Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Елімізде бизнеске жүктемені азайтудың жаңа тетіктері іске асырылады

Елімізде бизнеске жүктемені азайтудың жаңа тетіктері іске асырылады

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Kazinform. 

Заң жобасы арқылы енгізілген өзгерістер мен толықтырулар кәсіпкерлік қызметті жүргізу жағдайын жақсартуға, мемлекеттік бақылау жүйесін ретке келтіруге, оларды жүргізудің ашықтығына кепілдік беруге, сондай-ақ бизнеске жүктемені азайтуға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге және тұтынушылар, кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекет мүдделерінің теңгерімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.

«2021 жылғы 30 желтоқсанда кәсіпкерлік қызмет саласындағы жаңа реттеушілік саясат мәселесі бойынша заң қабылданды. Үкімет қабылдаған заңды іске асыру мақсатында кәсіпкерлік саласында «таза парақтан» реттеуді енгізу жөніндегі жұмысты екі бағытта жүргізіп жатыр. Біріншіден, мемлекеттік бақылаудың жаңа жүйесін енгізу. Ал екіншіден, бизнес үшін маңызды емес талаптарды қысқарту есебінен әкімшілік жүктемені азайту. Мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесін реформалау аясында бизнесті жазалаудан құқық бұзуға жол бермеуге көшу көзделген. Заңды іске асыру мақсатында 326 түзетуді қамтитын заң жобасы әзірленді. Түзетулер бақылау мен қадағалау нысандарын ретке келтіруге, қадағалау салаларындағы жедел ден қою шараларын тек заңнамалық деңгейде регламенттеуге бағытталған», - деді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Оның айтуынша, жекелеген салалық заңдарда жедел ден қою шараларын қолданудың шарттары мен тәртібі белгіленбеген.

Осыған байланысты ұсынылып отырған заң жобасында заңдар деңгейінде мынадай 10 салада жедел ден қою шараларын қолдану тетіктері айқындалады:

1) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы;

2) өсімдіктер карантині;

3) сәулет, қала құрылысы және құрылыс;

4) сауда мақсатында теңізге шығу;

5) ішкі су көлігі;

6) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін көбейту және пайдалану салалары;

7) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласы;

8) орман қорын күзету, қорғау, пайдалану, орман өсіру саласы;

9) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласы;

10) атом энергиясын пайдалану саласы.

«Жедел ден қою шараларын қабылдау мемлекеттік органдарға құқық бұзу деректеріне заң жүзінде әрекет етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бизнес субъектісінің кінәсінен халықтың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін қоғамдық қауіпті қолайсыз жағдайларды болдырмауға ықпал етеді», - деді министр.

Мұнымен қоса ол бизнес үшін өзекті емес талаптарды қысқарту арқылы әкімшілік жүктемені азайту мәселесіне тоқталды.

«2022 жылы барлық мемлекеттік органда салалық жұмыс топтары реттеудің 44 саласы бөлінісінде құрылды. Нәтижесінде жұмыс топтары 128 мыңнан артық талаптар анықталған 44 саладағы 2823 нормативтік-құқықтық актіні талдады, олардың ішінде 10 мыңнан астамы жаңа реттеуші саясаттың базалық шарттарына сәйкес келмейді. 10 мың өзекті емес талаптардың ішінен 9 мыңы қазірдің өзінде заңға тәуелді құжат деңгейінде алынып тасталды. Қалған талаптар осы бизнес жүргізу жөніндегі заң жобасына енгізілген түзетулердің бірыңғай пулы аясында жойылып жатыр. Бірыңғай пул кәсіпкерлік қызметті жетілдіруге бағытталған 51 заңнамалық актіге 386 түзетуді қамтиды. Кәсіпкерлік қызметті реттеудегі жаңа тәсілдерді іске асыру бизнеске түсетін жүктемені түбегейлі жеңілдетуге және іскерлік белсенділікті серпінді дамытуға мүмкіндік береді», - деді Ә.Қуантыров.
08 қараша 2023 ж. 138 0