Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көлік тізгінінде – ханымдар

Көлік тізгінінде – ханымдар

Бұрынғыдай емес, қазір әйел жүргі­зушілер саны артып келеді. Көшеде көз сала жүрсеңіз, көк темірді тізгіндеген нәзік жандарды жиі жолықтырасыз. Бұрындары алып техниканы игеруге ер азаматтың ғана әлі жететіндей көрінуші еді. Тіпті ондай жағдай ілеуде біреу болмаса, жиі ұшыраса бермейтін. Қазір үлкен қала тұрмақ шағын ауданымыздың өзінде жасы бар, орта жастағысы бар нәзік жандардың көлік жүргізгеніне жиі куәміз.

«Әйелдің қырық жаны бар» демей ме, баланы да бағып, отбасын да қамтамасыз етіп, жұмыстың да ебін тапқан нәзік жандыға техниканың тілін табу, икемі болса, қиындық туғызбас. Бірақ қоғамда «әйелге «еркектің жұмысы» не тең» деген түсініктегі жандар да жоқ емес. Десек те, арнайы жүргізілген зерттеу нәтижесіне сүйенсек, сегіз жол-көлік оқиғасының біреуіне ғана әйелдер себепкер болады екен. Яғни, көлік жүргізуде де әйелдер барынша ықтияттылық танытып әрі жол ережелерін қатаң сақтауға тырысады. Бірақ дәл осы зерттеуде көрсетілген дәйектерге сүйенсек, ерлердің 81 пайызы әйел тізгіндеген көлікте тақымдарын қысып отыратын көрінеді. «Нәзік жандылар көлікті оңды жүргізе алмайды» деп ойлайтын ер азаматтар өз қауіпсіздігіне күдіктеніп, рөлдегі әйелдің қимылын бағып отыруға тырысады.

Жол үстіндегі ер мен әйел адамдардың көлік жүргізу шеберлігі олардың психоло­гиялық күйіне тікелей байланысты. Мысалы, әйелдер әдетте сезімге берілгіш болғанымен, көлік тізгіндеген сәтте бар назарын жолға аударып, мұқият болады. Ал ер азаматтардың «мен толық меңгергенмін» деген өз-өздеріне сенімділігі кейде жарға жығып жатуы мүмкін. Қатер айтып келмейді. Ескерте кететін жағ­дай, жол-көлік апатына ең жиі себеп болатын жағдай ұялы телефонға алаңдау екен. Зерттеушілердің айтуынша, көлік қозғалысы кезінде екі секунд ұялы телефонға назар ау­дарудың өзі жол апаты туу ықтималдығын 92 пайызға дейін арттырады.

Соңғы деректерге сүйенсек, елімізде әйел жүргізушілерге деген сұраныс артып келеді. Сұранысты арттырушылар да – қыз-келіншектер. Сондай-ақ ата-аналар бір жерден екінші жерге жеткізіп салу үшін кәмелетке толмаған балаларының қауіпсіздігін де әйел жүргізушілерге сеніп тапсыратын көрі­неді. Бұны жантану ілімінің мамандары құп көріп, қуаттай түседі. Олардың айтуынша, әйел адамдар табиғатынан қауіпсіздікке аса мән береді. Нәзік жандының табиғаты тә­уекелшілік, батылдық сияқты қасиеттерден гөрі қауіпсіздікке көбірек ден қояды. Жалпы әйелдер қоғамдық қозғалыс болсын, жалпы өмірде де ең қауіпсіз жолды таңдауға тырысады.

Бір жағынан, көлік жүргізу де – бір қызмет. Оны ерге, әйелге тән жұмыс деп бөліп жату да қызық. Бірақ алып техниканы тізгіндеу нәзік жандыларға қарағанда ер азаматтарға жарасымды секілді. Десек те, бұл жерде «кім көлікті жақсы жүргізеді» деген сауалға жа­уап іздеп жатудың қажеті де жоқ. Өйткені ол көбіне кәсібилікке қатысты. Яғни кім болса да техника тілін таба алса, жол ережесін жетік меңгерсе болғаны.

Қазіргі қоғамда гендерлік теңдік-теңсіздік мәселесі жиі қозғалып жүр. Бұны екі жақты қарауға болады. Біріншісі – ер азаматты әйелден бір саты жоғары қоятын қазақы таным болса, екіншісі – нарық заманына сай әйелдердің де кез келген қызметке араласуы құп. Тақырыпты сөз еткенде кімдікі жөн деп даурығып, бос әуреге түскенше, таразы басын тең ұстаған дұрысы болар.

Көлік тізгініндегі ханымдардың көпшілігі көлік тізгіндеуді өзі және отбасы үшін үй­ренсе, кісі тасымалдауды қызметке айналдырып, табыс көзін тапқандар қаншама?! «Такси» қызметімен бірге үлкен қалаларда қоғамдық көлік тізгінін ұстаған әйелдерді де көп кезіктіруге болады. Кезінде әйел-Ана­лардың трактор тілін меңгеріп, еңбек даласында ер азаматтармен қатар жүргенін ес­­­кер­­­­сек, бүгінде жеңіл көлік тізгіндеу «жа­ңа­­­­­­­­лық» бола қоймас. Қазір қанша нә­зік жан­­­ды тасымал қызметімен күн көріп жүр­­­­­­­­­­­­­­­гені туралы нақты статистикалық дерек­­­тер жоқ. Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, өзін жұмыспен қам­тып отырған бір жарым миллионға жуық ха­лықтың тең жартысы – әйел-Аналар.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
28 наурыз 2023 ж. 170 0