Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 32 829 гектар жерге ауылшаруашылық дақылдары егіледі

32 829 гектар жерге ауылшаруашылық дақылдары егіледі

Кезекті Үкімет отырысының күн тәртібінде көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы қаралған болатын. Үкімет отырысынан кейінгі арнайы мәжілісте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аталған мәселеге орай жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма берді.

– Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнім көлемін 5 жылда 2 есеге арттыру тапсырмасына сәйкес, облыста 187 мың гектар жерге дақылдар егіледі. Оның ішінде күріш көлемі – 83,9 мың гектар. Өткен жылмен салыстырғанда егіс көлемін 6,4 мың гектарға, оның ішінде күрішті 5 мың гектарға азайттық. Орнына суды аз қажет ететін дақылдар егісін арттырамыз. Сырдария өзеніндегі су шаруашылығы жағдайы күрделі болғандықтан, су лимиті әлі белгіленбеген. Мемлекетаралық Су шаруашылығы үйлестіру комиссиясының 86-ыншы отырысында вегетация кезеңіне су лимиті белгіленгеннен кейін егіс көлемі қайта нақтыланатын болады. Бөлінген лимитке сәйкес күріш егісі әлі де қысқаруы мүмкін. Өңірде көктемгі егін егу жұмыстары наурыз айының 1-інші онкүндігінде басталды, мамырда аяқталады. Күріш сәуір айының 3-інші онкүндігінде себіле бастайды. Ерте егілетін дақылдар – жаңа жоңышқа, жаздық бидай, арпа, мақсары, қант құмайы жерге орналастырылуда. Бүгінгі күнге 16,5 мың гектары егілді, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімінің нақты тапсырмасына сәйкес аудан әкім­дігінде аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, көктемгі дала жұмыстарының барысы пысықтал­ды.

Аудан басшысы су тапшылығына байланысты веге­тациялық кезеңде бекітілген егістік жерлерге ғана егін егуді қамтамасыз етіп, артық жерге егін егілмеуін қадағалау қатаң бақылауда болу керектігін айтты. Сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарына қажетті тұқым, минералды тыңайтқыштар мен жанар-жағармай қорын қалыптастыру, ротация тәртібін сақтау мәселелері үнемі назарда болу керектігін ескертті. Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, жылдағыдай жергілікті тұрғындардың картоп, көкөніс, бақша дақылдарын егетін қосымша жерлерін дайындау жұмыстарын аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне кент және ауыл әкімдерімен бірлесе ұйымдастыруды жүктеді. Мәжіліс барысында суға қарызы бар шаруашылықтардың қысқа мерзімде қарыздарын қайтару қажеттігін еске салып, тиісті сала басшыларға нақты тапсырмалар берді.

Айта кетейік, 2024 жылы вегетациялық кезеңде аудан бойын­ша жалпы 32 829 гектарға ауылшаруашылық дақылдарын орналастыру межеленіп отыр. Оның ішінде күріш көлемі 20 451 гектарды құрамақ. Одан бөлек жаздық бидай, арпа, мақсары, күнбағыс, сүрлемдік жүгері, жаңа жоңышқа, картоп, көкөніс, бақша дақылдары, ескі жоңышқа егу жоспарлануда. Бүгінгі күні ауылшаруашылығы құрылымдарында нақты жұмыстар жүргізілуде.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
30 наурыз 2024 ж. 150 0