Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Gender party «есіргендердің» ессіз тірлігі

Gender party «есіргендердің» ессіз тірлігі

«Сіздерді «Gender party» салтанатты рәсімінің құрметті қонағы болуға шақырамыз». Осындай мәтіндегі шақыру қағазы соңғы бір-екі жыл­дың көлемінде жиі келетін болды. Бәрекелді деп барайын десең, ұят сияқты, тәуекел деп бармайын десең де ұят сияқты. «Қазақты ұят пен бәрекелді өлтіреді» деген сөз осындайда айтылса керек-ті.

Жақында жұма намазынан кейін «gender party» рә­сімі туралы сөз қозғалды. Сіз «Бұл не рәсім?» деп ойлап отырсыз ба? Ол қазақы ғұрып қоржынының бұрын ел естімеген әдеттерімен толыққаны. Нақтырақ айтсақ, аяғы ауыр келіншектің құрсағындағы шаранасының жынысын болашақ әкесіне сүйіншілеп, оны жұртқа жария етіп, тосынсый жасауы.

Осы ретте Құран-Кәрімге зер салайық. Қасиетті кітапта: «Алла әрбір ұрғашы жыныстың не көтергенін, құрсақтардың нені кемітіп, нені арттыратынын, нені түсіріп (яғни түсік тастап немесе ай-күні толмай босанатынын), нені мерзімінен асырып жіберетінін толық біледі. Оның құзырында барлық нәрсе өлшеулі», – делінген екен. Яғни құр­сақ­тағы баланың жынысын ультрадыбыстық зерттеу арқылы анықтауға мүмкіндік болса да шариғат бойынша алдағы уақытта оның дүниеге қалай келетінін, сосын қалай өмір сүретінін Алла Тағаладан басқа ешкім білмейді.

– Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ғайып (құпия заттың) кілті бесеу. Оны Алладан басқа ешкім білмейді. Ертең не болатынын, әйелдің кімді босанатынын, жауын қашан жауатынын, кісі қай жерде өлетінін, Қиямет қашан болатынын Алладан басқа ешкім білмейді», – деген. Сондықтан алдын ала қуанып, тумаған балаға той жасау әбестік болып есептеледі, – дейді Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі басшы­сының орынбасары Хасан Аманқұл.

Дінтанушылардың айтуынша, шариғатта айтылмаған, дінде бұйырылмаған істі істеу күнәға жол ашуы мүмкін. Қарапайым тілмен айтқанда есіріп, ессіз тірлік істеу дұрыс емес. Оның үстіне босқа мал (пұл) шашып, пайдасыз жиын өткізу ысырапшылдыққа бас­тайды. Мұнан бөлек дінсіз қоғам­ның әдетін ұста­нып, еліктеу адамды адасушы­лыққа алып барады. Сондай-ақ қазақтың ғұрып әдетінде аяғы ауыр келіншек барынша көз-тілден сақтанған және өзінің жағдайын жария етуді ұят санаған. Сондықтан да есіргендердің ессіз тірлігін істегенше, жас жұбай­лардың дүниеге келер сәбиіне дұрыс есім қоюға, ұлттық тәрбие беруге ұмтылғаны орынды. Қорыта айтқанда, біреудің қаңсығын өзімізге таңсық қылуды қоятын уақыт келген секілді...

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
Фото: ашық дереккөзден
26 желтоқсан 2023 ж. 144 0