Жаман әдеттен жиренейік
Алыстан иісі қолқаңды алатын насыбай сатушылардың саудасы бұл күнде қызып тұр. Себебі оны пайдаланушылардың саны артпаса азаймай отыр. Бұрын жасы егде тартқан кісілердің насыбай ататынын көруші едік. Ал қазір бұл қара қоңыр түсті затқа жас та жасамыс та тәуелді болып қалған. Көбіне темекіні тастауға сылтау іздеп, «насыбайға көштік» деп айтатындар уақыт өте бұл зиянды затқа тәуелді болып қалғандарын да мойындайды.
Насыбайдың зияны мен қаупі туралы қаншама айтылса да оған құлақ асатындар жоқ. Мұны сатып бизнес көзіне айналдырғандардың өзі оның зияны туралы білгенімен тұтынушысының күн сайын көбейгеніне мәз.
Негізінен, елімізде насыбай сатылымнан алынғанына біршама жыл болды. Дегенмен оны ашықтан-ашық сатып отырғандарды көзімізбен көріп жүрміз. Сонда елімізде насыбайға тыйым салынғанымен, сатушылардың заңға «пысқырып» та қарамайтындарына қайран қаласың. Яғни насыбайды сату, пайдалану, тіпті өзімен бірге алып жүрудің өзі заңға қайшы. Алайда ашық базарлар түгілі азық-түлік дүкендердің өзінен табылатын насыбайдың қолжетімділігі сонша, ол адамның жасына да қарамастан сатылып жатқаны өкінішті. Ең сорақысы, осы бір иісі жаман, түр-түсі жиіркенішті затты жастар да, тіпті қыз балаларда еш қымсынбастан сатып алатыны қоғамды алаңдататыны анық.
Насыбай неліктен зиян?
Бұл сауалға жауап беру үшін оның негізгі құрамы туралы бірер сөз қозғасақ. Ең алдымен, насыбайдың құрамында темекі ұнтағы болатындықтан ағза одан едәуір зардап шегеді. Мәселен, темекінің никотині өкпені зақымдаса, насыбай асқазан-ішек жолдарын, ауыз қуысына зиянын тигізеді. Сілекеймен қосылып, ішкі ағзаны түгелдей зақымдайтын насыбай адам өмірін қысқартып, түрлі айықпас дертке шалдықтырады. Ал сатушылардың темекіге деген тәуелділікке тосқауыл қоятын әсері бар деген шындыққа жанаспайтын сөзі осындайда еріксіз ойға оралады.
– Насыбайды сатумен айналысқаныма ұзақ жыл болды. Оны тұтынушылардың саны да артып келеді. Сұраныс болған соң бағасы да өсті. Насыбайды бұрын көтерме бағамен сатып алатынбыз. Енді оны өзіміз де жасай береміз. Оның құрамында шын мәнінде әк болатынын жасырмаймыз. Сонымен қатар жануардың да қиы болатыны рас. Бірақ осы ащы, иісі мұрныңды жаратын затты өзіміз тұтынбаймыз. Оның иісі күн ұзаққа үстіміздегі киімімізге, тіпті денемізге де сіңіп кетеді. Қанша жуып-шайынсаң да сіңіп кеткен иісі қалып қояды. Адам денсаулығына өте зиян затты сатуға заңмен тыйым салынғанын бұрын-соңды естімеппін. Бірақ сұраныс болған жерде оны сатудың да жолы табылады. Қанша жылдан бері бизнестің көзіне айналғандықтан осыдан түскен ақшамен отбасымызды асырап отырмыз, – дейді Мұрат есімді насыбай сатушы.
Шын мәнінде, нарколог мамандар түрлі ішек инфекциясына шалдығу осындай зиянды қоспалардың кесірі екендігін айтады. Ішкі ағазаға күл, қи, табак арқылы құрттар жұғып, вирусты гепатитке ұласуы да мүмкін екен. Ал сөндірілген әк ауыз қуысы арқылы асқазанға барып, жарақаттап, ұзақ тұтынудың салдары ойық жаралардың пайда болуына әкеліп соқтырады.
Темекі немесе насыбай қолданатындардың тісі қара никотиннен көрінбей тұтасып қалатынын көріп жүрген боларсыз. Осы никотиннің өзі ауыз және ішектің қатерлі ісігіне шалдығудың қаупін жылдамдатады. Сондықтан адам денсаулығына тек қана зиянын тигізетін насыбайдан бас тарту өзіңізді жаман аурудан сақтаудың жолы деп біліңіз.
