Сырдария ауданында 78 шақырымдық автомобиль жолы жөнделді
Сырдарияда жол мәселесі оңтайлы шешіліп келеді. Мәселен, 2023 жылы аудан бойынша жол саласына қатысты 32 жобаға тиісті қаржы қарастырылып, аудандық маңызы бар және ауылішілік 78 шақырым жол жөнделді. Нәтижесінде, облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 99 пайызы, ал ауылішілік жолдардың 76 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жетті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев хабарлады.
-Былтыр жол саласында жүйелі жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, республикалық бюджеттен облыстық маңызы бар «Қызылорда-Айдарлы» жолының 30 шақырымы жөнделді. Сондай-ақ, «Самара-Шымкент-Тереңөзек» бағытындағы автомобиль жолының 12 шақырымы аяқталды. Ал, аудандық маңыздағы «Қызылорда-Қоғалыкөл-Шіркейлі» тас жолының 5 шақырымы және «Қызылорда-Жалағаш-Тереңөзек» автожолы орташа жөндеуден өтті. Бұдан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 8 елді мекеннің 51 көшесі асфальттанып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Биыл да 10 шақырымды құрайтын аудандық маңыздағы жол мен ауылішілік 42 көше жөнделмек, - деді Берік Сәрменбаев.
Аудан әкімі баспасөз конференциясы барысында электр желілерін қайта жаңғырту бойынша атқарылған жұмыстарға да тоқталды. Айтуынша, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында ауданға қарасты Аманкелді, Айдарлы, Жетікөл және Қоғалыкөл елді мекендерінің электр бағаналары, желілері және трансформаторлары толық жаңартылды. Сондай-ақ, Шаған ауылының электр желілерін жабдықтау жұмыстары да былтыр басталған болатын. Ал биыл Қалжан ахун және А.Тоқмағамбетов ауылдарында электр желілері қайта жаңғыртылмақ.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі