Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Талапкерлерге ҰБТ уақытын еске салатын SMS-хабарлама жолданады

Талапкерлерге ҰБТ уақытын еске салатын SMS-хабарлама жолданады

ҰБТ-ға тіркелген талапкерлер тестілеудің күні, уақыты мен орнын еске салатын SMS-хабарламалар алатын болады, деп хабарлайды Кazinform. 

ҰБТ-ға тіркелген әрбір талапкерге app.testcenter.kz ресми сайтына тіркелу кезінде көрсетілген телефон нөміріне SMS-хабарлама жіберіледі. Сондай-ақ мұндай хабарламалар кәмелетке толмаған тестіленушілердің ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне де жолданады.

«ҰБТ тапсырушылар тестілеу өткізілетін күнді, уақытты және орынды ұмытып кетуі немесе шатастырып алуы мүмкін. Әсіресе, тіркелу барысында бірнеше рет өзгерту енгізетін талапкерлер арасында осындай жағдайлар кездеседі. Бұл ретте тестілеуге қатысу үшін өтініш берген кезде талапкерлер өздері үшін қолайлы тест өткізу параметрлерін таңдауға мүмкіндігі бар екенін атап өткен жөн. Бірде-бір талапкер маңызды емтиханды жіберіп алмауы үшін Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ өткізілетін күннен бір күн бұрын әрбір тестіленушінің нөміріне SMS-хабарлама жібереді», — деді ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев. 

Еске салатын SMS-хабарлама қызметі тестілеу процесінің барлық қатысушысы үшін барынша айқындық пен ыңғайлылықты қамтамасыз етуге бағытталған.

Естеріңізге сала кетейік, тестілеу туралы мәліметтермен талапкерлер ҰТО сайтындағы Жеке кабинетте немесе UTO қосымшасы арқылы таныса алады. 

Фото: Kazinform
19 қаңтар 2024 ж. 77 0