Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Талай қызық күнді өткізген...

Талай қызық күнді өткізген...

Биыл біздің мектеп бітірге­ні­мізге қырық жыл толды. Әне-міне дегенше, зымыра­ған уақыт-ай. Бір адамның ғұмыры. Қайдасыңдар, ­алпыс алтылар?..

Қазіргі аумалы-төкпелі кезеңде «осы біз туған жылы дүйім дүниеде не болды екен» деген сауалдың мазаламасы бар ма?! Ғалам­торды шарлап, көп ешнәрсе таба алмасам да, кейбір оқиғалармен бөліскенді жөн көрдім.

Өткен ғасырдың алпыс алтыншы жылы сенбіден басталған екен. Өткен ғасырдың осы жылы құрдастарым дүниеге келді. Сирияда, Нигерияда, Аргентинада әскери төңкеріс болған.

Индира Ганди ел үкіметін басқа­рып, Үн­діс­танның тарихындағы екін­ші-премьер министр болыпты. Сондықтан шығар, біздің құрдас­та­ры­мыздың арасында Индира есімді қыздар бар­шылық. Жалпы есім қоюға келсек, біздің ата-аналарымыз қазақи аттарды қойған екен. Айымкүл, Бақыткүл, Балтагүл, Орынкүл, Саракүл, Ләззат, Жанат, Манат, Гүлнар, Гүлайым, Гүлмира, Айман, Шолпан, Салтанат, Әлия, Ғалия, Ұлтуған, Ұлбосын және басқалары. Ұлдардың арасында Ербол, Нұрбол, Асылхан, Уәлихан, Батихан, Замир, Ғани, Қайрат, Болат, Жәнібек, Мейрамбек және тағы басқа есімді балалар болды. Қазір адам түсінбейтін аттар көп, солардың жанында біздің есімдеріміз «модный» болмаса да, өзімізге жарасатындай әрі мағыналы. Кластастарым­ды сағындым ба, осы есімдердің тең жартысы менің құрдастарымның есім­дері.

Шүкір, бағымызға екі ғасырдың, қос қоғамдық формацияның куәсі бо­лу жазылыпты, жасымыз болса ал­пыс­қа жақындапты.

Осы мектепте кездесу өткізу қай жыл­дардан бастау алғаны есімде жоқ. Қалай десек те, бұл оқушы­ның өзінің алтын ұя мектебіне, он­дағы ұстаздарына деген шексіз ри­за­шы­лығын білдіруден туған бас­тама. Қа­зір мектеп бітіргеніне 50 жыл тол­ға­нын тойлап жатқандар да бар­шылық.

Кездесу тек қана ас ішіп, аяқ босату емес, елге пайдалы іс жасау, тіпті мектеп кітапха­насына кітап сый­­ласа да, болмаса футбол алаңын салып берсе, достықтың қадірін тү­сін­діруде өскелең ұрпаққа өнегелі іс екені сөзсіз.

...Қарап отырсам, осы қырық жыл­да мектеп бітіргелі бір-бірімізді көрме­ген кластастарым да бар екен. Бі­разымен жиырмажылдықта кездес­кенбіз. Ол 2003 жыл болатын. Еліміз еге­мендікке енді ғана қол жет­кізген, бірақ экономикамызда қиын­шылықтар болған кез еді. Соған қа­ра­мастан, бір жыл бұрын не істеу ке­ректігін ойластырып, ауылдағы кластас­тардың қолдауымен жан-жақ­тағы жолдастарымызға хабар бе­ріп, нә­тижесінде жүрекке жылылық ұялат­қан ерекше жақсы кездесу өткіздік. Сонда әр бес жыл сайын кездесеміз дегенбіз. Өкінішке қарай, бәріміз де уақыттың құлына айнал­дық. Сөйтіп жүргенде, жиырма жылдың қалай өте шыққанын аңғар­май қалдық. Не деген, жалынан ұс­татпайтын жүйрік уақыт бұл?! Ара­да өткен жылдар ішінде Серік, Алдам­жар, Асылбек, Ғафур, Әділбек, Жа­нат Ерманова сияқты кластастарымыз мезгілсіз қайтыс болды. Жатқан жерлері жайлы болсын.

Сол жиырмажылдықта өзіміздің мектебіміз­де, оқыған сыныбымызда бас қосқанбыз. «Өмір сабағы» деген сабақты жасы жетпістен асқан алғашқы ұстазымыз Шәһаршам Дос­тиярова апай өткізді. Сол сабаққа қатысқан Астана, Алматы, Жамбыл, Түр­кіс­тан, Қызылордадан келген құрдастарым өздері туралы әңгімеледі. Сондай-ақ, бұл сабақта класс жетекшілеріміз Қарлыға Бекмағанбетова мен Мон­шақ Дәр­менова апайымыз да болды. Өкінішке қарай, Шаһаршам және Моншақ апайларымыз қазір дүние­ден озды.

Біздің қатарластарымызға «Әліп­пені» оқыт­қан Анар Ізбасарова мен Гүлсім Айкөпешова апайларды да атап өткім келеді. Анар апай кластасымыз, өмірден ерте кеткен Серіктің анасы, өте ақжарқын, кеңпейілді, балажан кісі. Апай – ұлағатты ұстаз, Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері. Ол кісінің алдынан жүздеген бала оқып шықты. Қазір зейнеткер, аудандағы қадірлі ардагердің бірі.

Мектепте бізді оқытқан көп ұстаздарымыз бұл күнде жоқ. Солардың ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тарихшы Қасымхан Смайылов, химик Мырқайдар Мәмбетов, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген Нұрғали Серікбаев, Сейткамал Усабаев, математик Дүйсенбай Жетербаев, ән сабағынан Ибадулла Байдәулетовке мың тағзым. Сондай-ақ, алғашқы әскери дайындық сабағынан Аманқос Ақылбеков, дене шынықтырудан Омар Смайылов, автомобиль ісінен Біткенбай Мадрайымов, еңбектен Қатша Өтешова және басқалары сабақ берді.

Класс жетекшіміз Гүлжамал Асқарқызы Ера­лие­ва жас мұғалім болатын. Мамырда табиғат аясына, «Қалғандарияның» жағасына походқа барғанымыз есімде. Апай бір жылдан кейін аудандық комсомол комитетіне хатшы болып кетті. Қарлыға Бекмағанбетова апайымыз ағылшын тілінен сабақ берді, бізге класс жетекші болды, бір жылы күзде күрішке алып барды.

Бір жылы мектепке біраз жас ұстаздар келді. Солардың ішінде Алыбаева Света, Ғалия Асанова, Зоя Тайманова апайымыз бар еді. Тарихтан сабақ берген Қалмахан Бекмағанбетов ағайдан студенттік өмір туралы сұрайтынбыз. Жоламан Ерманов ағайдың сабағы өте қызық өтетін. Жантемір Айсин ағамыз да бізге ән мен күйден сабақ берді. Ұлбике, Доскүл, Рыскүл, Сұлупан, Патыма, Роза апайлар да жап-жас еді ол кезде...

Мектеп директорларымыз Сақыбек Алданазаров пен Ажар Әзқожаева болды. Олар өмірге өте құштар, белсенді әрі құрметті кісілер еді. Ажар апайдың жылап тұрып, «Абай жолы» романын жатқа оқитын сабақтары қандай керемет еді.

Біз Кеңес кезінде оқыдық және октябрят, пионер, комсомол болдық. Сондағы Ұлбосын Бекмағанбетова мен Ұлбосын Қалқоразованы көрген сайын сол пионер кезім еске түседі. Маған ол кісілер ешқашан қартаймайтын сияқты болып көрінеді. Менің алғашқы мақа­лаларым «Қазақстан пионері» газеті мен «Пионер» журналына шығады. Содан бір аптадан кейін мектепке бір бума хат келеді менің атыма. Соны бүкіл класс болып оқитынбыз, сөйтіп республиканың түкпір-түкпірінен, одан қалды Якутиядан, Башкириядан, Ресейден көп дос­тар табатынбыз. Мен ұзақ уақытқа дейін солармен хат алмасып тұрдым.

Біз ауызбіршілігі мол, ұйымшыл, жақсы класс болдық. Бала болғасын арамызда естіміз де, есеріміз де, кейбір тұста шалалығымыз да, жақсылықтарымыз да болды. Марат, Сейілхан, Бақыткүл, Розмари сабақты жақсы оқыса, Ғани, Алтынбек – спортшы, Ғазиза, Ләззат – шебер, Әлия, Гүлзада, Ахат, Ғафур, Дастан, Гаухар өнерпаз еді.

Әсіресе, есейіп, бой түзеп келе жатқанда мектептегі жас мұғалімдеріміз Жанна Бодан­қызы мен Қасиет Нұрғалиқызы жоғары сынып оқушылары арасында өткізетін қызықты сайыс­тарда бірінші болу үшін барымызды салатынбыз. Кеңшарларға жазда шөп оруға, күзде күріш орағы науқанында масақ теруге баратынбыз.

Ғасырдан асқан, қазіргі Иса Тоқтыбаев атын­дағы мектебіміз – қашанда сағынып, көңіліміз алып ұшып тұратын алтын ұямыз. Онда он жыл бойы білім алып қана қойған жоқпыз, асыр салып ойнадық та, кейде ала шаңын шығарған кездеріміз де болды. Сондайда, шаруашылықты Қуатбек ағай басқарса, мектебімізді айнадай тазалаған Патыма, Сәлима, Маша, Тыныштық, Қаратай, Гүлжаһан тағы басқа апаларымыздың еңбегі ерекше еді. Жыл сайын көктемде мектеп айналасына ағаш егетінбіз. Ол ағаштар қазір жайқалып өсіп тұр. Оларды көрген сайын балалық шақ еске түседі.

Біздің класта екі Ербол – Орғараев пен Ыс­қақов, екі Ләззат, екі Гүлнар, яғни Рахманбердиева мен Исаева, екі Серік, екі Ізбасханова – Дина мен Зульфия болды. Сегізінші класқа дейін төрт сыныпқа бөлініп, біздің сыныптың өзінде 41 бала оқыды. Одан Жұлдызай, Бал­тагүл, Ақзинеш, Алмас, Бақыт, Манат, Болат СПТУ-ға кетті. Онжылдықты екі сыныптан 64 бала тәмамдадық.

«А» класының ұлдары да, қыздары да ірі әрі бойшаң болатын. Сол «Рахат» кафесіндегі кездесудің соңын ала бізге Жанат Боданқызы, Замир Қобландин әйелімен және «а», «в» кластарынан басқа да қыз-жігіттер келген. Замир де ерекше жігіт болатын, үнемі жарқырап, күліп жүретін. Сол кездесуден кейін ол кластан да біраз жігіттер қайтыс болды.

Қазір өмір бәрімізді жан-жаққа жіберді ғой. Біріміз қалада, біріміз далада дегендей. Сол жиырмажылдықта, ауылда жарықты сағаттап береді екен, жарық сөніп қалып, кафеде майшаммен отырып, күріштегі әндерімізді шырқадық. Мектептегі алғашқы вокальды-аспапты ансамбльді құруға да біздің ұлдар атсалысты. Ол кезде елде «Машина временидің» дүрілдеп тұрған кезі. Кездесуге үлгермеген Ербол Орғараев пен Абай Ералиев келіншектерімен ертесіне жеткен. Жиырмажылдықтағы кездесуді суретке және бейнетаспаға түсірген едік.

Кластағы ақжарқын қыз Зухра Сүлейменова қазір Алматы облысында тұрады. Манат, Гүлмира, Гүлнармен бастауыш сыныпта сабақ­қа бірге дайындалатынбыз. Гүлмира мен Гүлнардың әкелері Ұлы Отан соғысына қатысқан, кейіннен үлкен мекемелерде бастық болған, көзі ашық, көкірегі ояу, жақсы кісілер еді. Гүлмира Асанова кластан шыққан биология ғылымының кандидаты, қазір Қорқыт Ата атындағы университетте дәріс береді.

Гүлжан Бақтыбаеваның папасы аудандық баспахананың директоры болды. Кейіннен олар Қармақшыға көшті, қазір Шымкентте тұрады. Айғаным Балдақова көршілес Жалағашта тұрады, кітапханашы болып жұмыс істейді. Айсұлу Бекбо
латова белгілі емші, Алматы қаласында, ал Зульфия Ізбасханова көпбалалы ана, Қараөзекте тұрады.

Сейткамал ағай оныншы сыныпта тек біздің класқа сабақ берді. Ағайдың арқасында біздің кластың бәрі жазушы, себебі күнде шығарма жазатынбыз. Және қандай шығармалар десеңізші?! Ағайдың баласы – Серік Усабаев қазір өзінің кәсібі бар, іскер азамат. Нарықтық экономика басталған жылдары дүкен, ағаштан жиһаз жасайтын цех, кафе ашып, жанына біздің ұлдарды ертіп, ауданда алғашқы кәсіпкерлердің бірі атанды.

Біздің Гүлзада Ешмұратова – мықты мұғалім, Гаухар Сәрсенбаева – мәдениет саласының майталманы, Әлия Бөлебаева, Орынкүл Нұр­сейітова, Ләззат Базарова – кәсіпкер, Дина Ізбасханова – мейірбике. Ғани Әлекеев орта­лық­тағы мектепте дене тәрбиесінен сабақ береді. Сейілхан Төлегенов аудандық статистика бөлімін басқарады. Кеңішбек Маужанов – Шымкентте өз ісін дөңгелентіп отырған кәсіпкер. Алтынбек Досжанов, Жәнібек Смайылов, Дастан Сүлейменов, Орынбасар Қантаев, Болат Исабаев, Асылхан Айжанов, Ақылбек Биманов, Кеңес Ахметов және басқалары – ауданның өсіп өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтар.

Сонымен, біздің кластастар қырық жылдық­та амандық болса кездесеміз. Бір жылдан бері «бармысың, бауырым» деп, жан-жақтан бір-бірімізді тауып алып, телефонмен хабарласып, дауысымызды естіп, мәре-сәре боп жатырмыз. Алтауы Алматыдан, қалғандары Астана, Тараз, Түркістан, Қызылорда, Манкенттен «туған жерім – Тереңөзегім», «мектебім», «аяулы ұстаздарым», «қымбатты кластастарым» деп келе жатыр. Той құтты болсын!

Қадірлі ұстаздар, кластастарым, қырық жылдан кейінгі кездесуіміз ойдағыдай өтсін. Жақсы күндерде, аманшылықта қауышайық!

Дәметкүл ҚҰМАҚБАЙ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
17 маусым 2023 ж. 943 0