Ыңғайсыздық тудырады
Үнемі насыбай немесе темекі тұтынатын адамдардан байқасаңыз сасық иіс шығып тұрады. Ондай иіс айналасына жағымсыз әсер қалдырады. Мәселен шылым шегушілер темекі тарту арқылы жүйкені тыныштандырамыз десе, насыбайдың да осыған ұқсас әсерін алға тартатындар бар. Дегенмен уақытша, қысқа уақытқа ғана созылатын «жүйке тыныштандырғыштар» оның соңы оған тәуелділікке әкеп соқтыратынын, ақырында одан құтыла алмай жатқанын да жасырмайды. Насыбайды ерінің астына салып, оның сілекей арқылы ағазаға кеткендегі әсерін пайдаланатындар дереу сезетінін де айтады. Алдымен ауыз қуысының шырышты қабаты күйдірілген сезім пайда болса, кейін баста, бүкіл денеде ауырлық сонан соң босаңсу секілді өзін «алдамшы рақатқа» бөлейді. Ал сілекейді түкіріп тастағанымен еріксіз жұтынғандықтан насыбайдың құрамындағы улы заттар ағзаға түсіп, ағза зақымданады. Мұны мезгілінде адам сезінбесе де, уақыт өте иіс пен дәм сезу қабілетінінен айырылып, одан шығатын сасық иіске де бойы үйреніп қалады. Айналасын ластап түкіріп, әбден сөлі таусылған насыбайды түкіріп тастаймын дегенше айналасына ыңғайсыздық тудырып, қоршаған ортаға да залал тигізіп, ластайтыны анық.
Ағзаны улап, бедеулікке әкеледі
Насыбайды тұтынушылар ағзасын улап жатқанын білсе, саналы түрде онымен қоштасуға әрекет жасайды деген үміттеміз. Мамандар оның ағзаға кері әсерін де ашып айтады. Сілекей арқылы қан тамырларына тарайтын насыбайдың құрамындағы зиянды заттар адамның бүкіл ағзасын улайтын қасиетке ие. Яғни зат алмасу процесін тежеп, оның дұрыс жұмыс жасауына кері әсер етеді. Әсіресе, құрамындағы никотин қан тамырларын тарылтып, миға, жүрекке, өмірлік маңызы бар ағзаға қан келуін баяулатады. Тіпті қан тамырларын жұқартып, соңы инсультке шалдығу қауіпін күшейтеді. Ал жоғарыда айтылғандай, құрамында жануарлардың қиы болғандықтан оның әсерінен асқазанның шырышты қабаты оңай зақымдалады.
Жалпы айтқанда, насыбайды ұзақ тұтыну ең қорқыныштысы тіл, ерін, ауыз қуысы қатерлі ісігіне, психикалық ауытқуға, тіпті ерлердің бедеулігіне әкеледі. Психикасы бұзылудың салдары адамның есте сақтау қабілеті нашарлап, делсал күйге жеткізеді. Сонымен қатар насыбайдың құрамындағы зиянды элементтер бауыр мен бүйректің қызметін бұзады.
– Ес білгеннен әкемнің насыбай атқанын көрдім. Оның жора-жолдастары да айнала отырып, ауыздарына салып, сорғыштап отыратын. Иісі жаман сондай, қолдарына түкіргіштерін алып әлсін-әлсін түкіретін. Сонда «бұл соншама не зат» деген ойда қалатынмын. Кейін қатарларымыздың арасында жігіттердің де осыған әуесітігін байқадым. Мектепте жүргенде үзілісте насыбай атып келетіндер болды. Зиянды әдетке бой алдырмау үшін адам өзіне-өзі сенімді болуы керек. Жәй ермек еткен затқа тәуелді болып қалған жолдастарым әлі күнге тастай алмай келеді. Келешек ұрпағына зияны тиетін насыбайдан бас тарту оңай емес, – дейді Бақыт есімді жігіт.
Жирен, жаман әдеттен!
Бірде жедел жәрдеммен кішкентай бала ауруханаға жеткізілді. Балақайының өлім мен өмір арасында жатқан күйін көрген әкесі бұған кінәлі өзі екенін түсініп, дәрігерлерден баласын аман алып қалуын өтініп, жалбарынды. Дәрігерлерге белгілі болғандай екі жасар Аңсаған үнемі әкесі тұщына ататын насыбайды аузына салып жіберіпті. Әп-сәтте ес-түссіз қалған баланы жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілгенмен жас ағза түгелдей уланған. Ауыз қуысынан өтіп, ішек жолдарын, асқазанды зақымдаған улы зат миының жұмысын да тежеген. Ақ халаттылар алғашқы көмек жасағанымен жас баланың ағзасын толықтай қалпына келтіруге ұзақ уақыт кететін айтты. Сондай-ақ алдағы уақытта балаға ота жасалатынын айтып, ескертті. Осы оқиға көпке дейін ауыл тұрғындарына сабақ болғанымен, уақыт өте ұмытылып та кетті. Бірақ Аңсағанның әкесі сол күннен бастап насыбайды тастап, өзінің жаман әдетінен жиіркенді.
P.S. Өзіне түгілі, ұрпағының өміріне қауіп әкелуі мүмкін жаман әдеттен бас тарту әркімнің өз қолында. Өмірге бір-ақ рет келу мүмкіндігі берілгендіктен оны мәнді де, мағыналы, өнегелі етіп сүруге міндетті екенімізді ұмытпайық. Насыбай атпай, насыбайдың настығына наныңыз және оны қолданбаңыз дегіміз келеді.
Бибісара ЖАНӘЛІ