасқыны қаупі бар 29 елдімекен орналасқан. Бұл аумақтарда 70 мыңнан астам тұрғын, 14 мыңға жуық тұрғын үй бар. Қазіргі уақытта ықтимал су тасқыны кезеңінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін дайындық жұмыстары белсенді жүргізілуде. Атап айтқанда, 53 эвакуациялық жинақтау және 36 эвакуация қабылдау пункті дайындалды. Қысқы кезеңде 22 орналастыру пункті және 13 учаскеде жылыту пункті жұмыс істеп тұр. Авариялық-құтқару жүмыстарын жүргізуге азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдары да әзір,- деді облыстық ТЖД ТЖ алдын алу басқармасының бастығы Бейбітхан Спанов.
– Бүгінде облыс аумағында қыс мезгіліндегі су айдындарында қауіпсіздік ережелерін түсіндіру, балық аулау кезінде және алдағы "Крещение Господне" мерекесі аясында жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында "Мұз" акциясы ұйымдастырылуда. Науқан аясында 4 000-нан астам тұрғын, оның ішінде 200-ден астам балықшыға қауіпсіздік ережелері бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан су айдындарында қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында күнделікті сағат 14:00-ден 19:00-ге дейін рейдтік профилактикалық шаралар өткізілуде. Бұл шараларға "МИ-8" және "Еврокоптер" тікұшақтары, дрондар, "МАРШ" және "ТРЭКОЛ" жоғары өтімді техникалары жұмылдырылған. Сондай-ақ, "Крещение Господне" мерекесі кезінде белгіленбеген және жабдықталмаған жерлерде шомылуға, құтқару қызметі мен медицина қызметкерлері болмаған жағдайда суға түсуге тыйым салынған. Мұз үстінен тікелей суға сүңгуге және алкогольдік ішімдіктерді ішіп, мас күйде шомылуға болмайды,- деді облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ғафур Ақмырзаев.
@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі