Каспий неге тартылып барады?
Каспий теңізінің экологиялық ахуалы бүгінде аса өзекті болып отыр. Теңіздің біздің елімізге тиесілі екі жарым мың шақырымдық жағалауы Атырау мен Маңғыстау облыстарының аумағында. Каспийдің кейінгі жеті-сегіз жылдағы экологиялық жағдайы баршаны алаңдатып отыр. Судың деңгейі жыл асқан сайын төмендеп барады. Бұл, әлбетте, теңіз жағалауындағы елдердің бәріне ортақ проблема.
— Кейінгі жылдары Каспий суының тартыла бастағаны анық байқалады. 2018 жылдан бері теңіз Ақтау маңындағы жағалауынан он-он бес метрге қашықтады. Мұның себебі қандай?
— Ғылыми деректерге сүйенсек, миллиондаған жылдар бұрын алып Сармат теңізі мұхиттан ажырап, аумағы азая келе үш теңізге: қазіргі Қара теңіз, Каспий және Арал теңіздеріне бөлінген. Каспий теңізін ғылыми тұрғыдан зерттеу 1840 жылдан басталды. Сол кезден бері теңіздің деңгейі жеті рет төмендеп, жеті рет көтерілгені тіркеліпті. Соңғы 1994 жылғы көтерілуден соң, қайтадан жылына орта есеппен жеті сантиметрден төмендеп келеді және әлі төмендей береді деп болжануда. Соның салдарынан теңіз Ақтаудың маңыңдағы тік жағалаудан ондаған метрге, солтүстік-шығыс пен солтүстіктегі жайпақ жағалаудан тіпті жиырма-отыз шақырымға дейін шегініп кеткен. Теңіз деңгейі мезгіл-мезгіл бірде төмендеп, енді бірде көтеріліп отырады. Бұл — табиғи құбылыс. Алайда, кейінгі қырық жыл ішінде теңіздің екі мәрте көз алдымызда қауіпті деңгейге дейін күрт төмендеуі — өнеркәсіпті өркендету жолында адамзаттың табиғатқа жасаған қысасты демеске амал жоқ.
— Әрине, себепсіз салдар жоқ. Теңіз деңгейінің күрт төмендеу себептеріне нақтырақ тоқталып өтіңізші.
— Каспий — ешқандай мұхитпен қосылмайтын тұйық көл, аумағы аса үлкен болған соң теңіз деп атап келеміз. Оған жүз отыздай өзен келіп құяды. Олардан жылына теңізге 300 текше километрдей су келіп құйылады. Оның ішінде Еділ өзенінен барлық судың 80 пайызы, Жайықтан 5 пайыздайы келсе, қалған үлес Самур, Сулак, Терек, Кура, тағы да басқа үлкенді-кішілі өзендердің әеншісінде. Теңіз суының деңгейі осы өзендерден келіп құйылатын судың мөлшеріне тікелей байланысты. Яғни, өзен сулары көп құйылған жылдары теңіз көтеріледі, аз құйылған жылдары кемиді.
Енді теңіздің тартылу себептеріне тоқталсақ. Біріншіден, адамзаттың соңғы жүз елу жыл ішінде көмір, торф, мұнай, газ сияқты қазба отынды жылдан-жылға көп жағуына байланысты атмосферадағы жылыжай газының мөлшері тым көбейіп кеткен. Бұл дегеніңіз ғаламдық жылынуды тездетуге ықпал етеді. Ал ғаламдық жылыну жауын-шашын мөлшерін азайтады да, соның салдарынан өзендердің де суы кемиді. Ғаламдық жылынудың әсерінен су айдындарының булануы жиілеген. Екіншіден, адамдардың табиғатқа антропогендік әсері жылдан-жылға артып келе жатыр. Мысалы, Ресей Федерациясының еуропалық бөлігінің 40 пайызын құрайтын Еділ мен оның салаларының бойында қазір 12 су электр станциясы салынған. Оған өзендердің бойындағы зауыттар мен фабрикаларды, шаруашылыққа пайдаланылатын мыңдаған гидротехникалық құрылғыларды қосыңыз. Мұның барлығы су шығынын жылдан-жылға көбейте беретіні сөзсіз. Ғалымдардың есептеуінше, қазіргі кезде Еділден жылына теңізге құйылатын су қалыпты жағдайдан 30-35 текше километрге азайып кеткен. Мұндай антропогендік факторларды барлық өзендердің бойынан молынан кездестіруге болады.
Теңіз аумағының азаюы туралы айтқанда, Каспий теңізінің орта тұсы мен табанының қозғалысы (жер сілкінулер) мен солтүстік-шығыс жағалауындағы құрлықтың баяу болса да көтерілу процесі тоқтамай жүріп жатқанын да ескеру керек. Мысалы, Ақтау қаласы тұрған жер жылына 2,4 мм-ге, ал Үстірттің батыс шыңдары жылына 4,0 мм-ге көтеріліп келе жатыр. Тиісінше, теңіздің жағалауы жүз жылда 24-40 сантиметрге, мың жылда 2,4-4 метрге дейін көтеріледі. Жиегі көтерілсе, су кейін шегінетіні белгілі.
— Теңіздің шамадан тыс тартылуы ондағы балық, тағы басқа да тіршілік иелеріне зиянын тигізе ме? Жалпы, экономикаға зияны бар ма?
— Әрине зиянды. 1930 жылы теңіздің ауданы 442 мың шаршы километр болса, соңғы жылдары шамамен 371 мың шаршы километр болып, тоқсан жыл ішінде он жеті пайызға кеміген. Бұл балық, итбалық, т. б. су жануарлары өсетін алқап аумағы да осынша азайды деген сөз. Оның үстіне, тек 2008–2023 жылдар аралығында ғана теңіздің қазақстандық бөлігі тағы 8121,5 шаршы километрге азайып кетті.
Теңіздің таяздануы тек балық шаруашылығына емес, экономиканың теңіздегі мұнай өндірісі, су транспорты, энергетика, т. б. салаларына да зиянын тигізді. Мысалы, теңіз портына кемелер кіретін су жолдарын, МАЭК энергетика комбинатына су келетін каналды тереңдету, Қашаған кен орнына кемелер баратын жаңа канал қазу, т. б. қаржыны көп қажет ететін жұмыстарды жасауға тура келіп отыр.
— Каспий теңізінің экологиялық жағдайын жақсарту үшін онда үлесі бар елдер қандай шараларды қолға алуы керек?
— Теңіз деңгейі оған құятын өзендер суының көлеміне тікелей байланысты екенін жоғарыда айттым. Каспий маңындағы бес мемлекет өзендердің суын тиімді, үнемді пайдаланса, теңіз деңгейін бірқалыпты ұстап тұруға болады. Бірақ ол тым қиын шаруа, өзен суларын қай елдің қалай пайдаланып жатқанын қадағалау мүмкін емес.
1970 жылдары Каспий қатты төмендей бастағанда кеңестік ғалымдар Сібірдегі Обь өзенінің бір саласын Торғай ойпаты арқылы Каспийге бұру жобасын ұсынған еді. Алайда үш мың шақырымға созылатын, жолында бірнеше рет биіктіктерге көтерілетін алып жобаны салуға аса көп қаражат керек болғандықтан, ол жүзеге аспай қалды.
Десек те, кейінгі жылдары Каспий маңындағы бес мемлекет Президенттерінің жыл сайын кездесуі дәстүрге айналды. Әр саммитте, саяси-экономикалық мәселелермен қатар, теңіздің биоресурстары мен экологиясы туралы мәселе қозғалады. Соңымен қатар, соңғы жылдары Қазақстан мен Ресей Президенттері арасында сонау Сталин заманында Қума-Манаш ойпаттары бойымен жоспарлаған «Еуразия» каналын салу арқылы Азов теңізі мен Каспий теңізін қосу жөнінде бірнеше рет әңгіме болды. Ал Иран президенті кейінгі екі саммитте Каспий теңізі мен Парсы шығанағы арасын каналмен қосу жөнінде ұсыныс айтты.
