Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақынның ақ батасы немесе он сегіз жыл бұрын түсірілген сурет

Ақынның ақ батасы немесе он сегіз жыл бұрын түсірілген сурет

Көрнекті ақын, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шахановтың есімі елімізге ғана емес әлемге белгілі. Әдебиет әлемінде өзіндік орны, мәртебелі төрі бар ардақты ақын биыл сексеннің сеңгіріне шығып, қалың жұртшылықтың зор құрметіне бөленуде. Бүгін тарихи тұлғаның осыдан 18 жыл бұрын Сырдария ауданына жасаған шығармашылық сапары және сол кезде түсірілген бір суреттің тарихы туралы жазатын боламыз.

Ұзақ жылдар аудандық газет редакциясында фототілші қызметін атқарған марқұм Ерғали (Ерхан) Әбдіқалықовтың ұрпақтары жақында редакцияға әкелері түсірген суреттер топтамасын өткізген болатын. Бұл туралы біз арнайы мақала жазып, ардақты азаматтың ұлағатты ұрпақтарының тағылымды ісін жоғары бағалағанбыз. Өйткені, редакцияға өткізілген суреттердің ішінде ауданның қоғамдық-саяси, рухани-мәдени өмірінен сыр шертетін тарихи суреттер өте көп. Ол суреттер бір үйдің ескі сандығында жата берсе, мәні де, маңызы да жоғалады. Ал редакцияға өткізілсе, суреттер көпшілікке ұсынылып, бүгінгі мақаламыздай дүниелер жазылады.

Бүгінгі мақаламызға арқау болған суретті Ерғали (Ерхан) Әбдіқалықов ағамыз 2004 жылы түсіріпті. Сол жылдың мамыр айында дарынды ақын Мұхтар Шаханов Сыр еліне шығармашылық сапармен келіп, оқырмандарымен кездескен екен. 2004-2008 жылдары ауданды абыроймен басқарған қоғам қайраткері Ибрагим Әбибуллаевтың өнер жанашыры, руханият саласының қолдаушысы екені өңір халқына белгілі. Аудан басшысы ақынның шығармашылық сапары аясында Шаған ауылында кездесу кешін ұйымдастыруға бастамашы болып, іс-шараны өзі жүргізіп, зор қолдау көрсетеді. Аталған іс-шараға қатысқан шіркейлілік ұлағатты ұстаз Күміскүл Қожарипованың айтуынша, ақынның Шаған ауылындағы оқырмандармен кездесуі бірнеше сағатқа созылған және залда ине шаншар бос жер болмаған.

– Ақын Мұхтар Шаханов ауданға келеді деген хабарды естіп, Шаған ауылына ағылған жұрттың қарасы қалың болды. Біз де кездесуге барып, тарихи тұлғаның өлеңдерін өз аузынан естіп, зор рухани шабыт алдық. Мен өзіммен бірге бес жасар сіңілім Айзатты шығармашылық кешке ертіп алып бардым. Себебі, ол ақынның өлеңдерін жатқа оқитын еді. Сіздің қолыңыздағы сурет 18 жыл бұрын осы іс-шарада түсірілген. Кездесу кеші аяқталар тұста аудан әкімі Ибрагим Сражадинұлы мен ақын Мұхтар Шахановтан рұқсат сұрап, кішкентай балақайдың белгілі ақынның «Нарынқол трагедиясы» деген өлеңін оқыса деген тілегімді жеткіздім. Айзат мүдірмей, зор шабытпен, ерекше екпінмен ұзақ өлеңді жатқа оқыды. Риза болған аудан әкімі Ибрагим Әбибуллаев болашағынан көп үміт күттіретін Айзатқа сәттілік тілесе, талантты ақын Мұхтар Шаханов ақ батасын беріп, өз қолтаңбасымен кітабын сыйлады, – дейді №129 Ә.Жәмішев атындағы мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Күміскүл Қожарипова.

Біз тарихи сурет қолымызға тигеннен соң және Күміскүл апай іс-шараның жоғары деңгейде өткенін шебер суреттеп жеткізгеннен кейін ақынның ақ батасын алған сол кездегі бес жасар Айзатпен тілдесуге асықтық. Сөйтсек көрнекті ақынның өлеңін жаңылмай, жатқа оқыған талабы таудай Айзат өзіміздің Шіркейлі ауылында тұрады екен. Ауылдағы білім ордасын бітіргеннен кейін облыс орталығындағы медициналық колледжде білім алыпты. Ол бүгінде шіркейлілік Ғабит Ерболовпен шаңырақ көтеріп, Садриддин және Камаладдин есімді екі балақайдың анасы атанып отыр. Сол жылғы жылы кездесуден кейін Айзат Жарылқасын ақын Мұхтар Шахановтың әдеби ортадағы өкіл қызындай болып кетіпті.

– Нағашы атам Қазбек Майлықожаев өнерге, әдебиетке ерекше құрметпен қарайды. Маған Мұхтар Шахановтың өлеңдерін үйретіп, жаттатқан сол кісі. Менің өлеңдерді жатқа оқуға ынтам жоғары екенін байқаған атам мен Күміскүл апай Шағандағы кездесуге алып барды. Бәрі күні кешегідей есімде. Ақын да, әкім де өлеңді жаңылмай оқығаныма риза болды. Содан кейін мені Мұхтар ата өзінің Астана, Алматы, Шымкент секілді үлкен қалалардағы шығармашылық кештеріне шақырып, үлкен сахналарда өлеңдер оқыдым. «Жалын» журна¬лына шыққаным да есімде. Мұхтар атаның маған сыйлаған кітаптары, естелік сыйлықтары үйімде сақтаулы тұр, – дейді біз жіберген суретті ерекше ықы¬ласпен, толқыныспен қабыл алған Айзат Жарылқасын.

Айту керек, ақынның Сыр өңіріне жасаған шығармашылық сапары жөнінде уақытысында белгілі журналист Шолпан Оразәулеті кең көлемді мақала жазып, аудандық газетте жарияланыпты. Сол мақалада М.Шаханов: «Көп кездесулер есте қала бермейді. Менің Қызылордадағы сапарым осы 5 жасар Айзаттың өлеңімді жатқа оқуымен есте қалатын болды. 6-8 жасар балалар өлеңімді оқиды. Бірақ көбіне кітапқа қарап. Ал 5 жасар баланың анау-мынау өлең емес, балладаны жатқа оқуы өмірімде бірінші рет кездескен жағдай» деп ерекше таңданыспен жақсы пікір білдіріпті. Иә, ақынның Айзатқа шынайы риза болып, ақ батасын бергені анық. Біз бұл тарихи кездесу жөнінде қолымыздағы тамаша суретті көргеннен кейін іздендік. Осы ретте, ұмытылмайтын кездесуді суретке сәтті түсірген Ерғали (Ерхан) Әбдіқалықовтың рухының алдында тағы да бас иеміз...

Әділ Абылайхан,
Абай атындағы ҚазҰПУ-нің 4-курс студенті

06 сәуір 2023 ж. 163 0