Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерейді тасытқан молшылық мерекесі

Мерейді тасытқан молшылық мерекесі

Бүгінде ауданда егін жинау науқаны аяқталып, диқандар «Алтын күз – 2024» іс-шарасын кеңінен өткізуде. Жақында «Жарбол» шаруа қожалығы Тереңөзек кенті клубында молшылық мерекесін тойлады. Оған Тереңөзек кентінің әкімі Ержан Бахтияров, «Жарбол» шаруа қожалығының төрағасы Жарбол Ешмаханов, Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің директоры Болатбек Ұлтанбекұлы, жергілікті тұрғындар, қазыналы қарттар қатысты.

«Несібесі мол елдің егіні бітік шығады» сөздің мағынасы тереңде жатыр. Шаруашылықтың диқандары алажаздай күтіп баптаған егіннің жемісін көруде. Соқамен жер жыртып, маңдайын күн сүйген диқан қауымға Тереңөзек кентінің әкімі Ержан Бахтияров шынайы лебізін білдірді.

– Ырыс пен несібені шашпай-төкпей қамбаға құйған дала еңбеккерлерінің табандылығы ерекше. Күні-түні егістік басынан табылып, Сыр салысының бітік шығуына атсалысқан әрбір майталман маман құрметке лайық. «Жарбол» шаруа қожалығының жылды табысты қорытындылағанына дән ризамыз. Елде отырған ағайынның табысы молая берсін, – деді кент әкімі.

Салтанатты іс-шара барысында бірнеше диқанға тоңазытқыш, теледидар секілді бағалы сыйлық табыс­талды. Думанды мерекеден ешбір жұмысшы қалыс қалған жоқ. Ауыр техниканы басқарып, егістік басында ұтымды жұмыс атқара білген кез келген механизатор шаруашылық жұмысының ілгері басуына себепкер. Бригадир мен күрішші өнім ала болмауына тікелей жауапты.

– Ең алғаш шаруашылықты құрға­нымызда көптеген қиындықты бас­тан өткердік. Бізде техника қоры жеткіліксіз болды. Еліміздің түкпір-түкпірін аралап, ауыл шаруашылығына қажетті барлық техниканы қолдан құрастыруға мүмкіндік жасадық. Осындай ауыртпалыққа толы кезеңде механизатор Нұрлыбек Ысқақ жанымыздан табылды. Бірнеше жыл еткен еңбек ақталды. Осы күні мемлекеттің қолдауының арқасында жаңа техника алуға қол жеткізіп отырмыз. Күрішті аман-есен қамбаға толтырып, мерейіміз тасығанына шаруашылықтағы барлық маманның үлесі зор, – деді Жарбол Ұлтанбекұлы.

Айта кетейік, Жарбол Ешмаханов жақында Мемлекет басшысының қатысуымен Астана қаласында өткен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің І форумының делегаты атанды. Ауыл шаруашылығы саласында атқарылуға тиісті ауқымды мәселелер сараланған жиында жергілікті диқандардың еңбегі қалыс қалмаған.

Салтанатты жиында Сырдария ауданының Құрметті азаматы Гүлбар Әбілқызы, ардақты ардагер Зайдағали Жүсіпбайұлы сөз сөйлеп, диқандардарға ақжарма тілегін жеткізді. Ауылдың ақылман ақсақалы Қаһарман Өмірзақов пен «Алтын алқа» иегері, ақ жаулықты ана Қалима Тайбағарқызы, механизатор Нұрлыбек Ысқақ және күріш бригадирі Әскербек Ұлтан­бек­ұлына жаңа авто­көлік­тің кілтін табыс­тады.

– Жас­­та­­йымнан тех­­­ника тілін меңгеріп, сү­йікті ісіммен айналысып келемін. «Жарбол» шаруа қожалығында жастар қатары көп. Шаруашылық басшысы ауылдан шыққан жастарды барынша қолдауда. Аға буынның жол нұсқауымен жұмыста ыждағаттылық танытып келеміз. Жыл қорытындысы бойынша автокөлік кілтін табыстаған ұжымға шынайы алғысымды білдіремін, – деді механизатор Нұрлыбек Ысқақ.

Терең­өзек кенті клу­бы­ның ұжымы жи­налған көп­ші­лікке ме­­ре­келік көңіл-күй сыйлады. Аудан өнер­паздары пат­риот­тық ән шыр­қап, би би­леді. Мол­шы­лық мерекесіне арналған кеш «Ақ тілек» мейрамханасында жалғасын тап­ты.


Балтабай ОРДАБЕКОВ
26 қараша 2024 ж. 78 0