Сарапшылар мәслихат депутаттарының өңірлердегі рөлін талқылады
19 маусым күні Еуразиялық интеграция институтында «Ашық саясат» сараптамалық клубы «Қазақстан өңірлеріндегі өкілді билік органдары: жұмыс істеу мәселелері мен перспективалары» тақырыбында кезекті пікірталас өткізді. Оған ғылыми-сараптамалық қоғамдастық өкілдері, қоғам қайраткерлері, депутаттар қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сарапшылар мәслихаттардың өңірлердегі нақты рөлін, сондай-ақ олардың қолданыстағы заңнама шеңберінде өз өкілеттіктерін қаншалықты тиімді іске асыратынын және Қазақстанда жүргізілген саяси реформалардан кейінгі әлеуетін талқылады.
Еуразиялық интеграция институтының басшысы Оразғали Селтеев саяси институттардың іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін, олардың өңірлердегі жұмысын одан әрі реформалау қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ сарапшы мәслихат депутаттарының жергілікті жердегі басқару процестерінде пассивті екенін айтып өтті.
«Расында қабылданатын басқарушылық шешімдердің сапасы мәслихаттарға тікелей байланысты. Олар әкімдіктердің жұмысына жүйелі бақылау жүргізіп, шенеуніктердің сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеуі тиіс. Сондықтан барлық субъектілердің өкілеттіктері мен өзара іс- қимыл регламенттері нақты жазылатын жергілікті өзін-өзі басқару туралы жеке заң қабылдау керек», деп атап өтті Еуразиялық интеграция институтының директоры.
«Мемлекет тарихы институты» РММ жетекші ғылыми қызметкері, саясаттану ғылымдарының кандидаты Бауыржан Шерияздановтың айтуынша, бірінші кезекте заңнамада мәслихаттар мен әкімдіктердің басқармалар мен бөлімдердегі өкілеттіктерін нақты айқындау қажет. Бұл жылдам кезең емес, мұның бәрін егжей-тегжейлі түрде ойластырып, талдау қажет.
Мемлекеттік басқару саласындағы сарапшы Сабина Садиева мәслихаттардың қолданыстағы әкімшілік рәсімдер мен жүйелер шеңберінде жұмыс істейтініне назар аударды. Оның айтуынша, егер қалыпты бюджеттік жоспарлау болмаса, онда депутат көп нәрсе істей алмайды. Сондықтан Бюджет кодексін реформалау және әкімшілендіру мен бақылау сапасын арттыру үшін нәтижелерді бағалаудың жаңа жүйесін әзірлеу талап етіледі.
VIII шақырылған Астана қаласы мәслихатының депутаты Сәуле Самидин әкімдіктерге бақылау және ықпал ету тетіктерінің жеткіліксіздігін атап өтті. «Мәслихат депутаттарының әкімдікке әсер етуінің негізгі тетігі – бюджетті бекіту», деді депутат. Бұл ретте халық қалаулысы мәслихат депутаттарының білім беру жоспарын бекіту және ақша қаражаты қорын жұмсау рәсімін өзгерту қажет деп санайды.
Жалпы сарапшылардың пікірінше, мәслихаттардың бақылау функцияларын іске асырудың жаңа пәрменді тетіктері қажет. Талқылауға шығарылған ұсыныстардың бірі тексеру комиссияларын мәслихаттар құрамына қайтару болды. Панельге қатысушылар бұл бюджет шығындарын бақылауды және атқарушы органдардың ресурстарды тиімді пайдалануын күшейтіп, олардың азаматтар алдындағы жауапкершілігін арттырады дейді.
Талқылаудың тағы бір маңызды мәселесі мәслихат аппараттарын нығайту және кеңейту болды. Президент жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина атап өткендей, мәслихаттардың қызметі тұрақты талдамалық қамтамасыз етумен қатар жүруі тиіс. Парламент Мәжілісінің депутаты Никита Шаталовтың пікірінше, мәслихаттар аппаратындағы көмекшілер санын көбейту есебінен өңірлердегі депутаттық корпустың құзыреттілігін арттыру мүмкіндіктерін қарастыру қажет.
Сонымен қатар сарапшылар сайланған депутаттар санының облыс, қала, аудан халқының санына сәйкес келмеуіне және белгілі бір аймақтағы халық қалаулыларының оңтайлы құрамын анықтау үшін қолданылатын заңнамада белгіленген коэффициенттерді қайта қарау қажеттілігіне назар аударды.
Талқылау қорытындысы бойынша «Ашық саясат» сараптамалық клубының қатысушылары мәслихаттардың өкілеттіктері мен міндеттерін нақты айқындайтын және өкілді және атқарушы билік арасындағы өзара іс-қимыл тәртібі егжей-тегжейлі белгіленетін жергілікті өзін-өзі басқару туралы жеке заңды әзірлеу керегін айтты. Мұндай заң жергілікті деңгейде ашық және түсінікті басқару жүйесін құра алады.