Қасиетті қарттық
Адам болмысының кемелді мұраты – тіршілік заңдылықтарын дұрыс ұғыну, өзіне тиісті міндеттермен қатар азаматтық парызды бұлжытпай орындау. Жылдың төрт мезгілі сияқты өмірдің төрт кезеңін дұрыс өткізу, ауытқушылыққа жол бермеу, өмір нәрінің бір тамшысын да босқа төкпей, әбден қартайған шағыңа дейін бүтін жеткізу, тірлік отының біркелкі маздап жануы. Осы жылдың мамыр айында Бақтыбай аға мен Ақгүл апаның шаңырақ құрғанына жарты ғасыр болады.
Ерлі-зайыптының екеуі де Қызылорда медициналық училищесін бітірген: Бәкеңнің мамандығы фельдшер болса, Ақгүл апа – орта буын медицина қызметкері. Елу жыл деген бір адамның марқаятын, ел ағасы болатын шағы, барлық мәселе мұнда да емес. Осынау ел жаңарған уақытта бұл кісілер қандай жұмыстар жасады? Қандай ісімен жанындағыларға үлгі болды? Жалпы, өмір-тіршіліктің мәні қанша жас жасағаныңда емес, сол ғұмырды қалай кешкеніңде, қандай биікке көтерілгеніңде емес, сол жерге не алып шыққаныңда. Бұл кісілердің еңбек жолына қарап отырсаңыз, таңдап алған жолынан табан аудармай, қажырлы түрде алға жылжып отырғанын көресіз.
Бақтыбай Мәтібаев 1968 жылы медицина училищесін ойдағыдай бітіріп, фельдшер мамандығын алғаннан кейін С.Сейфуллин атындағы шаруашылықтың алыс мал жайылымында фельдшер болып еңбек жолын бастайды. Орталықтан алыс отыратын малшылардың денсаулығына жауап беретін бұл қызмет негізі Тереңөзек аудандық ауруханасына қарайтын. Бұл – елімізде әлі медицинаның дами қоймаған кезі, көп жауапкершілік арнаулы орта білімді фельдшерлердің мойнына түсті. Ауруды апаратын аурухана да алыс, емді өзің жасауың керек. Фельдшердің бойында тағы бір қасиет – адамға деген жанашырлық, көре және тыңдай білу, ықылас пен мейірім болуы керек. Күтпеген жағдайлар көп кездеседі, сол кезде шешім қабылдау қабілеті де, ширақтық пен қажырлық та маңызды.
Жас маманға алғашында оңай болған жоқ, аяқ астынан қиындықтар кездесіп отырды. Сол кездері жас Бақтыбай фельдшерліктің жанқиярлық мамандық екенін түсінді. Өз бетімен көп оқыды, көп ізденді. Медициналық әдебиеттің пайдасы көп тиді, халықтық емшіліктің қыр-сырына қаныға бастады. Адамдармен қарым-қатынаста игі мінез де керек, бірақ ең бастысы, батылдық, табандылық және төзімділік.
Өмір сүрудің белгілі бір ережесі жоқ, яғни табиғи тіршіліктің заңдарына бағынбайтын қалтарыстары көп. Ол адамның табиғи болмысын неше түрлі иірімге салады. Қиындық кездессе оны жеңе білу, тіршілік-дария иірімінен шыға білуі тиіс. Бақтыбай Тұрсынбайұлы екі рет өмір мектебінен өтті, оның біріншісі – алыс мал жайылымындағы фельдшерлік қызметі болса, екіншісі – Кеңес армиясы қатарындағы әскери қызметі еді. Бұл екеуі міндет пен борыштық, құрылымдық жағынан екі түрлі болғанымен атқарған жұмысы бір болды.
