Жыл басынан бері қазақстандықтарға зейнетақы төлеуге қанша қаражат бөлінді
Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 2 трлн 477,6 млрд теңге сомасына зейнетақы төленді. Оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 760,1 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге 1 трлн 717,5 млрд теңге қарастырылды, деп хабарлайды Кazinform.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 млн 312 мың адам.
2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120 988 теңге болса, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 83 086 теңге, базалық зейнетақы – 37 902 теңге.
2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалатынын еске сала кету керек.
Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.
Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60%-на тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2 %-ға артады. Ал егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 80 %-ына тең болады. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде яғни 100% белгіленеді.
Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір ай болады.
Осылайша міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылатын болса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.
Өз кезегінде азаматтың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты болады.
Фото: ашық дереккөзден