Егер бұл жобалар жүзеге асса, теңіз толығумен қатар, Каспий маңы мемлекеттері түгелдей Ақ теңіз-Балтық каналы арқылы Солтүстік мұзды мұхитқа, Жерорта теңізі арқылы Атлант мұхитына, Парсы шығанағы арқылы Үнді мұхитына шыға алар еді.
— Қазір теңіздің ластануы да — өз алдына үлкен бір проблема. Соның алдын алу бағытында жаңадан құрылған зерттеу институтының әлеуеті қандай?
— Теңіздің қазақстандық бөлігіндегі экологиялық жағдайды толық зерттеу мақсатында мемлекеттік тұрғыдан жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстары туралы мәліметім жоқ. Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы соңғы рет 2008-2011 жылдары зерттеу жұмыстарын жүргізгені есімде. Олардың нәтижесі материалдар сақталған.
Біздің өтінішіміз бойынша, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылдың 7 қарашасындағы тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Үкіметінің 2024 жылдың 24 қаңтарындағы қаулысымен Қазақ Каспий ғылыми-зерттеу институты Ақтау қаласында құрылатын болды. Институттың теңіз ортасы мен оның биоресурстарын қорғауға, молықтыруға, су айдыны байлықтарын барынша тиімді пайдалануға зор әсері болатына мен сенемін. Қазір ұйымдастыру шаралары жүргізіліп жатыр. Ол аяғынан тік тұрған соң Каспийді қазіргі заман талабына сай зерттеу жұмыстары басталады.
— Каспийдегі итбалықтар мәселесі туралы да айта отырсаңыз. Қазір олардың саны шамамен қанша болады?
— Патша өкіметі Каспийдегі алғашқы ғылыми-зерттеу орталығын (қазіргі Каспий балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты) 1897 жылы, екіншісін 1905 жылы (қазіргі Ширшов атындағы мұхиттану ғылыми-зерттеу институтының Каспий филиалы) құрған. Осы екі ғылыми-зерттеу орталығының мәліметі бойынша, 1905-1910 жылдары теңізде бір миллиондай итбалық болыпты. Ол кезде теңізде осыншалық итбалық өмір сүретін қолайлы орта болды. Әр ересек итбалық тәулігіне 3 кг балық, шаян, т. б. жейтінін ескерсек, сол кезде 1 млн итбалық, тәулігіне 3 млн кг азық жейтін болған. Ол заманда теңіздегі балық итбалыққа да, адамға да жетті. Итбалық аулау сол кездері басталып, кейде тіпті есепсіз қырған. Мысалы, 1935 жылы Кеңес Одағы 228 мың итбалық аулады. Саны күрт азайып кеткендіктен, 1960 жылдары аулау тоқтатылған. Бірақ содан кейін олардың өсімі ілгерілемей қойған.
2015-2016 жылдары М.Баймұқанов басқарған «Гидробиолгия және экология» мекемесі теңіздің қазақстандық бөлігінде жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесі көңіл құлазытады. Қай заманнан итбалықтардың жазғы мекені болған Дурнев, Долгий, Құланды, Құлалы, т. б. аралдарда бір-де бір итбалық кездеспеген. Баутин, Кендірлі мүйістерінде де жоқ, тек шеткі бір аралда бірнеше жүзі кездескен. Қазақстанда осы кезге дейін ғылыми-зерттеу институты болмағандықтан, итбалықтардың күрт азаю себептерін әзірге ешкім дөп басып айта алмайды.
Қазір Каспийде шамамен жүз мыңдай итбалық бар деп есептеледі. Әр ел оның санын түрліше айтады. Каспий маңы мемлекеттері оны аулауға тыйым салды. Қазақстан Президентінің тапсырмасы бойынша, биыл теңіздің қазақстандық бөлігінде итбалықтарды сақтау үшін резерват құрылады. Осы шаралар және Қазақ Каспий ғылыми-зерттеу институтының құрылуы итбалықтар мен басқа да теңіз жануарларын сақтау мен молықтыруға игі ықпалын тигізеді деп сенемін.
Фото:ALmaty.tv