Жұмабек Ембергенов: Үкімет қарғын судың салдарын жоюға күшін салуда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірқатар облысындағы су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты Қазақстан халқына үндеу жасады.
«Баршаңызға белгілі, қазір елімізде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Қардың күрт еруіне байланысты аймақтарда су тасқыны болып жатыр. Бұл – табиғи апат. Мұндай ахуал ұзақ жылдан бері болмаған. Бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат деуге болады», – деді Президент.
Тасқынға байланысты еліміздің он аймағында төтенше жағдай жарияланды. Яғни Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында.
Атқарушы органдар жіберген олқылықтарды түзеу үшін Президент шұғыл түрде нақты тапсырмалар берді. Қазір барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Үкімет қарғын судың салдарын жоюға күшін салуда.
Премьер-Министрдің басшылығымен Республикалық штаб құрылды. Премьер-Министрдің өзі, оның орынбасарлары және Төтенше жағдайлар министрі апат болған аймақтарды аралап жүр.
«Барлық құтқару жұмыстары менің тікелей бақылауымда», – деді Президент.
Су тасқынымен күресуге Төтенше жағдайлар министрлігінің барлық ресурсы тартылды. Сондай-ақ құтқару жұмыстарына Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, Қарулы Күштер және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары белсене атсалысып жатыр. Зардап шеккен аймақтардың әкімдіктері күндіз-түні жұмыс істеуде. Ондаған мың волонтер де көмектесіп жүр.
«Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы – азаматтардың амандығы. Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі. Біз алапат су тасқынынан тиісті қорытынды шығаруымыз керек. Яғни, жіберілген олқылықтарды түзетіп, тиісті сабақ алуымыз қажет. Ал ондай сабақтар аз емес», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің сөзінше, апаттардың алдын алу жұмысындағы кемшіліктен бастап, су шаруашылығы мамандарының тапшы болуы, табиғатқа немқұрайлы қарауға дейін көп мәселені реттеу қажет. Үкімет және жергілікті атқарушы органдар су тасқынымен күресті тиімді үйлестіріп отыруға тиіс. Су басқан аумақтарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету қажет.
«Менің бұйрығыммен апатқа қарсы күреске Қорғаныс министрлігі қосымша әскери күштерін жолдайды. Халыққа көмектесу үшін Үкіметке мемлекеттік материалдық резервті пайдалануды тапсырамын. Сондай-ақ Үкімет шығындарды өтеудің тиімді жолдарын шұғыл қарастыруға тиіс. Оны зардап шеккен азаматтарға жан-жақты түсіндіру керек. Берілетін өтемақы шығынды толық жабуы қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жұмабек ЕМБЕРГЕНОВ,
Қызылорда облыстық
мәслихатының депутаты
Қызылорда облыстық
мәслихатының депутаты