Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Түтінге тұншықпа, жас өмір!

Түтінге тұншықпа, жас өмір!

Бүгінде әлемде асқынып тұрған дерттің бірі – шылым яки темекі тарту. Адам денсаулығын барынша тұншықтырып отырған зиян­ды зат осы күнгі ғана емес, келешек ұрпақ үшінде қауіпті дерт. Статистикалық дерекке көз жүгіртсек, Қазақстанда биыл темекіні тұтыну өлім-жітімге және мүгедек болуға себеп болған жетекші 10 фактордың арасында үшінші орынды алады екен. Бұдан темекінің адам денсаулығына қаншалықты зиян келтіретінін байқауға болады.

«Темекі шегу – денсаулыққа зиян» деген жазу мен неше түрлі қорқынышты суреттерді көре тұра шылым шегу бұл – ессіздік. Сонымен қатар темекі бағасының жыл­дан жылға өсуінің өзі темекіге құмар­лықты азайта алар емес. Лев Толстой «Адамды ессіз түрде баурап, небір сорақы әрекеттерге жетелейтін ең қарапайым азғырғыштың түрі «бәрі де солай істейді ғой» деген ақталу» дегендей, темекіге қызығу, салдарын зер­делемей пайдалану сол еліктеуден пайда болады. Яғни, өмірде кез­десетін көптеген адамдардың дені зиянды әдетті еліктеп бастаған.

Шамамен темекінің құрамында 7 мыңнан астам химиялық зат бар, олардың көпшілігі улы және кон­церогенді. Негізгі зиянды заттар никотин – адамның жүйке жүйесіне әсер етеді, тәуелділікті тудырады. Көміртегі тотығы бұл – қандағы оттегінің тасымалдануына кедергі келтіреді, яғни жүрек пен миға оттегінің жетіспеушілігіне әкеп соқ­тырады. Ал түйіршіктер мен шайыр­лар – өкпе тіндеріне жиналып, олардың қызметін нашарлатады. Және де формальдегид, бензол, аммиак сияқты улы химикаттар – қатерлі ісік қаупін арттырады.

Бір сәттік рахат үшін ден­саулығына кері әсерін тигізіп жатқан темекінің құрамында улы заттар адам денесіндегі бір ғана мүшеге ғана емес барлық ағзаға зиянын келтіреді. Біріншіден, темекі түтіні өкпені зақым­дайды. Өкпенің қатерлі ісігі, созылмалы бронхит және өкпе эмфиземасы сияқты ауруларға себеп болады. Сонымен қатар өкпенің функ­циясын төмендетеді, соның нәти­жесінде демікпе мен тыныс алу қиындықтарына әкеп соғады. Бір күн­де екі қорап темекі шегетін адамдарды да кездестіріп жатамыз. Өзіңіз ойлаңыз, егерде адам көп темекі шегетін болса, кислород қажетті мөлшерде ағзаға жетпейді деген сөз. Ауызда қалған темекі түтіні қал­дықтары асқазанға түсіп, түкірік жұтқанда ас қорыту жүйесіне де кері әсерін береді. Ал темекіден ең қатты зардап шегетін мүше ол – ми. Бұл дегеніміз темекіні бір рет шексеңіз мида тәуелділік пайда болады. Мұнан бөлек, темекі шегу инфаркт, инсульт, атеросклероз сияқты жүрек ауруларына алып келеді. Қан қысымын көтеріп, қан тамырларын тарылтады, бұл жүрекке қосымша жүктеме түсіреді. Сонымен бірге асқазан мен ішекке зиян келтіріп, асқазан жарасы мен асқазан-ішек қатерлі ісігіне әкеледі, асқорыту ферменттерінің бөлінуін бұзады, бұл тағамның дұрыс қорытылуына кедергі келтіреді. Шамадан тыс никотин пайдалану жүйке жүйесінің әлсіреуіне және созылмалы күйзеліс, ұйқысыздық сияқты мәселелерге әкелуі мүмкін. Сонымен қатар темекі тұтынушылардың терісі ерте қартаяды, әжімдер пайда болады, шашы әлсірейді және түседі.Темекі ағзаның иммундық жүйесін әлсіретеді, бұл инфекцияларға қарсы тұру қабілетін төмендетеді, жаралардың жазылуын баяулатады, әртүрлі ауруларға бейім етеді. Сондай-ақ темекі шегу тек тұтынып тұрған адамға ғана емес, оның айна­ласындағыларға да үлкен қауіп төндіреді. Мәселен, темекі шекпейтін адам темекі түтінін өз еркінен тыс жұтады. Ол да жүрек, өкпе ауруларына және қатерлі ісік қауіпін арттырады. Бұл жағдай көбіне жүкті әйелдер мен балаларға үлкен зиян тигі­зеді екен.

Қасиетті асыл дінімізде адам өміріне қауіп төндіретін темекі харам етілген. Бұған қатысты Алла Тағала Құранда: «Өз­деріңді өз қолдарыңмен құрдым­ға кетірмеңдер...», – дейді. Ал Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Өзіңе де, өзгеге де зиян келтіруге болмайды» деп ескерткен. Имам Тахтауи ән-Нәжму әл-Ғазидің мына сөзінде: «Темекі Дамаск қаласында XV ғасырда пайда бола бастады. Ол мас қыл­маса да адамның әлін кетіретіндігі үшін харам болады. Умму Саламадан жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрбір мас етуші және әлді кетіруші нәрсеге тыйым салды» делінген. Әрқашанда адамға аманат етілген денсаулықты сақтап, қадірін білген жөн. Темекіден бас тарту – саламаты әрі ұзақ өмірдің кепілі.

Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА
Фото: egemen.kz
19 қараша 2024 ж. 91 0