Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қант диабеті жас талғамайды

Қант диабеті жас талғамайды

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының келтірген мәліметі бойынша қант диабеті жүрек-қан тамырлары мен онкологиялық аурудан кейін үшінші орындағы өлімге дейін әкелетін қауіпті індет. Соңғы 10 жыл көлеміндегі көрсеткіш бойынша қант диабетіне шалдыққан науқастар дүниежүзінде миллиондап саналады. Яғни бүгінде 500 миллионннан астам адам қант диабетімен ауырады. Алдыңғы үштікте Қытай, Үндістан және АҚШ қант диабетіне ең көп шалдыққан елдер қатарында. Қазақстан аурудың таралу деңгейі бойынша 119 орында. Сырқаттану көрсеткіші өкінішке қарай жылдан жылға өсу үстінде.

Мамандардың айтуынша қант диабетінің екі түрі кездеседі. 1-типті қант диабеті көбінесе балаларда, жастарда анықталады. Бұл типтегі науқастар күнделікті инсулинді қабылдауға мәжбүр. Себебі науқастың ағзасы инсулинді өндірмейтіндіктен немесе аз өндіретіндіктен инсулинге тәуелді болады. Ал 2-типті қант диабеті ересектерде пайда болады. Алайда соңғы жылдары балалардың арасында артық салмақтың кең таралуына байланысты диабеттің бұл түрі жасөспірімдерде де кездесе бастаған.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген дана халқымыз бірінші байлық – денсаулық деп бекер айтпаған. Әрбір адам денсаулығына аса мән беріп, аурудың алдын алу маңызды екенін түсіну әлдеқайда абзалырақ. Жалпы қант диабетіне шалдықпау үшін қалай сақтану керектігі жайында аудандық емхананың эндокринологы Айжан Ибраева әңгімелеп берді:

–Қант диабетіне шалдыққандардың көбеюіне байланысты медицина дабыл қағатын деңгейге жетті. Әсіресе балалар арасында жиі кездесуі алаңдатады. Сондықтан ата-аналарға құлаққағыс – алдын алуды ертерек бастау керек. Ең қиыны – баланың ағзасында пайда болған, дамып келе жатқан аурудың алғашқы белгісін байқау. Әсіресе жас аналар сәбиін тек ана сүтімен қоректендіруі керек. Сәбиінің дұрыс ұйықтауын қадағалап, міндетті түрде түнде ұйықтау режимін қалыптастыру маңызды. Яғни дұрыс тамақтану, физикалық белсенділік, стресс деңгейін болдырмау, міндетті түрде екпе қабылдау, саламатты өмір салтын ұстануды қауіпті ауру диабеттің алдын алуға бағытталған алғашқы қадамның бірі. Қазір үлкендердің өзі жылдам дайындалатын тағамдарға құмар болғандықтан, балалар да түрлі фастфудтарға тәуелді болуда. Бұл ағзадағы зат алмасуды бұзатын қате дағды. Ата-ана баланың тамағында көмірсулардың болуын, яғни, бұршақ дақылдары, жеміс-жидек, көкөніс және жаңғақтың мол болуын қадағалаған жөн. Тәтті кәмпит пен шоколад, газдалған сусындарды тамақтану режимінен мүлдем алып тастасаңыз балаңыздың иммунитеті де артады, әрі диабетке шалдығудың алдын алады, – дейді дәрігер.

Шын мәнінде дені сау ұлт қалыптастыру әрбір отбасында басталуы тиіс. Отбасы мүшелері денсаулығын қадағалау – үлкендердің жауапкершілігінде. Қоғамда көп тараған энергетикалық сусындарға тәуелділік пен электронды темекіге әуестенушілік қант диабетінің асқынуына ықпал ететіні дәлелденген.

Аудандық емхана эндокринологы берген мәліметі бойынша ауданда қант диабетіне шалдыққан 590 науқас есепте тұрады. Оның ішінде 18 жасқа дейінгі балалар саны 14. Диабетпен ауыратын ең жасы кіші бала 5 жаста, ал ең үлкені 80 жастағы қария. Диабеттің 1-типімен 35 науқас ауырады. Инсулинге тәуелді 143 науқас бар. Олар емхана тарапынан қажетті дәрі дәрмекпен қамтылып, эндокринологтың бақылауына алынған.

Көпшілікте аурудың атауына байланысты қант диабеті тәттіні көп мөлшерде жегеннен пайда болады деген түсінік қалыптасқан. Алайда дәрігерлер бұл қате пікір екенін айтады. Себебі диабет ең алдымен зат алмасудың бұзылуымен байланысты туындайды. Қандағы қант деңгейінің жоғары болуымен сипатталады. Түсінікті болуы үшін қарапайым тілмен айтқанда аурудың пайда болу себебі – қан айналым жүйесінен қантты алып тастауға және бұлшық етке сіңуіне жауапты инсулин бөлінуінің, жұмысының бұзылуы. Қандағы глюкозаның көбеюі көп ретте диабетке әкеледі.

Қант диабетінің белгілері туралы тарқатып айтсақ, әр адамда әртүрлі деңгейде дамығанымен, ортақ белгілері пайда болады. Ең алдымен адам жиі зәр шығарып, шөлдей береді, аузы құрғайды. Қарынның аша беретінін сезініп, ұйқысыздыққа ұшырайды. Шаршаңқылық, күндізгі ұйқышылдық, бас айналу, қол мен аяқтың ұюы, салмақтың жылдам төмендеуі, бас ауру, жоғары қан қысымы дереу дәрігерге қаралуға негіз болатын белгілер. Үнемі қандағы қант деңгейін анықтау, оның мөлшерінің 3.3-5.5 ммоль/ л болуын қадағалау маңызды.

Тоқсан ауыз сөздің қорытындысы – қант диабеті – қауіпті ауру. Диабетке шалдыққандар жыл сайын арта түсуде. Оған басты себеп адамдардың аз қимылдауы салдарынан туындайтын артық салмақ, ұннан жасалатын өнімдерді көп пайдалану, майлы тағамдарды тұтыну. Ал нашар экология, дұрыс тамақтанбау, күйзеліс диабетті дамытатын факторлар.

Бибісара ЖАНӘЛІ
23 қаңтар 2024 ж. 131 0