Кешегі Кеңес өкіметі кезінде мемлекеттік қорғаныс пен әскери қызметке айрықша мән берілді. Кәмелетке толған жастың бәрі әскерге баруға тиіс еді. Бәкең бір жылдай фельдшер болып жұмыс атқарғаннан кейін әскер қатарына алынды. Ашхабад қаласына орналасқан бөлімнің байланыс батальонында аға фельдшер болды. «Көп екен көргеніңнен көрмегенің» дегендей, білетіні бір тоғыз, білмейтіні тоқсан тоғыз екен. Әскерде неше түрлі жағдай болады, темірдей тәртіп дегенмен жас жігіттер түрлі жағдайға ұшырайды. Оның үстіне қару да бар. Тағы бір айта кететін жайт, жалпыға бірдей әскери міндеткерлікке орай жастарды әскерге жаппай алды. Анау-мынау аурушаңдығына қараған жоқ. Кей жігіттердің денсаулығы сыр беріп те жатты. Бірақ Бәкең мал жайылымындағыдай жалғыз медицина қызметкері емес еді. Әскерде білікті дәрігер, тәжірибелі орта буын медицина қызметкері көп. Үйренуден жалықпасаң, үйретуден олар да қашпайды.
Әскердегі екі жыл білім-біліктілігін көтеріп қана қойған жоқ, бұрынғыдан да ширатты. Айналадағы оқиғаларға деген бағамы, өмірге деген көзқарасы қалыптасты. Кешегі бозбала мығым жігітке айналды. Әскери қызметін атқарып елге келсе, бұрынғы жұмыс орны бос екен. Екі жылда екі маман келген, екеуі де шыдай алмапты. Жалпы, жас адам көптің ішінде, орталықта болғанды жақсы көреді. Оларды да кінәлай алмайсың. Ауылға келе жатып алаңсыз бір демалуды, қыдырыстауды ойлаған еді. Соның сәті келмеді. Бірден бұрынғы қызметіне орналасты. Бұған басшылары да, жайылымдағы малшы қауымы да қуанды. Ісіне берік жігітті кім қаламайды дейсің?!
Содан қырық жыл тапжылмастан бір орында қызмет етті. Бұл – айтуға ғана жеңіл. Талай рет алдынан сан-соқпақ шықты, қиналды, кейде налыды. Қыстың дүлей боранында, жаздың аптап ыстығында бір малшының қыстағынан екіншісіне жету оңай емес. Ағамыз көлік мінген жоқ, күніне он шақырымдай жер жаяу жүріп қызмет жасады. Ауыр жағдайларда ғана жетектегі атқа мінетін. Ешқашан еңбегін міндетсінген жоқ. Оның үстіне мінезі мәрт. Айтты ма, орындайды. Бірақ бәрінен де сүрінбей өтті. Жеңілістің ащы дәмін татқан жоқ, ешкімнен артық сөз естімеді. Бақтыбай Тұрсынбайұлының табиғилығы тәрбиелігіне тән еді. Оның үстіне көрген жайлардан өнеге алды.
Өткен ғасырда малшылар бір қауым ел еді. Олардың денсаулық жағдайына қараудан басқа мәдени-тұрмыстық сауда қызметі жақсы көрсетілетін, арнайы «малшылар күні» де болатын. Марапаттан да кенде емес еді.
Өмірдің қатал болмағанмен қиын сынағынан өту табандылығыңа, қайрат-жігеріңе, рухыңның мықтылығына ғана емес, өмірлік жарыңның жақсы адам болуына да байланысты. Бақтыбай ағаның зайыбы Ақгүл Жақсыбайқызы Тереңөзек кентіндегі аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінде жемісті еңбек етті. Отасқандарына тура елу жыл болған Бақтыбай аға мен Ақгүл апа ағайын-туысқа емес, бүкіл елге қадірлі. Олардың отбасындағы ынтымақ пен жылылық, салауатты тіршілік көрші-көлемге жақсы әсерін тигізді. Олардың бойындағы бауырмалдық, ізеттік үлкейе келе парасаттылыққа ұласып, қасиеті үшін құрмет, еңбегінің жемісін екі ұл, екі қыздан өрбіген немере-жиендердің қызығын көріп отыр.
Иә, кім де болса өз өмірімен өмір сүруі керек, сондай құқы бар. Бұл адами болмысыңа ғана емес, тірлік жайлы түсінігіңе, ниет-пейіліңе бағам көзқарасыңа да байланысты. Өмір бойы еңбек ет, басқалардан артық жұмыс жаса, адамдарға тек жақсылық істе, бірақ оны міндет тұтпа. Ұрпағыңа қанмен берілген қасиетті тәрбиемен толықтыр. Әдемі қартаю деген міне, осы.
Шаһарбек Нұрсейітов,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі