Музейге сый
Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Еңбек Даңқы» музейінде Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, безендіруші, қоюшы-сценарист, халықаралық фестивальдер жеңімпазы, жерлесіміз Үміт Жұбанышқызының «Ауылымның бір күні» атты жеке шығармашылық көрмесі өтті.
Аталған шарадан кейін туған елге жанашыр шебер 80х60 см өлшемді «1986 жылғы желтоқсан оқиғасы», «Шәй ішіп кетсең қайтеді, Мен ұсынған кеседен» атты туындыларын музей қорына табыстады.
Үміт Жұбанышқызы бейнелеу өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған бірегей тұлға. 2019 жылы «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін» анимациялық фильмі «Байқоңыр» фестивалінің «Үздік суретші» және «Ең үздік сценарий» номинациясын жеңіп алды. 2022ж. аталған фильм Жапонияда ең үздік анимациялық фильм аталып, «Гран-при» жеңісіне ие болып, сол Түркияның Анкара мен Анталия қалаларында бұл фильмнің түрік тілінде тұсаукесері өтті. 2023 ж Қытайдың Ченду қаласында «Алтын панда» дүниежүзілік фестивалінде 90 мың фильмнің ішінен бестікке ілініп, сол елдің ақпарат журналдар басылымында басылып, үлкен сый құрметке ие болған.
Үміт Жұбанышқызы қоюшы-сценарист, безендіруші, сонымен қатар қылқалам шебері қарапайым асқабақты (қауақ) түрлі-түсті бояудың көмегімен өнер туындысына айналдырған еліміздегі жалғыз кәсіби суретші. Бүгінде оның қорында 70-тен аса қауаққа (асқабаққа) салынған картинасы бар.