Ағзаға тұз жиналса…
Тұзсыз тағамның дәмі де мәні де болмайды. Тұздың бар жерде пайдасы мол. Шаруада, дезинфекция жасауға пайдаланып жатады. Не болмаса қандай бір дертке шалдыққанда айталық, тұмауратқанда ауыз қуысы мен мұрынды тұзды сумен шайып әп-сәтте айығуға мүмкіндік бар. Бұл – тұздың дәрілік қасиеті.Дегенмен, тұзды шамадан артық қолданудан денсаулыққа айтарлықтай қауіп келетіндігін айтпай кетуге болмас. Ең бастысы тұздың жүрек үшін у екендігі жайлы жиі айтылады. Тұз адам ағзасына қаншалықты қауіпті? Ағзадағы қандай мүшелереге зиянын тигізеді?
Ағзаға тұз жиналса...Бүйректің жұмысына кедергі жасайды
Бүйрек ағзада сүзгі қызметін атқаратындығын жақсы білеміз. Шамадан артық ас тұзын қолдану алдымен бүйректің жұмысына кедергі жасайды да қызметі бұзылады. Нәтижесінде бүйректе түрлі аурулар бас көтереді. Соның ішінде көп мөлшерде қолданылатын тұздың салдарынан жиі кездесетін аурудың бірі – бүйректің қабынуы. Екіншіден, тұзды тағамдарға әуестіктің салдарынан нефроз дерті басталады. Нефрозда яғни, бүйректің каналдары зақымдалғанда адам ісінеді, қанда холестерин деңгейі көтеріледі. Айтпақшы, бүйрекке тас жинайтын да осы – тұз. Тұзды көп тұтынудың салдарынан ағзадағы суы-тұзды баланс қызметі бұзылады да бүйрекке тас жинала бастайды. Бұл келтірілген мысалдардан бөлек тұз бұдан басқа көптеген бүйрек ауруларын тудырады.
Қан қысымын көтереді
Адамдар күнделікті тұзды қанша мөлшерде қолданып жатқандығына бас ауыртпайды. Алайда бұл үлкен қателік. Өйткені, артық тұздың әсерінен қатты зардап шегетін – жүрек. Аз мөлшердегі тұздың өзі жүрек үшін өте қауіпті. Тұз – жүрек бұлшықеттерінің жұмысын ауырлатады, жүректің соғысын жиілетеді. Тағам арқылы шамадан артық түскен тұз қанға сіңеді, сосын байланыстыратын ткандар және тамырдың жақтауларына тұрып қалады. Бұның әсерінен тамыр жолдары тарылады, судың сыртқа шығуы қиындайды да адам ісінеді. Ағзадағы натрий мен судың сыртқа шығуының қиындауы қанның көлемін ұлғайтады. Осының әсерінен қан қысымы жоғарылайды.
Тамырға зияны бар
Тұзды тағамды жегенде суды молынан ішеміз. Бұның әсерінен жүрекке салмақ түседі де, майдың жиналуына ықпал етеді. Жалпы, ағзадағы тұз зәр және тер арқылы табиғи жолмен сыртқа шығуы тиіс. Тұздың көптігінен олар табиғи жолмен шыға алмай, тамыр жақтауларына тұрып қалады. Нәтижесінде тамырлар әлсізденеді. Тұздың зардабынан келген қасіреттен атеросклероз дерті басталады. Атеросклероз ауруында тамыр жақтаулары созылып, кеңейіп кетеді де қақтар тұрып қалады. Сосын тамырлар тағы да тарылады да, жүрекке қан өз деңгейінде бармайды.
Семіздіктің себебі не?
Тұзды тағам дәмді, тәбетті ашады. Соған байланысты семіздікке бейім адамдар немесе салмақ тастағысы келетін жандар тұзды асты шектеуі қажет. Себебі, тұз ағзадан сұйықтықты сыртқа шығармайды. Өз кезегінде бұдан адам салмақ қоса береді.
Буынға жиналады
Тұздар байқаусызда ұзақ жылдар бойы буынға жиналады. Адамдар бұны сезбейді де. Бірақ, уақыт өте келе буындар солқылдақ болып, ауырсынуды сезінеді. Ауа-райының өзгерген сайын буын ауырады. Адам жасы ұлғайған сайын ауру асқына береді.
«Буыныма немесе мойныма тұз жиналып қалыпты. Тұзды кетіруде емделіп жүрмін» деген әңгімені жиі естиміз. Ағзаға қалай тұз жиналады? Ол қандай тұз? Ас тұзының ағзаға тұрып қалған тұзбен байланысы бар ма? Бұл сауалдардың жауабын ревматолог-маманнан білген едік.
Гүлмира Жұманова, Қ. А. Яссауи атындағы ХҚТУ клиникасының ревматолог-дәрігері:
– Буынға, мойынға, тізеге, омыртқаға тұз жиналу деген медицинада қарапайым ғана тілмен айтылатын сөз. Бір сөзбен айтқанда ағзадағы бұл мүшелерге тұз жиналмайды. Және бұған ас тұзының ешқандай да қатысы жоқ.
Буындардың сырқырап ауырып, қимылдауда қиындықтардың болуы – буын немесе омыртқа араларының бір-біріне тақасуы немесе тарылуынан туындайды. Мәселен, тізе буынына тұз жиналғанды – остеоартроз деп атайды. Бұл ауруда буындардың шеміршегі ыдырап жойылып, сүйектердің беттері жалаңаштанады. Омыртқадағы тұз жиналуды — остехондроз дерті деп атайды.
Сол секілді мойын, көкірек остехондрозы деп көптеген түрге бөлінеді. Бұл аталған дерт көп жағдайда ағзада кальцийдің жетіспеушілігінен егде адамдарда пайда болатын ауру түрлері. Оның белгілері қимылдағанда ауырсынумен айқындалады. Яғни, адамның жүріп-тұруы қиындайды. Кеселдің күрделілігі емнің өте ұзақ жүретіндігінде. Тіптен, кейде адам бұл дертке шалдыққанда өмір бойы емделуі де мүмкін. Тұздың жиналуында науқасқа алдымен мануалды терапия тағайындалады, бұдан нәтиже шықпағанда дәрі-дәрмектердің көмегіне жүгінеді. Екі емдік терапия қоса жүргізілуіне де болады. Жастар арасында тұздың жиналуы – аутоиммунды аурулар деп аталады. Жастардың арасында омыртқада кездесетін бұл ауру қауіпті саналады.
Осыларды ескере келе, ер адамдар 40 жастан кейін, ал әйелдерде климакстың белгілері біліне бастағанда кальций препараттарын қабылдауды бастағаны жөн.