Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кешірімді болу үшін керек кеңестер

Кешірімді болу үшін керек кеңестер


Өмірдің даңғыл жолында жасалған кейбір қателіктердің кесірінен өмір ережесі бұзылып, соқтығыстар туды. Бірі сіздің қатеңіз болса, енді бірі басқалардың қателігі. Бұл қателіктердің барлығына мән беріп, айтылған сөзді жақын қабылдасақ, әрине, өмір сүрудің мәні де жоғалар еді. Сондықтан, өміріңізде болған ақтаңдақтарға аса мән беріп, өзіңізді жегідей жеудің қажеті жоқ. 

Ең алдымен өзіңізді кешіріңіз! Білместіктен болған қатенің кесірінен өмірдің барлық сәтсіздіктерін бақытсыздыққа балап, өмірден түңілмеңіз. Өткен-кеткен қате шешімдеріңізді ойлап тағы басыңызды қатырмаңыз. Тек сол қателік неден, қандай себептен болғанын саралаңыз. Біз әлі талай қателік жібереміз. Ол үшін қаймығып, уайымдаудың да қажеті жоқ. Қателік бізді шыңдайды. Бізге елес болған асқарды, өзіміз бағындырған белеске жеткізеді. Бұрын өткен кемшіліктерді өз бетіңізге өзіңіз бассаңыз, сіздің әлсіз, өмірге шыдамсыз екеніңіз аңғарылады. Сізді қазіргі деңгейге көтерген де осы қателік. Қателесуден қорықпаңыз! 

Кей адамдар өмірінің соңына дейін ата-анасын жазғырып, соларға кінә тағады. Оның балалық кезі басқалардай бақытты өтпегені үшін немесе тіпті бала санасында қалған ойыншыққа қолы жетпегені үшін де реніштер болады. Бұл реніштерді бүгіннен бастап санаңыздан өшіріңіз! Біреуге назалы болу – денсаулығыңызға зиян. Сізді дүниеге әкелген адамдарға кінә тағу адамгершілікке жатпайды. Және сол бұлыңғыр бала шақтағы өкпені ұмытпай, сіз ересек адамдар қатарына қосылмайсыз. Себебі, сіздің бар психологияңыз, ойыңыз, санаңыз сол алыс кезеңде қалып қойған. Сондықтан, ересек адам қатарына қосылып, дербес өмір сүргіңіз келсе, кешірімді болыңыз! 

Сүйіктіңізге назданбаңыз! Әйел мен еркектің арасында келеңсіз жағдайлар, әрине, көп болады. Қателіктерге бой алдыратын сәттер де бар. Сондай сәтте бірі екіншісіне тіл қатпай, бірін-бірі тәрбиелемекші болады. Сұстанып, сөзіне мән бермей, ашуын көрсетеді. Бұл – артық әрекет. Әйтпесе, бірі іштей кешірсе де, оның санасына жетсін деген мақсатпен иілмейді. Кейде тіпті беделін түсіргісі келмейтіндер де бар. Бірақ, әңгіме сіздің таңдаған өмірлік жарыңыз, сүйіктіңіз жайлы болса, бедел туралы ойлауға сіздің қандай хақыңыз бар? Демек, сіз өз махаббатыңыздан уақытша бас тарттыңыз. «Мен оны бәрібір кешіремін» деген тіркестер арулардың тарапынан көп айтылады. Ал егер сіз оны күндердің күнінде бәрібір кешіретін болсаңыз, неге бүгіннен бастамасқа? Егер қатты ренжітіп, көңіліңізді құлазытса, оның сіз жақсы көретін он қасиетін теріңіз. Міндетті түрде даудың соңы шиеленісіп кетпей тұрып, кешірім беріңіз! 

Айналаңыздағыларға кешіріммен қараңыз! Сізді кімде-кім ренжітсе, соны тез арада кешіруді әдетке айналдырыңыз. Ішіңізде сақтап, бар өкініш пен ызаны бойда ұстау – бар проблеманың бастамасы. Жағымсыз ойлар сіздің миыңызға маза бермей, санаңызды улайды. Егер ренжіскен адамыңызбен қарым-қатынасыңызды үзсеңіз де, кешірім беріңіз. Мейлі ол кінәлі болсын, болмасын. Жай ғана телефон соғып, кешіргеніңіз туралы мәлімдеңіз. Немесе хат жазып жіберіңіз. Сіз кінәлі санаған адамның ақталуын талап етпей-ақ қойыңыз. Жай ғана жүрегіңізді шырмаулы өкпеден босатып, сол адамға бақыт тілеңіз. Сіз қашалықты кешірімді, мейірімді, арайлы болсаңыз, өмір де сізге жылы шырай танытады. Өмірдің барлық сәтсіздіктері – сәттіліктің бастамасы. Өзіңізді, өзгені кешіру арқылы жағымды аура жинайсыз. Бұдан былай өмірдің қай күйгелек сәті болмасын, өзіңізді қолға алған жөн. Ешкімге дауыс көтеріп ұрысып, дау-дамайға араласпаңыз. Психолгтардың айтуынша, айғайға, ұрысқа кеткен энергия, таңғы аста жинаған энергиямен тең. Ұрыс – жүйке жүйесіне әсер ететін фактор. Көңілді түсіру, жылау, дауыс көтеру қан айналымының бұзылуына да әкеп соқтырады. Тіпті, кей қатерлі ісіктер де, осы жанжалдар мен адам арасындағы қарым-қатынастан пайда болады. Іште кек сақтап, біреуге дықтану да өз кесірін тигізбей қоймайды. Ренішін шығармай, бүккен адам, зоб және тағы басқа тамақ ауруларына шалдығуы мүмкін. Сондықтан денсаулығымыз мықты болсын десек, көңіл-күйді реттеп, ойдағы бар жағымсыз энергиядан босауымыз қажет. Кей кезде тіпті бізде шаруасы жоқ адамға мінез көрсетіп, жанжал туғызып, оны өзімізге жақын қабылтап жатамыз. Сіз туралы мүлдем ақпараты жоқ адамға жігеріңізді жасытпаңыз. Ол жай ғана әурешілік. 

Кешіру туралы мол ақпаратты, әрине, ғаламтордан оқып немесе аудиокітаптарды тыңдай аласыз. Өз-өзіңізді тәрбиелеп, танып, өмірден рахат алуға бағытталған кеңестер мен ережелерге құлақ асқанның артығы жоқ. Аптасына бір рет осындай танымдық аудиокітаптарды тыңдауды әдетке айналдырыңыз, не кітап дүкендерінен кітап сатып алыңыз.
31 мамыр 2018 ж. 893 0