Сәресінде береке бар
Қасиетті Рамазан айының құрметіне және тұрақты оқырмандарымыздың ұсыныс-пікіріне сәйкес аудандық мұсылмандар мешітімен бірлесе «Сұраңыз, түсіндіреміз!» атты айдар ашқан болатынбыз. Газетіміздің өткен санында тарауық намазы туралы айтсақ, бұл жолы сәресінің әдептері жөнінде әңгіме өрбітетін боламыз. Оқырмандардан жинақталған сұрақтарымызға аудандық мешіттің бас имамы Асхат Асқарұлы жауап береді.
– Сәресі мен ауызашардың әдептері жөнінде айтсаңыз...
– Оразаның әр күні сәресі ішуден басталады. Сәресі деп Рамазан айында ораза ұстау ниетімен таң атпастан бұрын тамақтануды айтады. Бүгінде ораза ұстаушылардың көпшілігі түнде тойып ішіп-жеп, сәресін ішпей, оразасын әрі қарай жалғастыра беруді әдетіне айналдырған. Алайда, сәресінің сіз бен біз біле бермейтін пайдалары мен артықшылықтары ұшан-теңіз.
Әрбір мұсылман Рамазан айындағы түннің соңғы бөлігінде ораза тұтуға ниет етіп, сәресін ішкені жөн. Неге? Өйткені, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Таң атпастан бұрын тамақтаныңдар, өйткені сәресінде береке бар!» деген. Адамның кейде сәресіне тұрмаған күндері біртүрлі әлсіздік сезініп, өзін жайсыз сезінуінің себебі осыдан.
«Расында, Алла және оның періштелері сәресін ішкендерге салауат айтады деген де хадис бар. Енді өзіңіз ойлаңыз, аса Құдіретті, әлемнің Иесі Алланың өзі есендік тілеген пенде қалай ұтылмақ? Сәресін ішкен адамның күні амандықта, есендікте болатыны анық.
Сондай-ақ сәресі – мұсылманның оразасы мен христиандардың, яһудилердің оразаларын бір-біріне ұқсатпай ерекшелеп тұратын бірден-бір амал. Өзге дін өкілдері де біз секілді ораза ұстайды. Сондықтан Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, біздің оразаның өзге Кітап иелерінің оразасынан айырмашылығы – сәресі ішу» деген.
Жалпы сәресін ішудің маңыздылығы туралы хадистер өте көп. Ибн `Амр, Әбу Са`ид және Әнастан (р.а) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бір жұтым сумен болса да сәресін ішіңдер», – десе, келесі бір хадисте «Расында, сәресіде игілік бар, сондықтан оны қалдырмаңдар» деген.
– Сәресі қай кезде ішіледі және қай уақытта тоқтатылады?
– Сәресінің уақыты таң атуға жақын қалғанда басталады. Егер адам таң атпастан бірнеше сағат бұрын немесе ұйқыға жатар алдында тамақтанса, онда бұл сәресі болып саналмайды. Сәресін түннің ақырғы бөлігіне дейін қалдыру керек немесе тіпті, таң намазының алдына жақын тамақтанған абзал. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бізге, пайғамбарларға ауызды уақыты кіруімен ертерек ашып, сәресін кешірек жасау әмір етілген» деген.
Адамның таң ата бастағанына анық көзі жеткенше тамақтана беруіне рұқсат етіледі. Алла Тағала Құранда: «Таңның ақ жібі мен қара жібін ажырата алғандарыңша жеңдер және ішіңдер» деген. Ал қазір бізде бұл жағдай арнайы бекітілген ораза кестесі арқылы жеңілдетілген. Сондықтан Діни басқарма бекіткен жергілікті ораза кестелеріне сүйенген абзал.
– Ораза тұтушы сәресіне ұйықтап қалса, сол күнгі оразасын жалғастыра беру керек пе?
