Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көне жәдігер «талқы» жайлы не білеміз?

Көне жәдігер «талқы» жайлы не білеміз?

Ауданымызда тарихи жәдігерлеріміз бен құндылықтарымыз сақталған киелі шаңырақтың бірі – «Еңбек Даңқы» музейі. Осында тұрған жәдігерлердің өз тарихы, көне дәуір сыры бар. Мұражайдың ішін аралап жүріп, ежелден қазақ халқы пайдаланған затқа көзіміз түсті. Бірақ бұл зат қазір ұмыт болып, қолданыстан шығып кеткен. Біз айтып отырған дүние – талқы деп аталады.

Ежелден қазақ халқы талқыны теріні жұмсарту үшін пайдаланған. Яғни талқы – теріні созып, керіп, иін қандыра жұмсартатын ағаш аспаптың түрі. Бұл бұйымды аталарымыз ұсақ малдың терісінен, яки ірі қара малдың терісінен таспалап тілінген жалпақ қайысты жұмсартып, ер-тоқым жаб­дығын жасау үшін қолданып келген. Сүйекті ірі қара малдың терісіне үлкен талқыны, қой-ешкі сияқты ұсақ малдың терісіне кіші талқыны қолданған. Талқының түрлері көп. Атап айтқанда, баспа талқы, ирек, сүзгі, созғы, тіс ағаш дейтін түрлері болады. Негізінен талқыны жасау барысында аша ағашты таңдайды. Ал, оның тұйық басына және ортасына басқанда төмен түсетін сүймен-тұтқа орнатылады. Баспа ағаштың басы ашаға көлденең мұрындықталады. Бұл мұрындық ағашты тиек немесе бастырық деп атайды. Аша ағаштың беткі жақ тілінде керілген тістері болады. Онымен тері илеуді «теріні талқыға салу» дейді.

Талқы жайлы Қазақстан Ғылым академия­сының академигі Сәбит Мұқанов «Халық мұрасы» атты кітабында «Жүні жидіген теріні жайып кептіреді де, оның құрыс-тырысын жазу үшін «талқы» деп аталатын тістері кедір-бұдыр сайманмен созғылайды. Міне, осылай иленген, талқыланған терінің аты – қайыс» деп жазады. Ал, тарих ғылымының кандидаты Биқұмар Кәмалашаұлының 2013 жылы Ұлан­батыр қаласында жарық көрген «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» атты көлемді еңбегінде «Қазақ халқы­ның тері илеу дәстүрінде терінің иін қандырып, жұмсартып икемге келтіру үшін оны талқыға салады. Талқы қазақтың тері иін қандырып, жұмсартатын құралдарының бірі», депті.

Теріні жұмсарту үшін пайдаланатын ағаш құралды музейге ҚР Суретшілер одағының мүшесі, өлкетанушы Жәнібек Маханбет келген халық көріп, тану үшін қойған. Өз ісінің шебері бұрын-соңды жа­са­маған дүниесін әбден зерттеп, зерделеп 20 жыл бойы әрбір бөлігіне ден қойып жасағанын бізге айтып берді.

– Талқыны 2000 жылдан қара ағаштан жасай бастадым. Ерекше болсын деп ешкінің басына ұқсаттым. Ал, 2010 жылы екі ашасын қатар өскен аша ағаштан жасадым. Ең соңғы бас­па ағашын 2020 жылы аяқтадым. Талқыны жасауда қара ағашты пайдаландым, жалпы ұзындығы 65 сантиметр, ені 17 сантиметр, бас жағы 15 сантиметр болды. «Құрулы тұрған талқыдан құр өтпе» демекші, талқымен тері илегенде бірнеше адамның көмегі қажет болады. Өйткені, бұрындары талқымен жұмыс жасау ауыр еңбек түріне жататын болған. Бір адам теріні түгін ішіне қарата шиыршықтап бүктеп, бастырғының астына жүктеп, жайлап айналдырып отырса, ал екінші адам бастырғыны көтеріп-басу арқылы терінің жиырылған жерін жазып, жұмсартады. Музейге қоюымның себебі – өскелең ұрпаққа ұмыт болып бара жатқан дүниелерді таныстыру, қайта жаңғырту, – дейді өлкетанушы Жәнібек Маханбет.

Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА
25 мамыр 2024 ж. 181 0