– Рамазан айында ұйқыдан тұра алмай сәресі уақытын өткізіп алған адам еш нәр татпастан сол күнгі оразасына ниет етіп, оразасын жалғастырып ұстап кете береді. Себебі, Пайғамбарымыз (с.а.у) «ашура күні» жаршыға былай жария етуді бұйырды: «Кім бір нәрсе жеп қойған болса, аузын күннің соңына дейін берік етіп тәмәмдасын. Ал ештеме жемеген адам, сол күйінше жемесін (ораза ұстасын)!». Бұл хадистен түсінетіміз, ораза кезінде сәресіге тұрмай таң атырған кісі де еш нәр татпастан сол күнгі оразасын ұстайды. Осы орайда, лаж болса, сәресіні жібермеген жөн. Ол үшін қазіргі дамыған заманда мүмкіндік көп. Оятқыштың да сан түрі бар. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «сәресіде береке бар» деген. Сәресіде тәбетіңіз тартпай тұрса, тым болмағанда су ішкен жақсы. Осылайша, өзіңіздің денеңізді күні бойы керек еттіретін сұйықтықпен қамтамасыз еткен боласыз. Оның үстіне, сәресі – адамға рухани демеу.
– Сәресін ішіп болып, ауыз бекіткеннен кейін түкірік жұтса, ораза бұзыла ма?
– Аузы берік кісі аузындағы сілекейін немесе түкірігін жұтса, оразасы бұзылмайды. Адам сіңбірігін ішке тартып, жұтса да, ораза бұзылмайды. Бірақ сілекейі мен түкірігін әдейі жинап барып жұтуға болмайды. Бұған тыйым салынады. Жалпы, барлық амал ниетке байланысты. Сондықтан ниетімізді дұрыс істерге бағыттағанымыз жөн.
– Ауыз бекіткеннен кейін сұйық дәрі (система) қабылдауға бола ма?
– Негізінде шариғат бойынша табиғи жолдар (ауыз, мұрын, тік ішек) арқылы ішке кірген нәрсе оразаны бұзады. Ал дене арқылы кірген нәрсе оразаны бұзбайды. Оған «Терідегі ұсақ тесіктер арқылы май секілді заттың ішке кіруі оразаны бұзбайды» деген пәтуа дәлел.
Имам Әбу Юсуф пен Имам Мухаммад (Алла оларды рақым етсін) бұл үкімді былай тұжырымдаған: Қарындағы және бастағы терең жараны емдеу оразаны бұзбайды. Өйткені олардың пікірі бойынша дәрінің ішке негізгі (табиғи) жолдармен баруы шарт. Сондай-ақ, жара арқылы ішке баратын жолдың тығыздылығынан және емделу барысында оның бітеліп қалуынан дәрінің ішке жетуі екіталай. Бірақ Имам Әбу Ханифа (Алла оны рақым етсін) қарындағы немесе бастағы терең жараны емдегенде дәрі ішке немесе бас миға жеткені үшін ораза бұзылады, деген және сұйық дәрінің ішке, бас миға жететінін ескерткен.
Қазіргі заман ғалымдары ине арқылы салынатын дәрілерді ас-су сияқты денеге азық, қуат болатын және емделу үшін (денеге қуат, азық болмайтын) етіп, екіге бөліп қарастырады. Тері астына және бұлшық етке емделу үшін (денеге қуат, азық болмайтын) ине салса, ауыз ашылмайды. Бірақ көк тамырға ине салу (қан құюдан басқа) мәселесінде ғалымдардың көзқарастары бірдей емес. Көп ғалымдар тамырға салынатын ине денеге қуат, азық болмаса, ораза бұзылмайды дейді.
Осыған орай, емделу және аурудың алдын алу мақсатында денеге (тері астына, бұлшық етке, жамбасқа, көк тамырға) ине шаншып, ішке ас-судың орнын баспайтын пенициллин, инсулин, екпе, дененің белсенділігін арттыратын, ауырсынуды басатын, денені мұздататын, дене қызуын кемітетін дәрілер мен дәрумендерді қолдану оразаны бұзбайды. Сондықтан ораза тұтатын адам алдымен дәрігерден ине арқылы жіберілетін қандай дәрі екенін сұрап білуі керек. Алайда, ораза кезінде сұйық дәрі қабылдау қатты қажет болмаса, оны ауыз ашқаннан кейін немесе Рамазан айынан тыс күндерге қалдырған абзал.
– Сәресі дұғасын қазақ тілінде айтуға болады ма?
– Ұлы Жаратушы барлық ұлттың тілімен қоса іштегі айтылмаған тілектерін де біледі. Сондықтан ауыз бекіту дұғасы мен ауызашар дұғаларын арабша айту шарт емес, әр ұлт өз тілінде айтса да болады.
Сұхбаттасқан Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